Пандемия технологиялардың дамуы төмен екенін көрсетті – Google вице-президенті

Күні кеше ғана "жасыл" аймаққа кірген оңтүстік астанада "Digital Almaty 2021" форумы өтіп жатыр. 

Пандемия технологиялардың дамуы төмен екенін көрсетті – Google вице-президенті

Оффлайн және онлайн режиміндегі шараға ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары, Еуразиялық комиссия және ТМД атқару комитетінің жетекшілері, цифрландыру саласының сарапшылары мен мамандары қатысуда. 

Қазақстанда жасанды интеллект бойынша ұлттық кластер құрылады. Бес жыл ішінде осы бағытқа 1 млрд доллардан астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Форум қатысушыларына бейнеүндеу жолдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді. 

"Осы мақсатта Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Назарбаев Университетінің базасында жасанды интеллектінің ұлттық кластері құрылады. Ауқымды ақпаратты тиімді өңдеу үшін деректер орталықтары жасақталады. Алдағы бес жылда біз осы бағытқа шамамен 500 млрд теңге немесе 1 млрд доллардан аса инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Әрине, біз Одақтағы және аймақтағы серіктестерімізді жан-жақты ынтымақтастыққа шақырамыз", – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан кейін Қазақстан атынан Үкімет басшысы Асқар Мамин баяндама жасады. Премьер-Министрдің айтуынша қазақстандықтардың 99%-ы интернетпен қамтамасыз етілген. 

"Пандемия жағдайында Қазақстан экономикасы тұрақтылықтың жоғары деңгейін көрсеткенін атап өткім келеді. Бұл көбіне сандық шешімдердің мемлекеттік және жеке сектор салаларына енуіне байланысты. Шектеулерге қарамастан, біз цифрлық инфрақұрылымның қолжетімділігі мен сапасын жақсарту бойынша барынша жұмыс істедік. 2020 жылы мемлекеттік-жеке әріптестік жобасы аясында 20 мың шақырымдық талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды аяқтадық. Мыңнан астам ұялы байланыс базалық станциялары орнатылды. Бұл аймақтардағы технологиялық теңсіздік деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде, бүгінде Қазақстан халқын интернетпен қамту 99%-ды құрайды",  деді Асқар Мамин. 

Былтыр әлем жұртшылығы цифрлық экономиканың бұрын-соңды болмаған өсуіне куә болды. Дүниежүзілік қаржы институттарының мәліметтері бойынша 2020 жылы IT-технологияға жұмсалған қаржы көлемі 3,9 трлн доллардан асты. Алайда пандемия қазіргі технологиялардың даму деңгейі жеткіліксіз екенін көрсетті. Мұны форумға бейнебайланыс арқылы қатысқан Google-дің вице-президенті Винт Серф  атап өтті. 
"Болашақта мұндайға жол бермеуіміз керек", – деді ол. 

Демек алдағы уақытта цифрлық дамуға басқаша, жаңа серпін беріледі. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев та баса айтып, ІТ білім беруге ЕАЭО елдерін бірлесе күш салуға шақырды. Егер бұл бағытта бірлескен жұмыстар жүзеге асып, технологиялық үдерістер болса экономикалық өсім де болады. Мұны жиын барысында Дүниежүзілік экономикалық форумның президенті Берге Бренде атап өтті. 

"ЕАЭО елдерінде экономика 3%-ға өсуі мүмкін. Бұл үшін бизнес пен үкімет бірге жұмыс істесе осындай көрсеткіш болуы мүмкін. Алайда мұны дамыған технологиялық процесстердің көмегінсіз жүзеге асыру мүмкін емес. Цифрлық байланыс байлықтың белгісі емес, ол міндетті шарт. Интернетсіз экономикада да өсім болмайды. Мен өтіп жақан форумға байланысты бұған оптимистік көзқараспен қараймын. Егер біз жиі жиналсақ, онда бізді жарқын болашақ күтіп тұр", – деді Берге Бренде. 

Жиын барысында Өзбекстан, Қырғызстан, Армения, Ресей үкіметінің басшылары мен қазақстандық Kaspi.kz, Еуразиялық топ басшылары өздерінің цифрландыруға қосқан үлестері туралы айтып, алдағы жсопарларымен бөлісті.  

Құралай Құдайберген


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу