Пандемияда ең көп зардап шеккен сала

7231

Компьютерлік клубтар неге биліктің қырына ілікті? 

Пандемияда ең көп зардап шеккен сала

Қазақстанда коронавируспен ауырғандар саны 200 мыңдық межеге таяп келеді. Онымен тоқтамасы да белгілі.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, елімізде қарашадан бері COVID-19 індетіне шалдыққандар қатары артқан: қарашамен салыстырғанда былтырғы желтоқсанда 1,2 есе көбейді. Өсу үрдісі қаңтарда одан әрі жалғасты: желтоқсанмен салыстырғанда ауру саны бірден 1,4 есе көбейді. Шығыс Қазақстан облысын қоспағанда, барлық өңірде науқас саны өсуде.

Өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, күшейтілген карантиндік шаралар қабылданып жатыр.

"Қажет болған жағдайда елімізде қосымша 31 мыңға жуық төсек орны жасақталады. Былтыр жаңадан салу жоспарланған 16 модульдік инфекциялық аурухананың жалпы саны 3000 төсектен тұратын 15-і іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Қалған 200 төсекке арналған 1 стационар ақпан айының соңына дейін Атырау облысының Құлсары қаласында ашылады", – дейді вице-министр.

Осыған қарамастан, билік бизнес нысандарына қатысты карантин шараларын жұмсартуда. Мысалы, клиенттер мен персоналдың санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін бизнес нысандарын жазалау тоқтатылғалы гипермаркеттерде, өзге сауда орындарында, кеңселерде, автобустарда адамдар бетперде тақпай жүре беретін болды. Көптеген қалада қолы босаған халық қаптап жүретін сенбі күндері де сауда, ойын-сауық орталықтарына жұмыс істеуге рұқсат етілді. Тіпті коронавирус қана емес, басқа инфекциялардың таралу ошағы ретінде танылған монша-сауналарға да ашылуға мүмкіндік жасалды.

Тек бір бизнес нысандарының есігі сол бойы жабулы күйде тұр.

Билік үшін ең "сенімсіз сала"

Компьютерлік және интернет клубтардың бәрі шағын және микробизнес түріне жатады. Олардың басым көпшілігі үй ішінде не жертөле-подвалда орналасқан. Құрқылтайдың ұясындай ғана тар жерде көбіне балалар мен жастар иық тіресе, тізе қағыстыра отырып, компьютерге сағаттар бойы шұқшиятын. Бұлардың негізгі клиенті – ойынқұмарлар екені мәлім.

Сондықтан пандемия басталғанда, алғашқылар қатарында дәл осы клубтар жабылды. Себебі мамандар компьютерлік ойын ойнау үстінде эмоция танытып, аузы жабылмай айғайлайтын ойынқұмарлар бетперде кию тәртібін сақтамайды деп есептеді. Оның үстіне тар компклубтарда әлеуметтік алшақтықты қамтамасыз ету күрделі. Салдарынан, дәл осы клубтар – әлі күнге ашылмаған бизнес нысаны саналады.

Өткен жылы елде карантин шектеулері жұмсартылып, көптеген бизнес түрі есігін клиенттеріне айқара ашып жатқанда, осы секторда нәпақасын айырып жүргендерде үміт пайда болған. Алайда ол үміті ақталмады.

Тимур Астамиров – Талдықорғандағы "ZION" компьютерлік клубының қожайыны. Ол осы ай біткенде өздерінің көңілсіз датаны "атап өтетінін" айтады: олардың жұмысына тыйым салынғанына тура 1 жыл толмақ! Бұл әлдебір қылмыс үшін тағайындалған жазаға көбірек ұқсайды.

"Бір жыл бойы бізге билік ешқандай жеңілдік бермей келеді. Қазіргі кезде компьютерлік клубтардың қызметіне ары қарай толық тыйым салынды. Мұның мәнісі біз үшін жұмбақ. Осы бір жыл ішінде бізден басқа барлық салаға өз қызметіне толық немесе ішінара болса да, қайта кірісуге рұқсат етілді. Аққұла біздің клубтарға қырын қарап отыр: тіпті орындардың тек 50%-ын толтырып болса да жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Біздің бизнесті неге бұлайша кемсітіп жатқанын түсіне алмадық. Компьютерлік клубтар инфекция тарату ошағына айналыпты дегенді бұрын естіген емеспіз. Пандемия жағдайында да одан үлкен қауіп төнеді дегенге сену қиын", – дейді Т.Астамиров.

Ол ауданы 500 шаршы метрлік және 500 орындық кинотеатрлардың ашылғанын алға тартты. Ал 80 шаршы метрлік және 20 орындық компклубтарға ондай мүмкіндік берілмеді.

"Сондықтан Үкіметтен ең құрығанда 50% қуаттылықпен жұмыс істеуге мүмкіндік беруді сұраймыз. Санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды толық сақтауға дауынбыз! Персоналдың денсаулығын есепке алуды ұйымдастыра аламыз. Клиенттеріміз де бір-бірінен алшақ отырады. Елде жаппай вакцинация қолға алынуда. Демек, пандемия құлдырай бастайтын болар. Әрине, компьютерлік клубтар – экономиканың локомотиві емес. Дегенмен, бұл саланың мүлдем жойылуына да жол беруге болмайды. Бүкіл өңірде осы арқылы азды-кем табыс тауып отырған отбасылар көп", – дейді Тимур Астамиров.

Жанданба, әлі ерте

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті (СЭС) COVID-19 індетінің таралу қаупін бағалай отырып, объектілердің түрлеріне қарай олардың қызметін қайта жандандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

"Алайда компьютерлік ойын клубтары коронавиріс тарату тәуекелі жоғары нысандарға жатады: олардың жұмысы жабық кеңістікте әрі шағын алаңдарда жүзеге асырылады. Бүгінде COVID-19 жұқтырудың өсуіне және тұмаумен, ЖРВИ-мен ауырушылар санының артуына байланысты біздің комитет компьютерлік клубтардың қызметін қайта жандандыруды ерте деп санайды. Қосымша хабарлаймыз: шектеу шараларын қабылдау – төтенше қажет шара саналады. Ол халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған. Сол себепті комитет COVID-19 бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақтанғанша қолданыстағы шектеу іс-шараларын ұстануға табанды түрде кеңес береді", – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.

Елордалық кәсіпкер Ерлан Әзірбек те бір жыл бойы бизнесінен қағылды.

"Негізгі табыс компьютерлік ойын ойнайтындардан түсетін еді. Оның үстіне айналадағы көпқабатты үйлердің тұрғындары басып шығару, ксерокөшірме жасату, электронды пошта жолдау, Word-да тергізу секілді қызметтерімізді пайдаланатын. Қазір олар қоңырау шалып, қашан ашылатынымды сұрайды. Ашылуға рұқсат бермейді. Амалсыз, компьютерлерімді тұрақты клиенттеріме таратып бердім, үйлерінде ойнайды, қашықтан оқу мақсатында қолданады, сол үшін аренда ақысын жинаймын. Бірақ одан түсетін табыс аз. Сондай-ақ салық төлеуім, жарна-аударымдар аударуым керек. Бұған қоса, Meloman-нан, басқасынан компьютерлік ойындарды сатып алып, компьютерлерге орнатқанмын. Ол үшін ойындардың құқық иелеріне ақы төлеуім қажет", – дейді кәсіпкер.

Бірақ қазіргі қауырт заман билік үшін мұң тыңдайтын шақ болмай тұр.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу