Пандемиядан кейін денсаулығы мен өмірін сақтандыратындар көбейді

2355

Алдағы 5 жылда елдің ішкі жалпы өніміндегі сақтандыру секторының үлесін екі есе өсіруге мүмкіндік бар. 

Пандемиядан кейін денсаулығы мен өмірін сақтандыратындар көбейді

Әлем елдері бизнесті, халықты және экономиканы қаржылық шығындардан қорғау құралы ретінде сақтандыруды дамытуға айырықша көңіл бөледі. Дамыған елдерде оның ішкі жалпы өнім құрылымындағы үлесі 5 пайыздан асады. Мысалы, Оңтүстік Кореяда бұл көрсеткіш 12 пайызға, Германияда 7 пайызға тең. Қазақстанда 2021 жылдың қорытындысы бойынша сақтандыру секторының үлесі небәрі 3 пайызды құрады. 2020 жылы 3,4 пайызға тең болған еді. Пандемияға дейін бұл көрсеткіш 2 пайыздан да аз болған. Демек отандық сақтандыру компаниялары көрсетілетін қызметтердің тізімін кеңейтуге тырыспайды. Жаңа өнімдерді жасау белгілі бір факторлар әсерінен жүзеге асады. Мысалы, COVID-19 індеті себебінен қазақстандықтар белсенді түрде өз денсаулығы мен өмірін сақтандыруға ден қоя бастады.

Ірі сақтандыру компаниялары банк конгломераттарына тиесілі. Сондықтан соңғы 15 жылдың ішінде сақтандыру нарығында, сондай-ақ банк нарығында ойыншылар санының қысқару үрдісі байқалды.

FinReview.info дерегінше, 2007 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша сақтандыру саласында 40 компания жұмыс істеген. 2022 жылдың наурыз айының басында олардың саны 27 ұйымды құрады. Оның 9-ы – өмірді сақтандыру компаниясы.

Сақтандыру компаниялары санының қысқаруы нарықтың күшеюіне әкелді.

Атап айтқанда, саланың активтері үздіксіз өсе бастады және 2018 жылы алғаш рет 1 триллион теңгеден асып түсті. Ал 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша олардың көлемі 1,9 трлн теңгеге жетті. Бірақ сақтандыру компаниялары өздеріне тиесілі банктердің құралдарына инвестиция құюда. Қазірдің өзінде екінші деңгейлі банктерде орналастырылған салымдар 152,7 млрд теңгеден асты. Бұл сақтандыру ұйымдарының жиынтық активтерінің 8,3 пайызын құрайды. Соған қарамастан, активтердің басым бөлігі қорлардың 62,7 пайызын құрайтын бағалы қағаздарда сақталған. Сондай-ақ қаржылық көрсеткіштердің жақсаруы капиталды ұлғайтуға байланысты айқындалады. Кейінгі бес жылда капитал көлемі екі есе өсіп, 759,7 млрд теңгені құрады.

Сақтандыру компаниялары 2022 жылғы екі айда клиенттермен 1,5 миллион келісімшарт жасасты. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,3 пайызға көп. Бұл өсімге негізінен халықтың өз денсаулығы мен өміріне қорқынышпен қарайтындығы себеп. Өйткені статистика көрсеткендей, жазатайым жағдайлардан сақтандыру бойынша жасалған шарттар саны 71,2 пайызға, ал аурудан сақтандыру бойынша келісімшарттар бірден 2,3 есе өскен. Нәтижесінде, сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 1,3 пайызға немесе 1,8 млрд теңгеге өсті. Бұл ақшалай мәнінде 138,6 млрд теңгеге тең.

Міндетті сақтандыру бойынша жыл басынан бері 19,9 млрд теңге алынды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 млрд теңгеге немесе 9,6 пайызға артық. Өсім негізінен қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыру есебінен қалыптасты. Яғни 1 млрд теңгеге немесе 17,6 пайызға өсім көрсетті.

Ерікті жеке сақтандыру бойынша түсім 2022 жылғы екі айда 46,3 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,9 млрд теңгеге аз. Мұндай құлдырауға, ең алдымен, зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларын жинаудың 79 пайызға немесе 15,5 млрд теңгеге төмендеуі себеп болды.

Ерікті мүліктік сақтандыру бойынша осы жылдың басынан сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сыйлықақылар 72,3 млрд теңгеге тең. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 млрд теңгеге артық. Бұл үрдіс мүліктік зиянды өтеуге сақтандыру бойынша жиналған сыйлықақылардың 6,6 пайызға немесе 3 млрд теңгеге және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру бойынша 2 есе ұлғаюымен байланысты.

Сыйлықақылар бойынша кірістердің өсуімен бірге сақтандыру төлемдері де айтарлықтай артты. 2022 жылғы екі айда сақтандыру төлемдерінің көлемі ақшалай мәнінде 21,5 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,6 пайызға артық. Енді төлемдер тек лаңкестік әрекеттер салдарынан болған залалды сақтандыруды көздейтін шарттар бойынша ғана жүзеге асырылады.

Төлемдердің көбеюі және табыстылықтың бәсеңдеуі компаниялардың қаржылық тұрақтылығын сақтауға қауіп төндіретіні анық. Алайда сақтандыру секторы – өтімді активтердің әлі де өз міндеттемелерінен асып түсетін экономиканың санаулы секторларының бірі. Сонымен қатар өтімділігі жоғары активтер бір жылда 21,8 пайызға өсіп, 1,6 трлн теңгеге жетті. Сәйкесінше, төлем қабілеттілігінің нақты маржасы да 514,4 млн теңгеден 517,7 млн ​​теңгеге артты.

Елдің сақтандыру нарығы үшін негізгі нәтиже белсенділіктің дағдарыстан бұрынғы деңгейге дейін толық қалпына келуі болды. Бұл жалпы алғанда Қазақстан экономикасының жағдайын бағалау үшін, әсіресе, сала үшін маңызды. Өйткені соңғы 17 жыл ішінде еліміз халықаралық қайта сақтандыру нарығының көрнекті қатысушысына айналды. Қазір Қазақстан валюталық түсім түсіретін қаржылық қызметтердің толыққанды экспорттаушысы болып саналады. Егер коронавирус пайда болғанға дейінгі, яғни 2019 жылға дейінгі кезеңде еліміз бейрезиденттерден түсетін қайта сақтандырудан шамамен 30 миллиард теңге сақтандыру сыйлықақысын алса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 50 пайызға өсті. Сондықтан тұрақты және бәсекеге қабілетті сақтандыру саласын құру қажеттілігі артып келеді. Дегенмен секторда сақтандырудың дамуына кедергі келтіретін шектеулер бар.

Біріншіден, бұл сақтандыру өнімдерінің тізімінің мардымсыз болуы. Сақтандыру компаниялары, мысалы, азаматтардың өмірі мен денсаулығын ерікті сақтандыру, халықтың мүлкін сақтандыру және кәсіпкерлікті әртүрлі тәуекелдерден сақтандыру бойынша өнімдерді қосып, қызмет көрсету аясын кеңейтуге тиіс.

Екіншіден, сақтандыру компанияларының капиталдануы олардың сақтандыру тәуекелдерін толығымен өз мойнына алуы үшін, жұмысын автоматтандыру және өнімдерін дамыту үшін жеткіліксіз.

Үшіншіден, өмірді жинақтаушы сақтандыруды дамыту үшін экономикалық ынталандырулар мен мүмкіндіктер жоқ.

Төртіншіден, сақтандыру нарығын одан әрі дамытудың стратегиясының болмауы. Қаржы реттеушісі қаржы нарығын дамыту тұжырымдамасын әзірлеумен айналысуды бастап қойды. Осы құжат аясында сақтандыру секторын дамытудың басым бағыттары ұсынылатын болады.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу