Пандемиямен күрес жаңа 2022 жылға ұзай ма?

2934

Вакцинацияланатын контингент кеңейтіледі, оған 12 жастан асқан жасөспірімдер, жүкті әйелдер және лактация кезеңіндегі әйелдер қосылады деп күтілуде, деп жазады Inbusiness.kz.

Пандемиямен күрес жаңа 2022 жылға ұзай ма?

Сонымен, Цой командасы "2021–2022 жылдарға арналған COVID-19 коронавирустық инфекция пандемиясына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарын" жария етті. Оны алда Үкімет бекітуі керек.

Бұл құжат не үшін қажет?

Қазіргі кезде індетке қатысты ахуал жақсарып келе жатқан сияқты. Қазақстанда КВИ-ге қарсы вакцинаның I компонентін еккізген азаматтар саны 8 миллионға жуықтап қалды. Ал ІІ компонентімен егіліп үлгергендер қатары 6,5 мл-нан асты.

Бір тәулік ішінде коронавирус жұқтырғандар саны 2 мың межесінен төмен түсе бастады.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, соңғы екі аптада елімізде коронавируспен ауырғандар деңгейі 1,6 есеге төмендеді, "барлық жерде инфекциялық және реанимациялық төсектердің босауы жалғасып жатыр". Қазақстан сары аймақта. Балалар мектепте, жастар ЖОО мен колледжде дәстүрлі форматта оқуда. Елде тіпті той-банкеттер өткізуге ресми рұқсат етілді.

Тұтастай алғанда Денсаулық сақтау министрі А.Цой "коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайдың Қазақстанда тұрақтанғанын" мәлімдеді. Ендеше мұндай құжат тосыннан неге керек бола қалды?

Премьер-Министр Асқар Маминге жолдаған түсіндірме жазбасында Алексей Цой КВИ-дің енді ешқайда жоғалмайтынын, сондықтан онымен ұдайы күрес қажет болатынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл күрес енді экономикаға, бизнеске нұқсан келтірмеуі шарт.

"Жобаны қабылдаудағы мақсат – ел экономикасына айтарлықтай зиян тигізбей, 2021–2022 жылдары мемлекеттің халық арасында COVID-19 вирусының тұрақты айналымы жағдайында жұмыс істеуге көшуі үшін қажетті шараларды айқындау болып табылады", – деді Цой мырза.

Ол коронавирустың жаңа штамдары пайда болып жатқанына назар аудартты. Сондықтан оның байламынша, алдағы жылы да мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктерінде бақылауды жалғастыру керек.

COVID-19 вирусының тұрақты айналымы жағдайындағы өмірге көшу стратегиясы мынадай негізгі бағыттарды қамтымақ:

1. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттеріндегі бақылау;

2. Ақпараттық жүйелерді дамыту арқылы эпидемияға қарсы іс-шаралар;

3. Вакцинациямен қамтуды кеңейту;

4. Халыққа медициналық көмек көрсету және оңалту;

5. Коммуникациялық стратегия;

6. КВИ пандемиясына қатысты ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту.

Министрдің сендіруінше, бұл құжатқа әзір қаражат қажет емес. Керек қаржы бөлініп қойылды.

"Жобаны қабылдау қосымша шығыстар мен іс-шараларды талап етпейді. Ол республикалық және жергілікті бюджеттерден, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан" бөлінген қаражаттың шегінде жүзеге асырылады", – деді ДСМ басшысы.

Жаңа күрес Стратегиясында не көзделген?

Құжатта бір қызықты байлам айтылады, ол адамзаттың тұмауға ұжымдық иммунитеті қалыптаспағаны жайлы.

"Әлемдегі және Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайдың дамуы COVID-19 вирусының енді жойылмайтынын, адам популяциясымен бірге жасайтынын көрсетіп отыр. Демек, ЖРВИ және тұмау ауруларының маусымдық ушығуы сияқты, мемлекеттің халық арасында коронавирустың тұрақты айналымы жағдайында жұмыс істеуге көшуін қамтамасыз ету қажет. Соңғы 100 жыл ішінде әлемде тұмаудың төрт пандемиясы тіркелді: 1918, 1957, 1968 және 2009 жылдары. Бұл вирустарға ұжымдық иммунитет сол бойы қалыптаспады. Бірақ адамдар тұмаудың ауыр түрімен анағұрлым сирек ауырады, ал оның өршуі пандемия ауқымына дейін жетпейді", – делінген жобада.

Соған қарамастан, COVID-19 індетіне қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыру идеясынан Үкімет бас тартпайды: жобада ол үшін халықтың 70%-дан астамы вакцинациялануға тиістігі жазылған.

Стратегияда өңір әкімдерінің дербес жауапкершілігі бекітілгені айтылған. Яғни, олар біріншіден, жедел көмек қызметін және коронавируспен ауыратын пациенттерге арналған реанимация бөлімшелерін КВИ диагностикасы мен емдеу хаттамаларына сәйкес толық жарақтандыруға, екіншіден, Ұлттық егу күнтізбесі шеңберінде вакцинация жүргізу мерзімдерін қатаң сақтауға басымен жауапты болады.

Қазақстан вакцина салғызған және ккоронавируспен ауырған азаматтар туралы Еуразиялық одақ елдерімен ақпарат алмасуды жолға қоймақ. Бұл Қазақстанның және ЕАЭО елдерінің азаматтарына ортақ шекараларды ПТР-тест тапсырмай-ақ кесіп өтуге жол ашады. Сондай-ақ алыс және жақын шет елдермен вакцинациялау паспорттарын өзара тану жұмыстары жүргізіледі.

"КВИ жұқтырғандардың елге еніп кетуінен қорғанудың пәрменді жүйесін құру мақсатында ЕАЭО елдерімен арадағы ішкі шекаралық өткізу пунктерін халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру, оларды тепловизорлармен жабдықтау, жоғары жылдамдықты интернет-байланыспен қамту, сондай-ақ шекарада экспресс тестілеу, адамдарды қарап-тексеру және оқшаулау, медициналық мекемеге тасымалдау секілді санитарлық-карантиндік бақылауды жүзеге асыруға арналған үй-жайлар салу талап етіледі", – делінген стратегия жобасында.

Әр адам ауруын өзі анықтайды

Халық арасында, әсіресе балабақшалар, мектептер, ЖОО-лар, мекемелер секілді ұйымдасқан ұжымдарда COVID-19 жұқтыру қаупін азайту мақсатында келесі жылы да эпидемияға қарсы талаптар сақталады деп күтілуде. Атап айтқанда, міндетті түрде маска тағу, әлеуметтік қашықтықты, қол гигиенасын сақтау, рециркуляторларды, бактерицидті шамдарды қолдану және басқасы. Ал егер балада, студентте ЖРВИ белгілері анықталса, онымен бірге білім алушыларға, оқытушыларға, өзге персоналға экспресс-тест жасалады.

Ал "коронавирус жұқтырдым ба" деп сезіктенген азаматтар дәріханадан тиісті тест жүйесін алып, өзіне-өзі диагноз қоя алмақ.

"Халықтың тестілеуге қолжетімділігін кеңейту мақсатында азаматтардың өз үйінде, өз бетінше қолдануы үшін дәріханаларда антигендік диагностикалық экспресс-тестілердің (АГ ДЭТ) сатылуын қамтамасыз ету қажет. Бұл медициналық ұйымдарға басыартық баруды болдырмауға және дені сау халықтың науқас пациенттермен байланысын азайтуға, сондай-ақ зертханаларға жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді", – деп жоспарланған Стратегияда.

COVID-19-ды диагностикалау үшін дәріханалар арқылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған АГ ДЭТ экспресс-тестілері сатылатын болады, олар нәтижені 15-30 минуттан кейін көрсете алады.

Халық көп жиналатын жерлерде ауру жұқтыруды азайту мақсатында Үкімет меншік түріне қарамастан, елдегі барлық объектіде "Ashyq" қосымшасының қолданылуына қол жеткізбек. Ендеше егілмеген азаматтар көп жерге аяқ баса алмай қалуы мүмкін.  

Әрбір өңірдегі жағдайды жеке көрсететін, жиі жаңарып тұратын "Халықты вакцинациялаудың интерактивті картасы" енгізіледі.

Келесі жылы еліміздегі вакцина өндірісі өрістетіледі, сонымен бірге шетелден вакцина сатып алу да жалғасады деп белгіленген.

"Ревакцинация және бустерлік вакцинация науқаны жоспарлануда. Вакцинациялауға жататын халықтың контингенті кеңейтілетін болады: оған 12 жастан асқан жасөспірімдер, жүкті әйелдер және лактация кезеңінде әйелдер қосылады. Тәуекелі жоғары топтағы адамдарға: ұйымдасқан ұжымдардың, қызмет көрсету саласының қызметкерлеріне, диспансерлік есепте тұрған адамдарға, 60 жастан асқан, иммунитеті әлсіреген пациенттерге және басқаларға ревакцинация жүргізіледі", – делінген құжатта.

Ал өңірлердегі денсаулық сақтау басқармалары вакцинациялауға қарсы көрсетілімдер (медотвод) тізбесін қайта қарап бекітеді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу