"Коронакризис" атауымен тарихта қалған дағдарыс отандық бизнесті тұралатып кете жаздады. Мемлекеттік бас санитар бизнес орындарын бір жылдай уақытқа аяусыз карантинге жапты, мониторинг топтары Аshyq жүйесіне кірмегендерді тоқтаусыз тексеріп, есін шығарды.
Үкімет экономиканы көтеріп тұрған кәсіпкерлердің жанайқайына құлақ асып, оларға дем берудің жолдарын қарастырды. Мемлекет бизнеске жүктемені төмендетуге, сұраныс нарықтарына қол жеткізуге, жаңа реттеушілік саясатты енгізуге бағытталған бірқатар шараларды қабылдады. 2020 жылы арнаулы салық режимдерін қолданатын шағын және микрокәсіпкерлік субъектілері табыс салығынан босатылды. Осының арқасында шамамен 1,2 миллион микро және шағын бизнес субъектілері жалпы сомасы 382 миллиард теңгесін үнемдеген. Бұл қаржысын олар бизнеске, айналым қаражатын толықтыруға жұмсап, пандемия кезінде банкроттықтан аман қалуға мүмкіндік алды.
Бірақ мұның бәрі уақытша шара еді. Әсіресе, отандық шағын бизнестің өсіміне серпін беру үшін ұзақ мерзімді тетіктер қажет. Нәтижесінде Үкіметтің экономистері "бөлшек салық" (розничный налог) дегенді ойлап тапты. Оның бірнеше жеңілдігі бар.
"2021 жылғы 1 қаңтардан бастап, пандемия салдарларынан зардап шеккен салаларда түскен табыстың 3% ставкасын ғана құрайтын бөлшек салықтың жаңа арнайы режимі енгізілді. Бұл біріншіден, бизнеске түсетін жүктемені азайтады. Екіншіден, олар үшін салықтарды есептеу мен төлеу тәртібін жеңілдетеді, яғни шығыстардың күрделі есебін жүргізу талап етілмейді. Үшіншіден, олар қосылған құн салығын төлемейді", – деп жариялады сол кездегі Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов.
Ақыры 2023 жылғы 5 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 3 жыл 1 ай және 24 күнге созылған коронавирус пандемиясының аяқталғанын жариялады. Өз кезегінде Қазақстан 2020 жылғы 11 наурызда енгізілген карантиндік және басқа да шектеу шараларынан былтыр бас тартты. Содан бері қазақстандық бизнес еңсе тіктеп, табысын пандемияға дейінгі жылдардағыдан да асырды.
Бұл ретте ел Үкіметі бөлшек салықты жоймай, ары қарай жалғастыруға ұйғарды. Бірақ оның ставкасы жоғарылатылды.
Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлағандай, бөлшек салыққа 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап көшу науқаны 2023 жылғы 9 маусымға дейін ұзартылды. Яғни, кәсіпкерлерге бұл салыққа ретроспективті түрде өтуге мүмкіндік берді. Осы аралықта көшіп алғандар төлеп қойған салығын шегере алады.
Әрине, кәсіпкерлер бөлшек салыққа 9 маусымнан кейін де ауыса алады. Бірақ жыл басынан төлеген салықтары қайтарылмауы мүмкін.
Билік неге бизнеске жаңа салыққа қарапайым тілмен айтқанда "артқы санмен", заң тілінде "кері күшпен", ретроспективті көшуге рұқсат етті?
Өйткені шенеуніктер жеңілдетілген салықтың игілігін кімдерге ұсынуға болатыны туралы ұзақ тартысып, тиісті кәсіп түрлерін тым кеш анықтады. Содан биылғы 31 мамырда ел Үкіметінің 22 мамырдағы №393 қаулысы ресми жарияланды. Бұл құжатта бөлшек салықтың арнайы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесі бекітілді. Бөлшек салықты қандай бизнес түрлері қолдана алатынын, яғни толық тізімін мына жерден біле аласыз.
Комитет 9 маусымынан кейін бөлшек салыққа көшу жалпы қабылданған ережелер бойынша, яғни қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама ұсынылған айдан кейінгі айдың 1-ші күнінен бастап жүзеге асырылатынын түсіндірді.
Бірақ бұл көшке қатысты шектеу бар. Онсыз барлық бизнес бөлшек салыққа ауысып алар еді. Бұған жол бермеу үшін келесі шарттар енгізілді. Осы режимді қолданатын салық төлеушілердің:
- жылдық кірісі 600 мың АЕК-тен немесе 2023 жылы 2 миллиард 70 миллион теңгеден;
- жұмыскерлерінің саны бір жыл бойында 200 адамнан аспауға тиіс.
Бөлшек салық режимінің артықшылықтары
Бұл режимді қолданатын салық төлеушілер:
- табыс бойынша белгіленген шегіне (600 мың АЕК) дейін жеткенше, қосылған құн салығын төлеуші ретінде есепке тұрмауға құқылы. Яғни, 2 миллиард 70 миллион теңге аясында кәсіпкер қосылған құн салығын төлемейді. Бұрын кәсіпкерлер ҚҚС төлемеу үшін бизнесін үнемі бөлшектеп отыратын;
- әлеуметтік салық төлеуші болып табылмайды (ол салық бөлшфк салық құрамына қосылған);
- салық салу сомасын қызметкерлердің жалақысын төлеуге арналған шығыстар сомасына азайта алады;
- егер салық төлеуші микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің санатына жатса, онда жеке табыс салығын және әлеуметтік төлемдерді төлеуді қарастыратын жалпыға бірдей белгіленген тәртіптің орнына қызметкерлердің кірістерінен бірыңғай төлем (БТ, единый платеж) төлеуге көшуге құқылы;
- салық тоқсан сайын төленеді.
Тағы бір қызықты тұсы бар. Бөлшек салығының ставкалары келесідей:
- корпоративті табыс салығынан немесе жеке табыс салығынан шегерім жасауды қолданатын салық төлеушілерге тауарларды сатудан, жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден түскен табыстар бойынша – 8%;
- басқа барлық табыстар бойынша – 4%.
Сегіз пайыздық бөлшек салықты төмендетуге болмайды, ал төрт пайызын екі есе кемітуге мүмкіндік берілген. Себебі, соңғы бөлшек салық мөлшерін әр өңірде, әр аудан мен қалада жергілікті мәслихат бекітеді. Егер тиісті шешім қабылдаса, онда бизнестің кейбір түрлері үшін бөлшек салық ставкасы 50%-ға дейін азайтылып, 2%-ды ғана құрайтын болады. Осы арқылы жергілікті билік өз елді мекенінде қандай да бір бизнес түрлерін өркендеткісі келсе, сонымен айналысатын кәсіпкерлер мен қалталы азаматтарды төмен салық режимімен қызықтырып, тарта алады.
Мәселен, Рудный қалалық мәслихатының төрағасы Азамат Искаковтың мәліметінше, Қостанай облысындағы Рудныйда бөлшек салық ставкасының мөлшерін барлық қызмет түрі үшін 4%-дан 3%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылданып отыр.
"Бұл қаладағы бизнес ахуалды жақсартуға, кәсіпкерлерге түсетін салықтық жүктемені азайтуға, жергілікті бизнесті легализациялауға, кәсіпкерлік іскерлік белсенділіктің артуына ықпал етуге тиіс", – деді мәслихат басшысы.
Жалпы алғанда, осы 4 (3 немесе 2) пайыз құрамына бірден 3 салық кіреді: табыс, әлеуметтік салық және қосылған құн салығы.
Осылайша, пандемия кезінде 2 жылға ғана енгізілген бөлшек салық режимі енді мерзімсіз кезеңге қайта енгізіліп отыр.
Бұған қоса, бөлшек салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесі 114-тен 190 қызмет түріне дейін кеңейтілді.
"Кәсіпкерлерді көлеңкеден шығаруға ынталандыру үшін заңнамалық жағдайлар жасалып жатыр. Бұл тұрғыдағы үлкен қадам 2023 жылдан бастап жаңа форматтағы бөлшек салықты енгізу болды. Пандемия кезінде бұл салық экономиканың зардап шеккен секторлары үшін уақытша енгізілді және тек 114 қызмет түрін қамтыды. Қазіргі кезде рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесі бөлшек саудаға және негізінен халыққа қызмет көрсетуге байланысты 190 қызмет түрін қамтиды", – деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.
Ведомство неге 8% ставканы төмендетуге тыйым салынғанын түсіндірді. Көптеген ірі кәсіпорындар салығын төмендету үшін дара (жеке) кәсіпкерлерді пайдаланады екен. Мұны болдырмау мақсатында "сатып алушысы шығыстарын шегерімге жатқызған кездегі салықтың жоғары мөлшерлемесі белгіленді". Әйтпесе, жеңіл салық режимін қарау ниетті бизнесмендер, олигархтар "салықтан жалтарудың жаңа схемаларын жасаудың" құралына айналдырып алатын еді.
9 маусымға дейін 4 мыңдай кәсіпкер бөлшек салық режиміне көшті. Салықшылар болашақта бұл режим кең таралады деп күтуде.