Парламентті таратуға болмайды

8360

Саясаттанушылардың сөзінше, дәл қазір бұл маңызды мәселе емес және заң шығарушы органды таратуға себеп те, негіз де жоқ. Ал Сенат депутаттарын сайлау тәртібіне өзгеріс енгізу қажет.

Парламентті таратуға болмайды

Парламенттің пәрменділігі, Мәжілістің "су жаңа" спикеріне артылған сенім деңгейі, Сенаттың қажеттілігі мен қауқары туралы ойларын білу үшін inbusiness.kz тілшісі саясаттанушылар Айдос Сарым мен Талғат Қалиевке төмендегі сауалдарды жолдады:

1. Ел аузындағы "Парламентті тарату керек" деген ұсыныс-пікір дұрыс па, бұрыс па?

2. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа артылған жауапкершілік жүгі қандай?

3. Қазақстанға қос палаталы Парламент, оның ішінде Сенат қажет пе?

Айдос Сарым, саясаттанушы:

– Парламентті таратуға себеп те, негіз де жоқ. Керісінше, Парламентке заң қабылдау жұмысын жалғастыру қажет. Парламент Президенттің Ұлттық қорғаныс пен қауіпсіздікке қатысты заңдар пакетін тезірек қабылдауына ерекше назар аударуы керек. Дәл қазіргі уақытта Парламентке бір нәрсе жасау – популизм және демагогия болады. Менің ойымша, Парламенттің құзіреті жеткілікті, ол қойылған міндетті шеше алады.

– Ерлан Қошановпен 1997 жылдан бері таныспын. Оны ашық адам ретінде білемін. Ерлан Жақанұлы бұған дейін Сенат депутаты, үкіметтің Мәжілістегі өкілі сынды қызметтерді абыроймен атқарды. Ол бұл бағыттағы жұмыстың ерекшелігін жақсы біледі. Бұл жерде ол үшін ешқандай жұмбақ жоқ.

Қошанов пікірталастың көрігі қызып тұрған кезде жұмыс істеді. Оның пікір қайшылығына төзімділік деңгейі өте жоғары. Ол саясаткер ретінде кез келген мәселені түсінеді.

– Сенат өзінің тиімділігі мен қажеттілігін бірнеше рет дәлелдеді. Мысал ретінде "Жер туралы" заңды алуға болады. Мәжіліс депутаттары партиялық тізім бойынша сайланатынын ескере отырып, сенат депутаттары тікелей аумақтан сайлануға тиіс деп санаймын. Адамдар нақты депутаттарға тікелей дауыс беруі керек. Сенат депутаттары жоғары заң шығару органында өңірлердің өкілдігін қамтамасыз етуге тиіс. Осылай болғанда Сенатқа қатысты дискурс өздігінен жоғалады. Сенат партиялық емес, бірақ кез-келген жағдайда, тікелей аумақтардан Сенатқа кіретін партиядан тыс адамдардың органы болсын. Қазір Сенат депутаттарын сайлай отырып, мәслихат депутаттарына жанама дауыс беру жүріп жатыр. Негізі оларды тұрғындар тікелей сайлауы керек. Әр өңірден 2 сенатор немесе халық санына байланысты үшеу болуға тиіс. Сонда "Адамдар партияның қатарында жоқ саясаткерлерге дауыс бере алмайды" деген мәселе күн тәртібінен алынады. Сенатты реформалау қажет болуы мүмкін және ол алдағы уақытта өзінің қажеттілігі мен маңыздылығын бірнеше рет дәлелдейді.

Талғат Қалиев, саясаттанушы:

Бүгінгі таңда Парламентті тарату маңызды мәселе емес. Президент қыркүйек айында реформалар пакетін жариялайды. Оны жүзеге асыру үшін заң қабылдау қажет. Осы іс атқарылғаннан кейін ғана, қажеттілік туындаса, саяси дәуірді жаңа парақтан бастау үшін Парламентті тарату керек. Біз Парламентті таратып, содан кейін қолданыстағы заң бойынша сайласақ, онда бұрынғы конфигурация қалады. Парламентшілердің құзыреті туралы айтатын болсақ, депутаттар халықтың алдына шыға алатындай көпшіліктің сеніміне ие болуы керек. Алаңда айтылған мәселелер депутаттармен кездесуде айтылуы керек. Ал депутаттар мәселені билікке жеткізіп, нақты шешімнің қабылдануына ықпал етуге тиіс.

– Ерлан Қошанов ұзақ уақыт Сенат депутаты, үкіметтің Парламенттегі өкілі болды. Президент әкімшілігінде, Премьер-министрдің кеңсесінде, өңірде жұмыс істеді. Парламенттік жұмыстың қыр-сырын жақсы біледі.

Регламентпен таныс, биліктің барлық тармақтарының, мемлекеттік қызметтің қыр-сырына қанық. Оның ережелерді терең түсінуін ескере отырып, ол барлық процедуралық тармақтарды сақтап, заң жобаларын өткізудің тазалығына қамқорлық жасайды деген қорытынды жасауға болады. Бұл – заң шығару үдерісінде маңызды мәселе.

Ерлан Қошанов үкімет пен министрлерге нақты талап қоя алады деп ойлаймын. Өйткені ол шешім қабылдаудан қорықпайды.

– Бізге Сенат қажет. Саяси жүйе неғұрлым күрделі болса, соғұрлым тұрақты болады. Қос палаталы Парламент жүйені теңгерімділігін сақтауға мүмкіндік береді. Тепе-теңдік жүйесі тұрақтылықтың қосымша тірегі қызметін атқарады.

Сенат депутаттарын сайлау тәртібі даулы мәселе. Мен Сенат депутаттары мәслихат деңгейінде емес, азаматтардың тікелей дауыс беруі арқылы сайланғанын жақтаймын. Сенаторлар халықтың мүддесін терең түсініп, өңірлердің мәселесін шешуі керек. Сенатқа қатысты бірқатар реформа қажет-ақ, бірақ бұл асығыс атқарылатын шаруа емес.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу