Партиялардың сайлауға қанша миллиард қаржы шығындап жатқаны анықталды

1686

Парламенттік доданың алғашқы екі аптасында төл сайлау қорына әзірге бір теңге салмаған партия бар. Ал үгіт жұмыстарына ең көп қаржы құйып жатқан партия мен ең аз қаржы бағыттаған партия арасындағы ара-жік, алшақтық 7,2 есеге жетті. 

Партиялардың сайлауға қанша миллиард қаржы шығындап жатқаны анықталды

Орталық сайлау комиссиясы Саяси партиялардың сайлау қорларына құжаттың түсуі мен жұмсалуы туралы есепті жариялады.

Бірден айта кетелік, өз кандидаттарын баптап, парламенттік аламанға түскен партиялар алдымен "Халық Банкінде" есепшот ашып, соған қаражат салулары қажет. Ол шот Сайлау қоры деп аталады.

Үгіт, насихат жұмыстарын партия содан қаржыландыруға тиіс. Сонда ол шоттағы қаражаттың қозғалысы құзырлы органдардың қырағы назарында болады. Саяси партияларға сайлау қорынан тыс қаржы жұмсауына, әсіресе, шетелдіктердің жасырын көмегіне жүгінуге қатаң тыйым салынған. Заңмен қудаланады. Сайлау науқанына қатысты барлық іс-шараларға қажетті ақша тек осы қордан алынуға тиіс.

Әрине, партиялардың, олардың кандидаттарының барлығы дерлік тегін еңбекті, яғни волонтерларды пайдаланады. Оған тыйым салынбаған.  

Сонымен, "Халық Банкінен" 13–26 ақпан аралығындағы, яғни қор ашуға рұқсат етілгелі бергі алғашқы екі аптадағы деректер келді. 

Дәл осы кезеңде сайлау қорына ең көп қаржыны "Amanat" партиясы жинай алыпты: оның иелігінде 1 млрд 39 млн 782,2 мың теңге бар.

"Ауыл" партиясының сайлау қоры 549 млн 343,2 мың теңгені құрады.

"Ақ жол" партиясының сайлау қорына 487 млн 435,3 мың теңге түсіпті.

Қазақстан халық партиясының сайлау қоры 321 млн 994,5 млн теңгеден тұрады.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлау қорына 199 млн 800 мың теңге жинады.

"Respublica" партиясының сайлау қоры 144 млн теңгеден құралды.

Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясының сайлау қорында "0 теңге" деп жазылған.

Партиялар үгітке қанша ақша жұмсай алады?

Жалпы, сайлау деген қып-қызыл шығын екені құпия емес. Мысалы, қандай да бір партия аламанда бақ сынағысы келсе, онда партиялық тізіміне енгізілген әрбір үміткері үшін сайлау жарнасын енгізуге міндетті. 

Заңнамаға сәйкес биылғы науқанда Парламент Мәжілісі депутаттығына барлық кандидат үшін сайлау жарнасының сомасы – 15 ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) немесе 1 млн 50 мың теңгені құрады. Егер партия мәслихат сайлауына түскісі келсе, ол арзандау: мәслихат депутаттығына кандидаттар үшін – 5 ЕТЖ немесе 350 мың теңгеден төлейді.

Әр кандидатына ақша тапса, онда ары қарай үгіт науқанына, яғни штаб орналасатын кеңсені жалдауға, жапсырылатын үнпарақ-плакаттарды, брошюраларды, басқа да таратылатын материалдарды басып шығаруға және тасымалдауға, үміткерлер мен сенім білдірген адамдардың ауыл-аймақты аралауына, жалақы, ақы төлеуге, ісшаралар өтетін ғимараттарды, залдарды жалдауға, БАҚ арқылы уағыздауға, билборд, басқасын орнатуға ақша табуы қажет. Бұл үшін сайлау қорында жеткілікті қаражат болуы шарт.

Әр партия парламенттік додаға қанша миллиард шығындай алады? Ортсайлауком мүшесі Сәбила Мұстафинаның түсіндіруінше, партиялардың сайлау қорларының мөлшері заңмен шектелген. Бұл партиялар арасында әділ бәсеке тудыру үшін жасалыпты.

"Сайлау қорлары кандидаттардың салатын жеке қаражатынан, саяси партиялардың өз қаражатынан және республика азаматтарының, ұйымдарының, компанияларының ерікті қайырмалдығынан, демеушілік және қайырымдылық ақшасынан құралады. Төл партиялық тізімін ұсынған әрбір саяси партияның сайлау қорының мөлшері жалпы алғанда 15 000 ең төменгі жалақы көлемінен немесе 1 млрд 50 млн теңгеден аспауға тиіс. Облыстардың, үш мегаполистің мәслихаттарының депутаттығы бойынша 3000 ЕТЖ-дан немесе 210 миллион теңгеден аса алмайды", – деді Сәбила Мұстафина.

Партиялар сыртында азаматтарға өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік берілген. Тәуелсіз кандидаттар да сайлау қорын құрады: "бірмандатты округтерден сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттың сайлау қоры 700 ЕТЖ-дан немесе 49 миллион теңгеден" аспауға тиіс.

Егер дауыс беру қорытындысында партия сайлаушылардың 5% даусын жинаса, немесе партиялық тізімге енген кандидат қайтыс болса, онда жарналар партияға қайтарылады. Барлық басқа жағдайда партиялар енгізген жарна қайтаруға жатпайды және сайлау өткен соң тегіс республикалық бюджеттің кірісіне есептеледі.

Тәуелсіз кандидат жеңіске жетсе ғана қаражатын қайтара алады.

Партиялардың ірі шығындары қандай?

Осылайша, жеті партияның алтауының әрқайсысы сайлау қорына түрлі көздерден қанша қаржы жия алғаны мәлім болды. Бірақ өткен екі аптада олар соны нендей мақсаттарға жұмсады? Айтпақшы, сайлау қорының шығындалу қарқыны белгілі бір дәрежеде әр партияның белсенділігінен де хабар береді. Егер әрине, ақшаны ұқыпты, ұтымды шығындап жатса...

"Amanat" партиясы сайлау қорынан 266 млн 890,7 мың теңге жұмсап тастады. Оның ішінде:

  • ақпарат құралдарында сөз сөйлеуге – 0;
  • сайлау алдындағы бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға жəне өткізуге – 14 млн 821,2 мың теңге;
  • баспа, дыбыс-бейне жəне өзге үгіт материалдарын шығаруға жəне таратуға – 232 млн 642,2 мың теңге;
  • үгіт жұмысын ұйымдастыру бойынша заңды жəне жеке тұлғаларға ақы төлеуге – 78,7 мың теңге;
  • кандидаттардың көлік жəне іссапар шығыстарын өтеуге – 0;
  • баспа материалдарын, сайлау науқаны үшін басқа белгілер мен нышандарды дайындауға – 19 млн 348,6 мың теңге бағыттады.

"Ауыл" партиясы сайлау қорынан 246 млн 981,3 мың теңге жұмсап үлгеріпті. Соның ішінде:

  • БАҚ-та сөз сөйлеуге – 0;
  • сайлау алдындағы бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға жəне өткізуге – 888 мың теңге;
  • баспа, дыбыс-бейне жəне өзге де үгіт материалдарын шығаруға жəне таратуға – 86 млн 511,5 мың теңге;
  • үгіт жұмысын ұйымдастыру бойынша заңды жəне жеке тұлғаларға ақы төлеуге – 51 млн 177 мың теңге;
  • кандидаттардың көлік жəне іссапар шығыстарын өтеуге – 20 млн 397,5 мың теңге (есепте солай көрсетілген);
  • баспа материалдарын, сондай-ақ сайлау науқаны үшін басқа белгілер мен нышандарды дайындауға – 88 млн 7,4 мың теңге.

"Respublica" партиясы сайлау қорынан екі аптада 138 млн 519,4 мың теңге жұмсады. Оның ішінде:

  • БАҚ-та сөз сөйлеуге – 0;
  • сайлау алдындағы бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға жəне өткізуге – 1 млн 400 мың теңге;
  • баспа, дыбыс-бейне жəне өзге де үгіт материалдарын шығаруға жəне таратуға – 135 млн 759,4 мың теңге;
  • үгіт жұмысын ұйымдастыру бойынша заңды жəне жеке тұлғаларға ақы төлеуге – 6 мың теңге;
  • кандидаттардың көлік жəне іссапар шығыстарын өтеуге – 1 млн 354 мың теңге;
  • баспа материалдарын, сондай-ақ сайлау науқаны үшін басқа да белгілер мен нышандарды дайындауға – 0 теңге.

Қазақстан халық партиясы сайлау қорының 196 млн 392,3 мың теңгесін жұмсады. Оның ішінде:

  • БАҚ-та сөз сөйлеуге – 5 млн 163,9 мың теңге;
  • сайлау алдындағы бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға жəне өткізуге – 582,3 мың теңге;
  • баспа, дыбыс-бейне жəне өзге де үгіт материалдарын шығаруға жəне таратуға – 47 млн 883,9 мың теңге;
  • үгіт жұмысын ұйымдастыру бойынша заңды жəне жеке тұлғаларға ақы төлеуге – 139 млн 41,6 мың теңге;
  • кандидаттардың көлік жəне іссапар шығыстарын өтеуге – 2 млн 170,7 мың теңге;
  • баспа материалдарын, сондай-ақ сайлау науқаны үшін басқа да белгілер мен нышандарды дайындауға – 1 млн 550 мың теңге.

Есепте Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясының шығыны аталған кезең ішінде 0 теңге деп көрсетілген.

"Ақ жол" партиясы 487,4 миллион теңгедей сайлау қорының 451 млн 383,1 мың теңгесін жұмсап болыпты. Соның ішінде:

  • БАҚ-та сөз сөйлеуге – 28 млн 860 мың теңге;
  • сайлау алдындағы бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға жəне өткізуге – 126 мың теңге;
  • баспа, дыбыс-бейне жəне өзге де үгіт материалдарын шығаруға жəне таратуға – 75 млн 116 мың теңге;
  • үгіт жұмысын ұйымдастыру бойынша заңды жəне жеке тұлғаларға ақы төлеуге – 178 млн 893,8 мың теңге (есепте солай жазылған);
  • кандидаттардың көлік жəне іссапар шығыстарын өтеуге – 33 млн 410,8 мың теңге;
  • баспа материалдарын, сондай-ақ сайлау науқаны үшін басқа да белгілер мен нышандарды дайындауға – 134 млн 976,6 мың теңге.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлау қорынан 101 млн 744,3 мың теңге жұмсады. Атап айтқанда:

  • БАҚ-та сөз сөйлеуге – 0;
  • сайлау алдындағы бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға жəне өткізуге – 507,5 мың теңге;
  • баспа, дыбыс-бейне жəне өзге де үгіт материалдарын шығаруға жəне таратуға – 75 млн 639,1 мың теңге;
  • үгіт жұмысын ұйымдастыру бойынша заңды жəне жеке тұлғаларға ақы төлеуге – 829,6 мың теңге;
  • кандидаттардың көлік жəне іссапар шығыстарын өтеуге – 108 мың теңге;
  • баспа материалдарын, сондай-ақ сайлау науқаны үшін басқа да белгілер мен нышандарды дайындауға – 24 млн 660 мың теңге.

Жалпы, партия сайлау қорын толық жұмсап тастаса, онда бюджетке де ештеңе аударылмайды.

Партиялардың шығынын талдағанда, бірнеше жайт назар аудартады. Біріншіден, Ақ жол және ҚХП-дан басқалары әзірге ақпарат құралдары арқылы пиарға сайлау қорынан ақша бағыттамапты. Бұған партиялар әзірге төл ресурстарын жұмылдырып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер ұсынған игіліктерді пайдаланып жатқаны белгілі.

Екіншіден, үш партия ғана сайлаушыларымен кездесу үшін залдар мен орынжайларды жалдауға көбірек шығындалуда.

Үшіншіден, барлық дерлік партиялардың ең ірі шығынын үгіт материалдарын басу құрап отыр. Яғни, Президент кезектен тыс не мерзімді сайлау жариялаған сайын бағы жанған баспаханалар табысқа қарық болып қалады.

Қазірдің өзінде, яғни өткен екі аптада ғана 6 партия осы мақсатқа жалпы сомасы 653,5 миллион теңге бөлген. Бәйгенің көрігі нағыз қызатын шақ алда. Ендеше бұл шығын да арта бермек.

Бұдан бөлек, көлік шығындарына Ауыл және Ақ жол партияларының шығыны қайран қалдырады.

Сарапшылар бұл жолғы сайлау бұрынғыларға қарағанда тартысты өте бастады деп отыр. Негізі, тайталас "температурасын" бірмандатты округтерде өзін-өзі ұсынған, тәуелсіз кандидаттар көтеріп, электоралдық науқанды қызықты ете түсті. Дегенмен, дауыс беру күніне дейін олардың біразы жарыс жолынан шығарып тасталуы ықтимал: тәуелсіз үміткерлер "өздерінің табыс декларациясын құзырлы органдар лупа алып тексеріп, онда көрсетілмеген әр тиын үшін тиісіп жатыр" деп шағымданады.

Егер бұл шынымен рас болса және доғарылмаса, 2023 жылғы парламенттік сайлау ең жанжалды науқанға айналып кетуі ғажап емес. Сарапшылардың байламынша, табыс декларациясы билікке ұнамаған кандидаттарды алып тастаудың құралына айналып кетпеуі шарт. Өйткені дамыған елдердің көбінде үміткерлерден декларация талап етілмейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу