Мәселен, енді "Парыз" сыйлығын ұлттық компанияларға да, мемлекеттік кәсіпорындарға да, тіпті Үкіметтің қомақты үлесі бар компаниялар мен холдингтерге де беруге тыйым салынады.
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қоюы үшін "Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі "Парыз" конкурсы туралы" Қазақстан Президентінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы №523 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа Жарлық жобасы әзірленді.
Онда Үкімет "мемлекеттің үлесі 50%-дан асатын ұйымдардың конкурсқа қатысуына жол бермеу шараларын қабылдауға" міндеттеледі.
Жарлық жобасына түсіндірме жазбада Үкімет басшысы Асқар Мамин бұл қадамға не себептен барып отырғандарын ашып айтады.
"Өйткені конкурс халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту үшін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өзінің қоғам алдындағы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруына және арттыруына бағытталған", – дейді Премьер.
Жаңалықтардың біріне сәйкес, алда бизнесмендер сайысының ең жоғары наградасы – "Гран-при" ірі кәсіпкерлік субъектісіне – жеке, ал шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне – бөлек табысталатын болады. Себебі, өз ісін жаңа дамытып жатқан бизнесмендер алпауыт компаниялармен тең бәсекелесе алмайтыны мәлім.
Аталған дода тек астанада ғана емес, сондай-ақ ауыл-аймақта да қызбақ: өңірлік кезеңдегі конкурстың жеңімпаздарын анықтау және марапаттау жолға қойылады. Өңірлік кезеңдегі конкурстың жеңімпаздарын сараптамалық жұмыс топтарының қорытындылары негізінде "Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссиялар" анықтайды. Облыстық деңгейдегі лауреаттардың сыйлықтарын әр өңірде қала не облыс әкімі тапсырмақ.
Тағы бір өзгеріс, бұл байқауда қазіргі қоғамдағы жаңа үрдіс-трендтер де көрініс тауып отыр. Атап айтқанда, "Парыз" аясында енді "Жылдың үздік әлеуметтік жобасы" арнайы сыйлығы берілмек. "Парызды" ұйымдастырушылардың бірі саналатын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, оны мәселен, көп балалы аналарды баспанамен қамтыған кәсіпкерлер иеленуі мүмкін.
"Бұл арнайы сыйлық аясында бизнестің өзі іске асыратын, аз қамтылған топтардың жұмыспен қамтылуына, өмір сүру жағдайларын жақсартуға ықпал ететін әлеуметтік жобалар қарастырылады. Тиісінше, кәсіпкерлердің, кәсіпорындардың халықтың әлеуметтік осал қабатының – көп балалы аналардың, мүгедектердің, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің және басқаларының тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған үздік әлеуметтік жобасы анықталатын болады", – дейді ведомство.
"Парызда" қоқысты кәдеге жарату саласына қатысты жаңа номинация пайда болады. Бұл аталымда "табиғатты қорғау, экологиялық бағдарламаларын, іс-шараларын", сондай-ақ "қоршаған орта жағдайын жақсартуға, қалдықтарды кәдеге жарату мен қайта өңдеуге бағытталған жобаларды" іске асыруда ерекше көзге түскен үміткерлердің қызметі қаралады . Бұған дамыған елдердің тәжірибесі ықпал етіп отырған көрінеді.
"2018 жылдың қорытындысы бойынша өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу 32,2%-ды, ал тұтыну 11,51%-ды құрады. Қазақстанның "жасыл экономикаға" өтуі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру аясында қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 2030 жылға қарай 40%-ды, 2050 жылға қарай 50%-ды құрауға тиіс. Осыған байланысты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату секторының қызығушылығын ояту және ары қарай ынталандыру қажет", – дейді ұйымдастырушылар.
Олар үміткерлерді іріктеуде кәсіпорындардың мойнында еңбек заңнамасының жойылмаған бұзушылықтарының болмауын тексеріп, соған баса мән беретіндерін айтады.
Байқауға қатысу бизнесмендер үшін тегін.
"Қазіргі кезде Қазақстанда кәсіпкердің жаңа бейнесі қалыптасуда. Олар өз ұжымына қамқорлық көрсетеді, әр қызметкерімен еңбек шартын бекітеді. Олар қоршаған ортаны, экологияны қорғауға үлес қосады. Олар өз өңірінің дамуына атсалысады. Осы барлық критерийлер жыл сайын "Парыз" сыйлығын тағайындауда ескеріледі. Мұндай бизнесмендер әр өңірде, әр қала мен ауылда бар. Кәсіпкерлеріміздің жақсы істерін насихаттап, жастарға үлгі ету керек. Әлеуметтік жауапкершілік қоғамымыздағы трендке айналуға тиіс. Бұл ретте әлеуметтік проблемаларды жүйелі түрде шешу үшін кәсіпкерлердің ұлттық палатасы "Менің Атамекенім" жобасын іске қосты", – дейді Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева.
Жанат Ардақ