Патриархсыз конгресс

1809

Рим Папасы Қазақстанға "бейбітшілік қажылығы" үшін дұға етуді сұрады. Алайда Украинаға аттанған жауынгерлерге ақ батасын берген Орыс православтық шіркеуінің жетекшісі онымен кездесе алмайды. Себебі ол Нұр-Сұлтанға келмейтін болды. 

Патриархсыз конгресс

Бүгін Рим Папасы Франциск Қазақстанға келіп, Украинадағы соғысты жақтаған Орыс православ шіркеуінің басшысымен кездесіп, бейбітшілікті талап етуден үміттенген еді. Бірақ Патриарх Кирилл бірнеше апта бұрын Нұр-Сұлтанға бармау туралы шешім қабылдады.

Франциск еліміздегі аз ғана католиктер қауымдастығымен кездесіп, әлемдік дін басшыларының конференциясына қатысады. Алқалы жиын пандемиядан кейінгі әлемдегі конфессияаралық диалогты ілгерілетуді көздеген еді. Дегенмен Ресейдің Украинаға басып кіруі діни лидерлерді әлемді бейбітшілікке үндеуге де мәжбүрлейін деп отыр.

"Бұл конференция көптеген дін өкілдерімен кездесуге және бейбітшілікке шөлдеп қалған әлемге тыныштық тілеген бауырлармен сұхбаттасуға мүмкіндік береді. Мен баршаңыздан осы бейбітшілік қажылығым үшін дұға етуді сұраймын", – деді Франциск жексенбі күні Ватикандағы Әулие Петр алаңына жиналған мыңдаған адамға айтқан өсиетінде.

Дегенмен Кириллдің жоқтығы барлық қатысушылардың өмірін жеңілдетеді. Біріншіден, Қазақстанда 50 елден жиналған мұсылман, христиан, будда, синтоизм және еврей жетекшілерінің басқосуы Рим папасы мен патриархтың фотосуретінің көлеңкесінде қалып қоймайды. Екіншіден, Франциск Киевке барғанға дейін Ресей басқыншылығының идеологиялық жақтасымен неліктен кездескенін Украинаға түсіндіру тәрізді дипломатиялық проблемаға душар болмайды. Ал Кирилл имамдар, раббиндер, министрлер және Рим папасы жаһандық конгресте әскери қақтығысты айыптайтын қорытынды мәлімдеме жасап жатқанда ұялып отырмайтын болды.

Бірақ қазақстандық католиктердің жетекшілері үшін Кириллдің жоқтығы жоғалған мүмкіндікті білдіреді.

 "Менің жаным ауырады. Конгресс аясында олардың кездесуі адамзаттың бірге өмір сүруіне қандай діндер ықпал ете алатынын түсіндіруге маңызды үлес қосар еді. Сондықтан көңілім қалды, алайда бұл жайтты қабылдауым керек", – дейді Қарағанды қазақ епархиясының епископы Аделио Делл’Оро АР агенттігіне берген сұхбатында.

Конфессияаралық конгресс – солтүстігінде Ресеймен, шығысында Қытаймен шектесетін және 130-ға жуық этнос өкілдері тұратын Қазақстан үшін үш жылда бір рет өткізілетін маңызды шара. Өйткені бұл бір жағынан сыртқы саясатымыздың жетістігі болса, екіншіден, көпмәдениетті және Шығыс пен Батысты тоғыстырушы ретінде талай рет жарнамаланған көпұлтты мемлекетіміздің көрінісі.

"Қазақстан үшін шын мәнінде диалог ресми ұран емес – қазақ бренді деп айта аламыз. Еліміз конгресс кезінде ғана емес, одан кейін де диалогпен бөліскісі келеді. Қазақстан диалогты әлем тап болған түрлі қиындықтардан шығудың ықтимал жолдарының бірі ретінде ұсынады", – дейді Қазақстан епископтары конференциясының баспасөз хатшысы Монсеньор Петр Питловани.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 10 жыл өткенде, яғни, 2001 жылы Әулие Иоанн Павел ІІ сапармен Астанаға келгенде, сталиндік қуғын-сүргін кезіндегі зұлматты еске ала отырып, Қазақстанның әралуандығын атап өтті. 1936 жылдан бастап Батыс Украинадан этникалық поляктардың бүкіл ауылдары Қазақстанға жаппай депортацияланды, ал Кеңес үкіметі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистермен сыбайласты деген желеумен жүздеген мың этникалық немісті, шешендерді және басқа да ұлт өкілдерін Қазақстанға жер аударды. Қазақстанға депортацияланғандардың ұрпақтары елімізде әлі де өмір сүріп жатыр. Солардың ішіндегі католиктер қауымдастығына 125 000-ға жуық христиан кіреді.

Қазақстандық епископтар үш күндік сапары кезінде Францисктен бұрынғы кеңестік лагерьге баруды өтінді. Бірақ 85 жастағы Рим Папасы тізе буындары ауырып, мүгедектер арбасымен және таяқпен жүруге мәжбүр болғандықтан, бұл идеядан бас тартып отыр.

Оның бағдарламасында конгресске жиналатын дін басшыларымен жеке кездесуге уақыт бар. Ватикан тізім жарияламаса да, конферененцияға қатысушылар арасында Каирдегі сүнниттік білім ордасы "әл-Азхардың" бас имамы – шейх Ахмед әт-Тайеб бар.

Қытай Президенті Си Цзиньпин коронавирустық пандемиядан кейінгі алғашқы шетелдік сапарын Қазақстанға жасайын деп отыр. Алайда Ватиканның баспасөз хатшысы Маттео Бруни коммунистік мемлекет басшысымен Папаның ешқандай кездесуді жоспарлап отырмағанын мәлімдеп, Қытай лидерінің діни конференцияға келмейтінін де атап өтті.

Айта кетсек, Қытай мен Қасиетті Тақ (Ватикан) арасында жарты ғасырдан астам уақыт бойы дипломатиялық қатынас болмады.

Франциск бірнеше рет Ресейдің Украинаға басқыншылығын әділетсіз әрі "зорлық-зомбылық агрессиясы" деп айыптап, "шәйіт болған" украин халқымен ынтымақтастығын білдірді және гуманитарлық, рухани көмек көрсету үшін Украинаға жеке өкілдерін жіберді. Сонымен бірге ол Мәскеумен диалог жолын сақтауға тырысып келеді. .

Кирилл Ресейдің Украинаға басып кіруін рухани және идеологиялық тұрғыдан ақтап, көрші елдегі қарулы жанжалды Батыспен "метафизикалық" шайқас деп атады және де ол Украинаға аттанған орыс жауынгерлеріне ақ батасын беріп, орыстар мен украиндар бір халық деген идеяны қолдайтынын аңғартты.

Қазақ конгресі олардың екінші рет кездесуіне бейтарап орын дайындар еді. Кирилл де, Франциск те конференцияға қатысатындарын әуелде растады. Бірақ Кирилл өткен айда ол жоспарынан бас тартты.

Ватиканның Мәскеудегі бұрынғы елшісінің сөзінше, Кириллдің мұндай шешім қабылдауына орыс православие иерархиясындағы наразылықтар түрткі болса керек.

Өткен аптада Дүниежүзілік шіркеулер кеңесінің жалпы ассамблеясы (әлемдегі жарты миллиардтан астам христианды біріктіретін 350-ден астам шіркеу қауымдастығы) Мәскеудің Украинаға әскер кіргізуін "заңсыз және ақтауға болмайтын" басқыншылық деп айыптап, Ресей армиясын көрші мемлекеттен тез арада шығаруды талап етті.

Аталған діни кеңеске кіретін Орыс православие шіркеуі бұл "саясаттанған" декларацияға дауыс беруден бас тартып, оның авторларын Мәскеу мен орыс шіркеуін айыптау үшін Ресейге "бұрын-соңды болмаған қысым жасады" деп шағымданды.

Қазақстан Украинадағы жағдайға байланысты таразының басын тең ұстауға тырысып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі әрі одақтасы Мәскеумен тығыз қарым-қатынасты сақтауға әрекеттене отырып, Батыстың Ресейге қарсы санкцияларын құрметтеуге уәде берді. Сонымен қатар Тоқаев Украинадағы ресейшіл сепаратистік "халық республикаларын" мойындаудан бас тартқаны белгілі.

"Франциск пен Кирилл арасында Қазақстан делдал бола алар еді. Дегенмен болмағаны да жақсы шығар. Өйткені Қазақстан Украина дағдарысына араласып жатқан ел ретінде көрінер еді", – дейді Орталық Азия бойынша сарапшы, Карнеги қорының ғылыми қызметкері Темур Умаров АР агенттігіне берген сұхбатында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу