Жалпы, өңірде 380 білім беру мекемесі бар. Бұл ретте оқу орындарының жартысына жуығы уақыт оздырмай жөндеуді қажет етеді. Ал ауылдардағы үш мектеп жөндеу жасау түгілі, қайта қалпына келтіріліп, жаңғыртуға келмейді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Солардың бірі – Железин ауданына қарасты Моисеевка ауылындағы орыс тілінде білім беретін негізгі мектеп. 1962 жылы "Уақытша ғимарат" ретінде салынған бұл мектептің бүгінде қабырғасы қақ айырылып, жарылуға шақ тұр. Жарты ғасырдан астам уақыт аралығында мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген емес. Солтүстік ызғарлы желі соқса, кабинет іші улеп кетеді. Терезе, төбе мен еденнің де әбден тозығы жеткен. Ауылда балаларды оқытуға жағдай жасалмағандықтан, отбасылардың дені туған жерінен көшуге мәжбүр. Енді бірі балаларының өміріне алаңдаулы.
"Осы ауылда туып-өскендіктен көшкіміз жоқ. Керісінше, оны сақтап қалып, дамуын қалаймыз. Бірақ ол үшін бірінші кезекте білім ордасы дұрыс болуға тиіс. Қолайлы, жайлы мектеп салынса, ауылдастар басқа елдімекенге кетпес еді. Өкінішке қарай, биылғы оқу жылында 30-ға жуық шәкірт қоныс аударды. Ауылда мәдениет үйі, клуб болмағандықтан, мерекелік шаралар онсыз да әрең тұрған мектептің дәлізінде өтеді", - дейді Ольга Ипатко есімді ауыл тұрғыны.
Бүгінде мұнда 50 оқушы екі ауысыммен білім алады. Оларды 15 мұғалім оқытады.
"Бала аз болса да, бір ауысымдық оқыту жүйесіне көше алмауымыздың салмақты себебі бар. Мектептегі бес кабинет қана бала оқытуға жарамды. Қалғанының барлығы – апаттық жағдайда. Оған қоса, мәжіліс пен спортзал, мұғалімдерге арналған бөлме жоқ. Сондықтан екі ауысымда оқытуға тура келеді", - дейді мектеп директоры Алма Жұмабаева.
Оқу орны басшысының сөзінше, орын тапшылығы мен ғимараттың апаттық жағдайына байланысты қазақ сыныптарын ашу да мүмкін болмай тұр. Жаңа мектеп салынар болса, оңтүстіктен қоныс аударушылар санын арттырып, мемлекеттік тілде де білім беруге болатын еді. Сондай-ақ, мектеп жанынан 20-25 бүлдіршінге арналған шағын орталық салу жоспарда бар. Бейсенбі күні жаңа ғимарат құрылысының қазығы қағылмақ. Сөйтіп, биылғы оқу жылын балалар заманауи талапқа сай салынған мектепте қарсы алуға тиіс.
Ал құрылыс жұмыстарын ERG компаниясы қаржыландырады. Таяуда ғана Павлодар облысының әкімі мен Еуразиялық Топтың Басқарма төрағасы Серік Шахажанов меморандумға қол қойды. Соған сәйкес, компаниялар тобы өңірдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларға 3 млрд теңге қаражат бөледі. Бұл қомақты қаржының бір бөлігі жоғарыда аталған Моисеевка ауылында мектеп салуға жұмсалады. Сол сияқты Павлодар ауданында да апаттық жағдайда тұрған Сычевка мектебінің жаңа ғимараты аталмыш компанияның қаржысы есебінен биылғы оқу жылына дейін бой көтереді.
Оқушыларға да, мұғалімдерге де қолайсыздық тудырып отырған үшінші апаттық мектеп Баянауыл ауданындағы Қаражар ауылында орналасқан. 1958 жылы бой көтерген ескі оқу орны заманауи талаптарға сай келмейді. Мектеп басшысы Айнагүл Шомақованың айтуынша, осыдан 60 жылдан астам уақыт бұрын бұл ғимарат тастың үстіне тұрғызылған. Ал іргетасы мүлде құйылмаған көрінеді. Сол себепті уақыт өте келе тастар қозғалып, қабырғада жарықтар пайда бола бастады. Жыл сайын мектеп қызметкерлері оны жамап-жасқағанымен, қабырғалар арасы бәрібір ашылады. Сондықтан бұл ауылдағы білім мекемесі де апаттық жағдайда деп танылды.
"Қазір 1-9 сынып аралығында 52 оқушы білім алады. Сондай-ақ, шағын орталықта 17 бүлдіршін, даярлық тобында 3 бала бар. Тастың үстіне салынған ғимараттың әу баста іргетасы болмаған соң қабырғалары сөгіле бастады. Мұнда мәжіліс залы да жоқ. Ал спорт залды 2013 жылы жеке ғимарат ретінде салып берген-ді. Тастың қозғалып, негізі жоқ нысанның қауіп тудыра бастағаны рас. Біз балалардың өмірі үшін алаңдаймыз", - дейді мектеп директоры.
Көп ұзамай мектеп ұжымы мен ата-аналарды толғандырған бұл мәселе де оң шешімін табуы тиіс. Күні кеше Қаражар ауылында 100 балаға арналған жаңа мектептің қазығы қағылды. Мұнда спорт залы, шағын орталығы, асханасы және санитарлық тораптары бар кең екі қабатты ғимарат салу жоспарлануда. Аумағы абаттандырылып, ашық спорт алаңдары қойылады. "Евротехстрой" ЖШС жаңа мектеп құрылысын оқу жылы басталғанға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Осылайша, жергілікті билік өңірдегі үш апаттық мектептің мәселесін алдағы оқу жылына дейін шешуді жоспарлап отыр. Ендігі ретте құрылыстың сапалы әрі уақытылы атқарылуын қадағалау маңызды.