Павлодарда электр энергиясын өндіру азаюы мүмкін

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
17114

Бұған бірінші кезекте Ресейдің электр энергиясы импортынан бас тартуы себеп болмақ.

Павлодарда электр энергиясын өндіру азаюы мүмкін

Қазақстанның энергетикалық орталығы саналатын Павлодар облысы республикадағы электр энергиясының шамамен 40 пайызын өндіріп отыр. Алайда, былтыр өңірдегі электр энергия өндірісі 6,3 пайызға азайған. Жергілікті мамандардың пікірінше, биыл салада өсім орын алуға тиіс.

Статистикалық деректерге сүйенсек, 2019 жылы Павлодар облысында 42,7 млрд КилоВатт/сағат энергия өндірілген. Бұл көрсеткіш 2018 жылғы деңгейден 2,9 млрд КилоВатт/сағатқа немесе 6,3 пайызға кем. Ал биыл 44,3 млрд КилоВатт/сағат энергия өндіріледі деп жоспарлануда. Бірақ, бұл межені бағындыру биыл қиынға түсетін секілді. Себебі, Ресей бізден электр энергиясын импорттауды мейлінше азайтуда. Мұны Павлодар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасындағылар да растап отыр. Былтырғы жылғы көрсеткіштің төмендеуінің төркіні де осында жатыр. Яғни, шетелдік сатып алушылар тарапынан сұраныс төмендеуде.

Павлодар облысы соңғы рет Ресейге электр энергиясын 2018 жылы экспорттаған екен. Дәл сол жылы іргедегі көршімізге 3,75 млрд КилоВатт/сағат электр энергиясы жеткізілген. Ал 2017 жылы экспорт көлемі 4,7 млрд КилоВатт/сағатты құраған. Осыдан-ақ Ресей тарапынан импортты төмендету жұмыстарының біртіндеп жүргізілгенін көруге болады. Былтыр Ресей біздің өнімнен біржола бас тартты. Осылайша, 2019 жылдың тамыз айында Екібастұз ГРЭС-1 станциясы Ресейге электр энергиясын жеткізуді толықтай тоқтатты. Осыдан кейін ресейліктер Екібастұз ГРЭС-2 станциясындағы үлесін сатып жіберді. Оны "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры сатып алды. Сөйтіп, қор станцияның жүз пайыздық акциясына ие болды.

Қос тараптың қалыпты жұмысына кедергі келтірген дүние – Екібастұз ГРЭС-2 станциясындағы үшінші энергоблоктың салынуы. Аталған энергоблоктың салынып келе жатқанына 10 жылдан асты. Жаңа нысан станцияның қуаттылығын бір жарым есе арттыруға тиіс еді. Осылайша, Ресейге экспортталатын өнім де ұлғаюы қажет-тін. Бірақ, жоба сол күйі жүзеге асырылған жоқ. 2016 жылы Қазақстан мен Ресей үшінші энергоблокты салудың енді қажеттідігі жоқ деген шешімше келді. Сөйтіп, екі тарапқа да маңызды жоба тек Қазақстанға ғана керек боп қалды.

Биыл қуаттылығы 636 МегаВаттқа тең үшінші энергоблоктың құрылысын қайта жандандыру көзделіп отыр. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталмақ.

Бұл аралықта Павлодар облысы Өзбекстанға электр энергиясын экспорттауға мүмкіндік алды. Әрине, экспорт көлемі анау айтқандай көп те емес. Бірақ, жоқтан жақсы. Мәселен, 2019 жылы Өзбекстанға 0,9 млрд КилоВатт/сағат өнім жеткізілген. Бұл жұмыс биыл да жалғасады деп күтілуде. Бірақ, қанша көлемде жеткізілетіні әлі нақты айтылған жоқ.

Жалпы, жергілікті өнімнің көп бөлігін Павлодар облысы пайдаланады. 2018 жылы өңірдің кәсіпорындары мен халқы 19,27 КилоВатт/сағат энергия тұтынған. 2019 жылы көрсеткіш 19,5 млрд КилоВатт/сағатты құрады. Өндірілген өнімнің қалған бөлігі республиканың басқа өңірлеріне жеткізіледі. Былтыр өзге өңірлер 22,3 млрд КилоВатт/сағат электр энергиясын пайдаланған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу