Себебі бұған дейін 300-ге жуық мал жайылған жерге биыл жергілікті шаруалардың бірі картоп пен қарақұмық салған. Ол 2015 жылы шамамен 80 гектар жерді төрт жылға жалға алған көрінеді. Кейін жалдау мерзімін тағы екі жылға ұзартыпты. Жергілікті тұрғындар болса, жайылымдық жердің мақсаты өзгеріп, кәсіпкерге берілгеніне наразы.
"Стандарт бойынша бір бас малға кем дегенде 3,5 гектар жер қарастырылуы керек. Біздің ауылдағы мал санын ескерсек, жайылым аумағы 1,5 мың гектар болуға тиіс. Бірақ жергілікті әкімдік бос жердің жоқтығын айтады. Ал жылдар бойы мал жайылып келген жерге биыл картоп пен қарақұмық егілді. "Сиырларың осы жаққа өтіп кетсе, 1 млн теңгеге дейін айыппұл төлейсіңдер", – деді шаруашылықтың жұмысшылары.
Сондықтан төрт түлікті қораға қамаудан басқа амал қалмай отыр. Жайылымдық жерлер болмаса мал шаруашылығы қайтіп дамымақ?" – дейді ауыл тұрғыны Талғат Шақубаев.
Мал азығының шарықтаған бағасы да ауылдықтардың қалтасына айтарлықтай салмақ салып отыр.
"Жем-шөптің қымбат екенін ескерсек, малды қорада ұстау тиімсіз. Бұлай жалғаса берсе, барлығын етке тапсыруға мәжбүр боламыз", – дейді павлодарлықтар.
"Жер комиссиясы шаруаның пайдасына шешім қабылдады. Бұл комиссияның құрамына тұрғындардың сенімді өкілдері саналатын депутаттар кіреді. Жақында ауыл тұрғындарынан шағым түскендіктен, 78,5 гектар жерді пайдалану мақсатына өзгерістер енгізілуінің қаншалықты заңды екені тексеріліп жатыр", – дейді Павлодар ауылының әкімі Сырым Рушанов.
Тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқан тұста бұрын мал жайылымы болған жерде картоп пен қарақұмық гүлдеуде. Демек осы жазда ауыл тұрғындарының төрт түлікті жайылымға шығаруы екіталай.
Ақтоты Қабдықайыр