Бүгінде Павлодар облысында 126 ауылдық округ бар. 2018 жылдан бері халық саны 2 мың адамнан асатын 32 ауылдық округ тестік режимде өз қазынасын қалыптасырған болатын. Осылайша, аталған округтар өз бюджеттерін жоспарлап, кірістері мен шығыстарын есептеуге мүмкіндік алды.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әлия Арынованың айтуынша, тестік режимде төртінші деңгейлі бюджет енгізілген ауылдық округтердің үлесі жалпы округ санының 25 %-ын құрайды.
"Дербес бюджеті қалыптастырылған округтердің әкімдері WhatsApp желісіндегі арнайы чатқа қосылған. Оларға облыстық әкімдіктің, экономика және қаржы басқармаларының мамандары кеңес беріп, көмектесіп отырады", – дейді ол.
Әлия Арынованың айтуынша, бұл жердегі ең негізгі проблема – ауылдық округтер кірістерінің тым аздығы. 2018 жылы бұл көрсеткіш 9,8 %-ды құраса, биыл 8,6 % деңгейінде қалыптасып отыр. Бұл ретте, ауылдық округ кірістерінің көрсеткіші биыл тағы 1 %-ға төмендейді. Бұған салық заңнамасындағы өзгерістер себеп болып отыр.
"Біріншіден, жеке тұлғалардың көлік салығын төлеу мерзімі ауыстырылды. Яғни, 2020 жылға арналған көлік салығы тек 2021 жылы ғана түседі. Осының салдарынан ауылдық округтер шамамен 400 млн теңгедей қаржы жоғалтады. Екіншіден, шағын бизнес субъектілері табыс салығынан босатылады. Аталған норма салдарынан округтер шамамен 150 млн теңге жоғалтады деп күтілуде", – деді Әлия Арынова.
Белгілі болғандай, 2020 жылы аудан орталықтарының өзіндік табысы шамамен 11 млн теңгені құрамақ. Ал 61 ауылдық округтің кірісі 500 мың теңгеге жетпейді де. Сондай-ақ үш ауылдық округтің кірісі 100 мың теңгеден төмен болады деп күтілуде.
"Демек, әдеттегідей аудандық, облыстық, республикалық бюджеттерден бөлінетін субвенциялар мен мақсатты трансферттер қаржыландырудың негізгі көзі болып қала бермек. Осы орайда, Ұлттық экономика министрлігіне жекелеген салық түрлері мен төлемдерді ауылдық бюджетке беру туралы ұсыныс хат жолданды. Бұл қадам округтердің кірісін орташа есеппен 20 пайызға немесе 600 млн теңгеге арттырады", – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Ауылдық бюджетті толтырудың тағы бір жолы – әкімшілік айыппұлдар. Алайда, аталған бағыт арқылы жыл басынан бері тек 149 мың теңге ғана түскен. Оның өзінде бұл шара тек үш ауылдық округте ғана пайдаланылған. Демек, әкімдер аталған шараны дұрыс пайдаланбай отыр немесе ескерту шараларымен ғана шектелуде.
"2019 жылдың бірінші тоқсанында мамандар уәкілетті органдардың деректер базасын толықтай өзектендірді. Тіркелген мүліктің толықтығы ауылдық округтердің қаржылық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіні анық. Осы орайда, анықталған 11,2 мың мүлік нысанының 99 %-ы тіркелген болып шықты", – деді Әлия Арынова.
Әкімнің орынбасары тағы бір өзекті мәселе барын айтты. Яғни, ауылдық әкімдіктерде кадр жетіспейді. Дәлірек айтсақ, білікті есепшілер мен заңгерлер тапшы. Бүгінгі таңда төртінші деңгейлі бюджет көлемінде түрлі сала бойынша 100-ден астам функция жүзеге асырылады. Ал әкімдіктердегі штат саны 5-7 адамды ғана құрайды. Олардың жүктемесін азайту үшін әкімдіктерге қосымша 1-2 маман алу керек.
"Павлодар облысындағы 126 ауылдық округ аппараттарының тек үшеуінде ғана заңгер жұмыс істейді. 71 округ қана есепшімен қамтылған. Қызметкерлердің жүктемесі тым ауыр. Оның үстіне олардың еңбекақысы да анау айтқандай жоғары емес", – дейді Әлия Арынова.
Фархат Әміренов