Павлодардағы қарттар үйіндегі қариялар қандай жағдайда өмір сүреді?

1775

Санитарлық қызметкерлер әлеуметтік мекемеде жағдайдың жасалмағанына шағымданды. 

Павлодардағы қарттар үйіндегі қариялар қандай жағдайда өмір сүреді?

Павлодар қаласындағы қарттар үйі 1976 жылдан бері көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп келеді, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі. Бүгінде қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсету орталығында 155 егде тартқан адам мен 73 мүгедек бар.

Алайда олардың киімі бүтін, тамағы тоқ, жатар жері жайлы деуге мүлде келмейді. Мұны басқа емес, осы орталықтың қызметкерлері айтып отыр. Әлеуметтік желі арқылы жасырын шағым білдірген бір топ адам қарттар үйіндегі 13 кемшілікті тізбектеп берді. Олардың қатарында көмекке зәру жандардың ескі төсек-орынға жатып, сынған ыдыстан тамақтануына тура келетініне дейін бар.

"Орталықта санитарлық талаптар мүлде сақталмайды. Өздігінен жүре алмайтын адамдар жататын паллиативті бөлімде тарақандар көп. Емделушілерге тамақты сынған ыдыс аяққа салып береді. Іш киімдері жаңартылмайды", – дейді сол мекеменің қызметкерлері.

Олар жұмыс жағдайының жасалмағанын да айтты.

"Түнгі ауысымда емделушілерді қарауға небәрі екі санитарлық қызметкер қалады. Бір медициналық қызметкерге шамамен 75 пациенттен келеді. Олардың ішінде ерекше күтім керек мүгедектер де бар. Бір-екі адам бәріне қызмет көрсетуге қалай үлгереді? Оның үстіне басшылық санитарлық және медициналық қызметкерлерден тұрмыстық қалдықты шығару, қол сүртетін орамалды сатып алу сияқты шығындарды өтеу үшін ақша жинайды. Қоймадағы жаңа орамалдарды пайдалануға бермейді. Осының бәрі жаңа басшы келген соң басталды",– дейді шағымданушылар.

Бұл мәселеге қатысты аталмыш орталыққа осыдан жарты жыл бұрын басшы болып тағайындалған Марина Стрелковская пікір білдірді.

"Әлеуметтік желіде көрсетілген кейбір шағымдардың шындыққа жанасатыны рас. Мәселен, суреттегі диванның бұл мекемеде қай жылдан бері тұрғанын білмеймін, бірақ ұзақ жыл бойы жаңартылмағаны анық көрініп тұр. Сондықтан оның үстін жауып қойдық. Жаңа төсек-орын сатып алуға негізгі қажеттіліктерді алуға жарияланған мораторий қолбайлау болып отыр. Тек киім мен жұмсақ инвентарь сатып ала аламыз",– дейді Марина Стрелковская.

Орталық басшысы ыдыс-аяқтардың ескі екенін де жасырмады. Десе де, оның айтуынша, емделушілер сынған ыдыстарды пайдаланбайды. Олардың барлығы үш ай қоймада сақталып, кейін есептен шығарылады. Ал әлеуметтік желідегі ыдыстарды қарттар мен мүгедектердің өздері әкелген болуы мүмкін деген болжам жасады. Осы жылдың сәуір айында үнемделген қаржының есебінен мұндағы ас үй қажеттіліктерінің біразы жаңарған көрінеді.

Орталықтың басшысы осылай ақталмақ болғанына қарамастан, мәселе облыс басшылығының жеке бақылауына алынды. Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, аталмыш мекемеде жүйелі түрде мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Бұл уақытқа дейін жоғарыда аталған шағымдар түскен емес. Жұмыс барысын бақылаушылар да кемшіліктерді анықтамапты. Енді арнайы комиссия құрып, шағымда көрсетілген әр пунктің шындыққа келер-келмесі тексерілетін болады.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу