Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының inbusiness.kz порталының журналистік сауалына жолдаған жауабына сүйенсек, 2020 жылы Павлодар облысына шетелдік жұмыс күшін тартуға 717 квота бөлінген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Былтыр облысқа 424 квота берілген болатын.
"1 маусымдағы жағдай бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға 21 рұқсат берілді. Рұқсат алған 21 адамның екеуі – Аустралия азаматы. Сондай-ақ, Үндістаннан – 1, Ирландиядан – 1, Канададан – 1, Қытай Халық Республикасынан – 3, Перуден – 1, АҚШ-тан – 1, Тайландтан – 1, Түркиядан – 1, Өзбекстаннан – 1, Украинадан – 5, Франциядан – 2, Оңтүстік Африка Республикасынан 1 адамға рұқсат берілген", – деп көрсетілген басқарманың бізге жолдаған ресми хатында.
Жалпы, бүгінде облыс бойынша 64 рұқсат қолданыста екен.
"Шетелдік жұмыс күші негізінен тау-кен өнеркәсібіне, өңдеу өнеркәсібіне, құрылыс, білім беру, ауыл шаруашылығы салаларына, тұру және тамақтану қызметтеріне, сондай-ақ өзге де қызметтер ұсыну бағытына тартылады", – делінген ресми жауап хатта.
Өкінішке қарай, басқарма өкілдері шетелдік жұмысшылардың жалақысына қатысты сауалымызға жауап бермеген екен.
Еске сала кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес, шетелден кез келген жұмысшыны шақыруға болмайды. Себебі оның арнайы санаттары бекітілген. Шетелдік қызметкерлердің төрт санаты қарастырылған. Бірінші санат – бірінші басшылар мен олардың орынбасарлары. Екінші санат – құрылымдық бөлімшелердің басшылары. Үшінші санат – мамандар. Төртінші санат – білікті жұмысшылар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №722 бұйрығына сәйкес, жоғарыда аталған 717 квотаның нақты қандай салаларға және қандай санаттарға арналғанын анықтадық. Осы жылға қарастырылған 717 квотаның жартысынан көбі, яғни 569-ы құрылыс саласына бөлінген екен. Оның ішінде біздің облыстан 20 құрылымдық бөлімшелердің басшысына, 99 маманға және 350 білікті жұмысшыға сұраныс түскен.
72 квота өңдеу өнеркәсібіне беріліпті. Сөйтсек, бұл салаға 3 бірінші басшы немесе оның орынбасары, 22 құрылымдық бөлімше басшысы және 47 маман қажет екен. Одан кейінгі орында тау-кен өнеркәсібі тұр. Бұл салаға бөлінген квота саны – 37.
Сонымен қатар, биыл Павлодар облысы бойынша көтерме және бөлшек сауда, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу, ауыл, орман және балық шаруашылығы, тұру және тамақтану бойынша қызметтер, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет, білім беру, өзге де қызмет түрлерін ұсыну секілді салаларға шетелдік жұмыс күшін тартуға квота қарастырылған.
Биыл ел Үкіметі республика бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға 29 мың квота бөлген болатын. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға аз. Былтыр 49 мың квота қарастырылған-ды. Алайда, квота көлемі бұған дейінгі жылдардың көрсеткішіне байланысты емес. Ол жұмыс берушілер ұсынатын өтініштерге сәйкес анықталады. 2020 жылы квотаның көп бөлігін (10 567) Атырау облысы иеленіп отыр. Ал шетелдік жұмыс күшін аса қажет етпейтін өңір – Солтүстік Қазақстан облысы. Аталған өңірге берілген квота саны – 55.
Фархат Әміренов