Облыс орталығында өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары уақытша баспана ретінде ағаштан салынған екі қабатты үйлер бүгінде адам тұрғысыз. Бірақ осы уақытқа дейін жергілікті билік олардың орнына жаңа пәтерлер ұсынуға асыққан жоқ. Соның салдарынан бес бірдей отбасы құлағалы тұрған панасынан да айырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Кеше түскі 13.00 шамасында Циолковский көшесі, 12/1 мекенжайында орналасқан екі қабатты үйден өрт шықты. Сегіз пәтер орналасқан баспананың төбесі толығымен жанып кетті. Қызыл жалын үйдің ішіне де кіріп, пәтерлерді шарпыды. Енді бұл үй қалпына келтіруге де, адам тұруға да жарамайды.
Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Өрт басталған кезде тұрғындар құжаттарын ғана алып үлгеріп, далаға жүгіріп шыққан. Төтенше жағдай қызметінің хабарлауынша, тілсіз жау 15.06-да ғана толығымен ауыздықталды. Барлығы 120 шаршы метр аумақ күлге айналды. Оқиға орнында 39 қызметкер мен 10 техника, медицина орталығы, "102" қызметі, қалалық желі жұмылдырылды. Үйден үш бірдей газ баллоны шығарылды. Мамандардың алдын-ала болжамы бойынша, өртке тұрғындардың отты абайсыз қолдануы себеп болған.
Жалғыз баспанасынан айырылған отбасылар енді қайда барарын білмей дал. Бұл үй апаттық жағдайда болғанымен, жергілікті билік оны ысырып, орнына жаңа көпқабатты баспана беруге асыққан жоқ. Сондықтан тұрғындарға төбесі құлағалы тұрған, қабырғасы сөгіле бастаған пәтерлерін жағалаудан басқа амал болмады.
"Жаңа пәтерлерді күткенімізге көп болды. Біздің үйдің жанында тұрған үш баспананы қиратып, олардан босаған жерге жайлы пәтерлер салды. Осылайша, ескі пәтер иелері су жаңа үйлерге көшіріліп, уайым-қайғысы азайды. Ал бізге әкімдік өкілдері "Сіздердің үйлеріңіз құрылыс жұмыстарына кедергі келтіріп тұрған жоқ" деді. Сөйтіп, тұруға жарамайтын баспанамызды ысыруға асыққан жоқ. Енді мұнда тұрмақ түгілі қалған заттарымызды алып кету үшін кіруге болмайды. Сонда біз қайда барамыз?", - деп ашынады Жанна Нефедкина есімді тұрғын.
Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов 8 отбасының барлығымен кездесіп, оларды баспанамен қамтуға уәде берді. Алайда дәл қазіргі уақытта тек үш отбасыға лайық пәтерлер табылды. Тағы бес отбасының барар жері, басар тауы жоқ.
"Жақын күндері тұрғын үй қатынастары бөлімі бес отбасының мүшелерін уақытша көшіру үшін пәтер іздейтін болады. Бұл ретте жалдау ақысы қала бюджеті есебінен өтеледі. Тұрғындар тек коммуналдық қызметтерді төлейді", - деді шаһар басшысы.
Жалпы, Павлодар қаласындағы Алюминстрой ауданының тұрғындарын көшіру мәселесі бұрыннан бері өзекті болып тұр. Оның орнына жаңадан бой көтеріп жатқан Сарыарқа шағын ауданында құрылыс барысы бәсең болғандықтан, тұрғындар апаттық жағдайда өмір сүруге мәжбүр. Мұның салдары неге әкеп соғатынын кешегі жағдай анық көрсетті. Десе де, екі қабатты ескі үйлердің иелеріне әлі кем дегенде жарты жыл жаңа пәтерлерді күтуге тура келеді.
"Қазіргі уақытта шағын ауданда 285-ке жуық қоныс аударушы отбасы бар. Павлодар қаласының әкімдігі оларды Сарыарқа шағын ауданында салынып жатқан № 28, 33, 40, 41 үйлерге орналастыруды жоспарлап отыр. Жоспарлы қоныстандыру мерзімі - 2022 жылғы желтоқсан-2023 жылғы наурыз", - деп атап өтті Асайын Байханов.
Бірақ бұл тұрғын үйлер өткен жылдың соңында ел игілігіне тапсырылуы тиіс еді. Айталық, былтыр ақпанда құрылысы басталған №33 үй қарашада қолданысқа берілуі керек болатын. Яғни, 72 пәтерлі тұрғын үйді 9 ай аралығында салу жоспарланған-ды. Қарашадан бері жарты жыл өтсе де, құрылыстың аяқталар түрі жоқ. Жергілікті билік бұған құрылыс материалдарының қымбаттауы себеп екенін алға тартты. Сондықтан қайта қосымша қаржы бөлінген көрінеді. Бірақ нақты қандай сома қарастырылғанын әкімдік өкілдері дөп басып айта алмады.
Ал бұл уақытта үйлері осыдан екі-үш жыл бұрын жермен жексен болған баспана тұрғындары пәтер жағалап жүр. Жергілікті билік оларға жалдау ақысының сомасын өтейді. Атап айтқанда, бір бөлмелі үйді жалға алуға 50 мың теңге, екі бөлмелі пәтерге 70-100 мың теңге, үш бөлмелі үйге 80-120 мың теңге аударады. Әйтсе де, нарықтағы кейбір пәтерлердің жалдау ақысы бұдан анағұрлым жоғары. Оған қоса, отбасылар пәтерден пәтерге көшуден әбден шаршады. Сондықтан олар жаңа үйлерге қоныстанатын сәтті тағатсыздана күтіп жүр. Бірақ құрылыстың бүгінгі барысына қарасақ, тұрғындарға ұзақ күтуге тура келетін сияқты.
Құндыз Қабылденова