Павлодарлықтар Шәкәрім үшін шайқасып жатыр

2694

Зиялы қауымның талас-тартысына Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға араласуға тура келді, деп жазады Inbusiness.kz.

Павлодарлықтар Шәкәрім үшін шайқасып жатыр

Қазағының қатары қалыңдаған қала

Қазақстандық жас режиссер Фархат Серкебаевтың ресейлік көрермен "қазақтың Джон Уигі" деп бағалаған "Аға" фильмінде Павлодар қаласы үш жүздің ығайы мен сығайы құпия бас қосатын орда ретінде бейнеленген. Былайғы жұрт үшін бұл әрине, орыс тілділері көп қала. Расында, осыдан он жылдай бұрын онда барлық тұрғынның жартысына жуығы – орыстар, 35 пайыздайы ғана – қазақтар болды. Қазір тұрғылықты ұлттың үлесі салмақты деңгейге жетті. 2021 жылы қала тұрғындарының ұлттық құрамы келесідей: қазақтар – 175 628 адам немесе 48,53%, орыстар – 146 555 адам немесе 40,4%, украиндер – 13 232 адам немесе 3,65%, немістер – 7 706 адам немесе 2,12%.

Кейінгі жылдары қазақтардың еңсесі тіктеліп, рухы біраз көтеріліп қалды. Мысалы, биыл қаладағы көшелерді жаппай қазақыландыру науқанының ғажайып дүмпуі тіпті Ресейге дейін жетіп, көршінің әсіреимперияшыл саясаткерлерін кіжіне бармақ шайнауға мәжбүр етті. Павлодар қаласы мәслихатының депутаттары ІІІ кезектен тыс сессиясында қоғамдық талқылауға шығарылған 30 көшенің жаңа атауының 23-іне бірауыздан дауыс беріп, бекіткені мәлім. 

Үрдіс тоқтап қалмапты, бірақ ол жаңа кедергіге кезігуде. Енді қазақтар бірауызды бола алмай отыр.

Мәселенің мәнісін Шәкәрім Құдайбердіұлының ұрпақтары – Павлодар облыстық "Ақсақалдар тағылымы" қоғамдық бірлестігінің мүшесі Құралай Уақбаева мен павлодарлық кәсіпкер Мақсатжан Ғабдуллин айтып берді.

Айта кеткен жөн, Павлодар қаласында заманауи, жаңа білім ордасы бой көтерген болатын, онда №25 қазақ орта мектебі ашылды.

Содан 2018 жылғы мамыр айында бұл мектепте философ-ғалым Ғарифолла Есімнің, облыс әкімдігінің, павлодарлық зиялы қауым өкілдерінің, ғалымдардың қолдауымен ақын, жазушы, философ, тарихшы Шәкәрім Құдайбердіұлының орталығы салтанатты түрде ашылды. Ондағы мақсат – ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығын насихаттау арқылы ұлттық рухани бағытта жас ұрпаққа терең тәрбие мен білім беру, қаламгердің есімін жаңғырту болды.

Құралай Уақбаева мен Мақсатжан Ғабдуллин ол орталықты, қазіргіше айтқанда, лайықты контентпен қамту үшін біраз іс тындырды. Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетпен, абайтанушылармен байланыс орнатып, бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Шәкәрім орталығы арнайы жиһаздармен, заманауи техникалық құралдармен жабдықталды. Ақын-ғалымның еңбектері, зерттеулері, кітаптары, ол туралы деректер мен фотосуреттер жинақталды. Оқушылар арасында "Шәкәрім оқулары" өткізілді. Алдағы уақытта ұйымдастырылатын іс-шаралар жобасы бар көрінеді.

Ұлықтауға ірі тұлғалардың бәрі лайық

2018 жылғы Шәкәрім орталығының ашылу рәсімінде сөз сөйлеген ғалымдар, мәртебелі қонақтар осы білім ордасына болашақта Шәкәрім Құдайбердіұлының есімін беру туралы мәселе көтереді. Бұл ұсыныс облыстық "Сарыарқа самалы" газетінде жарияланып, ел құлақтанады. Ата-аналар да, зиялы қауым да қолдау білдірген.

Іс сонымен мәресіне таяғандай болды. Дегенмен он жылда бір оралатын халық санағы қарсаңында көшелер мен басқаларының атауын өзгертуге 2 жылға мораторий жарияланғаны мәлім.

"2019 жылы №25 мектепке Шәкәрім Құдайбердіұлының есімін беру жөнінде тиісті орындарға хат жолдағанымызда, бұл мәселеге мораторий қойылды деген хабар алдық. Енді осы мектепке балалары жоғарғы жақта қызмет ететін "ҚазКСР еңбек сіңірген мұғалімі" Рәзия Молдабекованың есімін бермекші. Бұл неғылған әділетсіздік? Әрине, ол мұғалімнің еңбегін жоққа шығармаймыз. Рәзия Асқарқызы қарапайым адам еді, көзі тірі болса, сөз жоқ, бұл әрекетке қарсы шығып, "Шәкәрім бабаның алдына шығуға болмайды" дер еді", – дейді Мақсатжан Ғабдуллин.

Рәзия Молдабекова жергілікті №10-шы Абай атындағы орта мектепте 27 жыл еңбек еткен. Ардақты ұстаздың ерен еңбегі халық есінде жақсы сақталған. Рәзия Асқарқызы көзі тірі болғанда 2020 жылы 95 жасқа толатын еді.

Мақсатжан Ғабдуллин Республиканың ономастика комиссиясы бекіткен, есімдері елді мекендерге, көшелерге, мектептерге берілуге рұқсат етілген 400-ден астам тарихи тұлғаның тізімі бар екенін алға тартады.

"Олардың қатарында Шәкәрім Құдайбердіұлы бар. Ал ұстаз Рәзия Молдабекованың есімі ол тізімде болуы мүмкін бе? Жүз жылда бір туатын елге тұтқа, халыққа тұлға болған Абай, Шәкәрім сынды ұлылардың жөні бөлек еді ғой. Әлде қазіргі қазақ қоғамында құндылық өзгеріп кетті ме? "Атамның аты – ауылға, көкемнің аты – көшеге" деп, қолы жеткендер ойына келгенін істей бере ме? Кеңестік тоталитарлық саясат салтанат құрған кезде еліміздің бірқатар аймағы орыстанып, қазақтың ұлттық руханияты жоғала жаздағаны мәлім. Сол аймақтардың қатарында өзге ұлт өкілдері басым болған Павлодар да бар. Ендеше Шәкәрім секілді ұлттың жоғын жоқтаған терең ойшыл, философ, ірі қаламгердің есімі осындай өңірде жаңғыруға, қазақтың ұлттық рухы асқақтауға тиіс", – дейді Құралай Уақбаева өз хатында.

Қарсы тараптың да уәжі бар: "Мектеп ұжымы Рәзия Молдабекованың есімін беруді қолдап отыр".

Бұл дау Президент Әкімшілігінің басшысына дейін жетті.

Билік не дейді?

Мәдениет және спорт министрі, Үкімет жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының төрағасы Ақтоты Райымқұлова Павлодар қаласының №25 мектебіне Ш. Құдайбердіұлының есімін беру туралы өтінішті Павлодар облысы әкімдігімен бірлесіп қарастырғандарын айтады. Нәтижесі не болды?

"Қазақ тарихында өзіндік орны бар тарихи тұлғаларымыздың бірі Шәкәрім есімі қандай жоғары марапатқа да лайық деп есептейміз. Министрлік өз тарапынан ұлы тұлғамыздың есімін ұлықтауға байланысты бастамаларды әрқашан қолдайды. Тәуелсіздік жылдарында оның есімін ұлықтау мақсатында елімізде бірқатар шаралар жүзге асырылды. Атап айтқанда, Шәкәрім Құдайбердіұлының есімі республика бойынша 88 көшеге және 10 білім беру мекемелеріне берілген. Алдағы уақытта аталған жұмыстар заңнамаға сәйкес өз жалғасын табатын болады", – деді мәдениет министрі.

Бірақ жаңа атау беру үшін ұжымның қолдауы керек көрінеді.

"Сонымен қатар ономастика саласындағы заңнамаларға сәйкес, кез келген мемлекеттік мекемеге атау бермес бұрын жергілікті әкімдік тарапынан бірқатар процедуралар өткізіледі. Нақтылай кетсек, білім беру мекемелеріне атау беру барысында ең алдымен аталған мәселе ұжымдық жиналыста қаралуға тиіс. Тек қолдау тапқан жағдайда ары қарай облыстық ономастика комиссиясында талқыланады. Егер комиссияның оң қорытындысын алса, әкімдік пен мәслихаттың бірлескен қаулысымен Республикалық ономастика комиссияның қарауына ұсынылады. Комиссия мүшелері тарапынан қолдау білдірілген жағдайда қорытынды ұсынылады", – деп түсіндірді А. Райымқұлова.

Яғни мектепке кімнің атын беру керек деген мәселе жергілікті деңгейде шешіліп қойылғанға ұқсайды. Бірақ соңғы шешім бәрібір елордада шығарылады. Нүктені Үкімет жанындағы комиссия қояды.

"Павлодар облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, мектеп ұжымы Павлодар қаласының №25 жалпы орта білім беру мектебіне халық ағарту ісінің үздігі Рауза Молдабекованың есімін беру туралы ұсыныс білдіріп, ұжымдық хаттамамен облыстық әкімдікке жолдаған. Облыс әкімдігі ұжымдық хаттаманың негізінде заңнамаға сәйкес қабылданған тиісті құжаттарды – Павлодар облыстық мәслихаты мен әкімдігінің бірлескен қаулысы мен шешімін Қазақстан Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясына қарау үшін ұсынды. Осылайша, комиссияның алдағы уақытта өтетін отырысында Павлодардағы №25 мектепке Рауза Молдабекованың есімін беру мәселесі қарастырылады", – деп хабарлады Ақтоты Райымқұлова.

Министр сол отырыста Шәкәрім ұрпақтарының өтініштері де комиссия назарына ұсынылатынын жеткізді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу