Пекин 2022. Алғашқы сайыс күнінің қорытындысы

2176

Бүгін, 5 ақпан қазақстандық спортшылар Бейжіңде өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында алғашқы медальдар жиынтығы үшін сынға түсті.

Пекин 2022. Алғашқы сайыс күнінің қорытындысы

Чжанцзякоуда  шаңғымен трамплиннен секіруден (К-95) Қазақстан атынан Данил Васильев пен Сергей Ткаченко сайысқа түсті. Нәтижесінде Данил 46,2 ұпай, ал Сергей 43,1 ұпай жинады. Екеуі де іріктеуден өтіп, енді финалда өнер көрсетеді.

Могулдан Қазақстан құрамасының көшбасшысы Дмитрий Рейхерд 76,77 ұпаймен сегізінші орынға табан тіреп, финалға бір қадам жетпей қалды. Оның әріптесі Павел Колмаков алғашқы финалға шыға алмады. Ол екінші іріктеу сайыстарында 11-нәтиже (69,54) көрсетті.

Шорт-тректен Қазақстан құрамасы (Абзал Әжіғалиев, Яна Хан, Ольга Тихонова және Денис Никиша) аралас эстафетада бесінші орын алды. Сонымен қатар шорт-тректе Әділ Ғалиахметов өнер көрсетті. Бірақ, ол жарыстың ширек финалына өте алмады.

3000 метр қашықтықта конькимен жүгіруде Надежда Морозова финалда 2018 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері америкалық Миа Кильбургті басып озды. Бірақ, жүлдегерлер қатарына іліге алмады.

Әйелдер арасында скиатлоннан қазақстандықтардан (классикалық стильде 7,5 шақырым + еркін стильде 7,5 шақырым) төрт шаңғышы өнер көрсетті. Ксения Шалыгина 48-ші (50:37,7), Ангелина Шурыга – 49-шы (50:55,3), Валерия Тюленева – 51-ші (51:30,8), Надежда Степашкина - 58-ші (53:35,3) болып мәреге келді.

Сонымен қатар бүгінгі жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының сапындағы алғашқы ақшалай жүлдегерлер анықталды. Шорт тректен жұбаныш финалында қазақстандықтар бесінші-алтыншы орындар үшін күресте Нидерланды өкілдеріне есе жіберді. Алайда негізгі финалда Канада құрамасының шеттетілуіне байланысты Нидерланды төртінші, Қазақстан бесінші орынға көтерілді. Осылайша шорт-тректен аралас эстафетада Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Ольга Тихонова және Яна Хан бесінші нәтиже көрсетті. Олардың әрқайсысы 10 мың АҚШ долларынан сыйақы алады.

Естеріңізге сала кетейік, Олимпиадада алтын жүлде алған қазақстандық спортшылар 250 мың, күміс жүлдегер 150 мың, қола жүлдегер 75 мың АҚШ доллар алады. Сондай-ақ сыйақы төртінші (30 мың АҚШ доллары), бесінші (10 мың АҚШ доллары) және алтыншы (5 мың АҚШ доллары) нәтиже көрсеткен қазақстандықтарға да беріледі.

Ермұхамед Мәулен