Pinduoduo, Taobao, Poizon арқылы Қытайдан тауар алғызатындарға жаңа қатаң талап енгізілмек

5769

Сарапшылардың байламынша, барлық тауарға техрегламенттер енгізу – бүкіл электронды сауданы "өлтіріп" тынуы мүмкін.

Pinduoduo, Taobao, Poizon арқылы Қытайдан тауар алғызатындарға жаңа қатаң талап енгізілмек Фото: bangkokbook.ru

Ұлттық экономика министрлігі "Қазақстандағы кедендік реттеу туралы" Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасын әзірлеп шықты. Құжат қазіргі кезде ең бір қарқынды дамушы саланы – интернет сауданы реттеуге бағытталған.

Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың командасының ұстанымынша, "қолданыстағы кеден заңнамасында сыртқы электрондық сауданы реттеу регламенттелмеген".

"Қазіргі уақытта кеден заңнамасында кеден органдары мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар арасында туындайтын кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін нормалар жоқ. Осыған байланысты "электрондық сауданың уәкілетті операторлары" институтын енгізе отырып, заңнамада шетелдік интернет алаңдардан сатып алынатын тауарларды кедендік әкімшілендіру қағидаларын жеке блокқа бөлу қажеттілігі туындады", – деп түсіндірді министрлік сарапшылары.

Шенеуніктерді неге бұл сала қызықтырып отырғаны түсінікті. Электронды сауда алаңдарына қарай триллиондаған қаржы ағылуда. Қазақстандықтардың үлкен бір бөлігі бүгінде киім-кешекті, үйге керек-жарақты, "мың ұсақ-түйекті" және басқасын базардан, дүкеннен сатып алуды қойып барады. Олар оның бәрін Pinduoduo, Taobao, Poizon, 1688 сияқты қаптаған қытайлық маркетплейстар мен онлайн платформалар арқылы сатып алады.

Сауда орындарына бас сұққанның өзінде нақты бір затты сатып алу үшін бармайды, киім-кешекті шақтап көріп, ұнағанының жеке деректерін, артикулын суретке түсіріп алып, кейін оны интернеттегі сауда алаңдарынан іздейді. Осы арқылы қазақстандықтар электронды саудаға тарихта болмаған ғаламат серпін берді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылы бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі электрондық сауданың үлесі 12,7%-дан асты. Бірер жыл бұрын ғана оның үлесі бірер пайыз болатын.

Былтырғы жыл қорытындысында электронды сауда сегментінде айналатын табыс 2 триллион 439,8 миллиард теңгеге жеткен. Оның ішінде қытайлық маркетплейс платформаларына бағытталған айналым 1 триллион 767,6 миллиард теңгені құрады. Осылайша, отандық электрондық сауда нарығының елеулі үлесі шетелдік, негізінен, шың елінің интернет-алаңдарына тиесілі.

Шенеуніктер бұл алапат тасқынға тосқауыл қоя алмайды. Тұңғыш Президент тұсынан бері көпбағдарлы саясат ұстанатын Қазақстан шығыс көршімен одақтастық қатынастарды ұстанып келеді.

Оның үстіне ел Үкіметі электрондық сауданың үлесін 2030 жылға қарай 20%-ға дейін ұлғайту міндетін қойып отыр. Осы жұмыс аясында елдегі қоймалар желісін және логистикалық инфрақұрылымды дамыту жөнінде шаралар қабылданатын болады.

"Электрондық сауда көлемінің өсуіне байланысты нарықтың осы сегментін реттеу қажеттілігі туындайды. Сондықтан кеден заңнамасына өзгерістер енгізу электрондық сауданы реттеу мәселесінде логикалық-қисынды шешім болып табылады", – делінген жаңа заңжобаға арналған реттеушілік саясаттың консультативтік құжатында.

Егер қазақстандықтардың қытайлық, шетелдік онлайн платформаларда сауда жасауына тыйым салмайды екен, сонда бұл жаңа заң жобасының жаңалығы неде? Ол әрбір қазақстандықты шетелдік сауда алаңдарында алған әрбір тауарын кедендік декларациялауға мәжбүр етпек. Себебі, қазақстандықтар ресми тапсырыс береді, ақысын аударады. Алайда сол тауарды жеткізушілер жүкті контрабандамен алып өтуі де ғажап емес. Жаңа схема бойынша елге келген әрбір тауар есепке алынбақ. Тиісінше, ол үшін кедендік баж алымдарының төленген-төленбегені анықталады.

"Жарнамалағаным емес, жөн көрсеткенім дерсіз, Pinduoduo, Poizon сияқты қаптаған онлайн платформаларда баспана мен көліктен басқа заттың бәрін табуға болады. Киім, аяқ киім, тұрмыстық техника, жиһаз, гаджеттер, ұялы телефондар, косметика, оригинал брендтік заттар – бәрі бар. Мысалы, елорданың сауда орындарында 15 мыңнан бастап, 30 мың теңгеге дейін сатылатын әсем көйлекті мен солардан 2-5 мыңнан таптым. Қазіргі қымбатшылық заманында халыққа осы маркетплейстер көмекке келді деуге болады. Егер шетелдік маркетплейстен өзінің сатып алып, жеткізілімге өзіңіз тапсырыс берсеңіз, онда кедендік декларацияны өзіңіз толтырасыз. Мен Cargo, көлік-тасымал компаниясы арқылы тапсырыс беремін, декларацияны солар толтырады", – деді астаналық сәнқой бойжеткен, IT маман Әлия.

Жаңа заң жобасы бойынша әрбір азамат шетелден өзі сатып алған тауарының Еуразиялық одақтың қауіпсіздік жөніндегі техникалық регламенттеріне сәйкес келетінін растауы қажет болады.

Сарапшылар Қазақстанның бұл қадамға одақтың қысымымен барғанын болжады. Ұлттық экономика министрлігі мұның – одақ талабы екенін жасырмады.

"Қазіргі уақытта жеке тұлғалар шетелдік интернет-алаңдардан сатып алатын тауарларға Еуразиялық одақтың және Қазақстанның техникалық регламенттерінің талаптарын қоюға мүмкіндік жоқ. Ал, ЕАЭО туралы шартқа сәйкес, одақ аумағында – оған кіретін 5 елде бірыңғай кедендік реттеу жүзеге асырылады. Осыған байланысты, Қазақстан аумағында, ЕАЭО аясында айналымда болатын тауарлардың, өнімдердің қауіпсіздігі – техникалық регламенттерді қолдану арқылы қамтамасыз етіледі", – деп мәлім етті Ұлттық экономика министрлігінің сарапшылары.

Сондықтан ведомство елге, Қазақстан арқылы одақ аумағына енетін әрбір импорттық тауар ЕАЭО-ның қауіпсіздік бойынша техрегламенттеріне толық сәйкес болуға тиіс деп табандап отыр.

Министрлік "қолданыстағы кеден заңнамасында электрондық сауда тауарларын кедендік декларациялау реттелмегеніне екпін түсірді.

"Қазіргі уақытта жеке тұлғалардың шетелдік интернет алаңдарда сатып алған тауарлары кедендік декларациялауға жатпайды. Сондықтан электрондық сауда тауарларын кедендік декларациялауды енгізу – кеден заңнамасының сақталуын бақылау, кедендік төлемдердің төленуі, тауарлардың сапа мен техрегламенттер талаптарына сәйкестігін растау үшін қажетті процесс", – делінген оның консультациялық құжатында.

Тиісінше, жаңа заңмен Pinduoduo, Taobao, Poizon, 1688, Wildberries және басқа шетелдік маркетплейстер мен онлайн платформаларда сатып алынған әрбір тауар үшін "міндетті кедендік декларациялау" енгізілмек.

Дегенмен, сарапшылар бұл жаңашылдықтың билікке абырой, елге пайда әкелмейтінін қаперге салды. Кезінде өзі де мемлекеттік кірістер саласында істеген білікті маман, Қазақстанның кедендік брокерлер (өкілдер) қауымдастығының бас директоры Эрланд Төлеубаев мұндай жаңа талаптар елдегі бюрократияны арттыратынын ескертті.

Президент Тоқаев керісінше, қанды қаңтардан кейін, 2022 жылғы 14 сәуірде мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту туралы жарлыққа қол қойып еді.

"Экономика министрлігі қазіргі уақытта жеке тұлғалардың шетелдік интернет алаңдарда сатып алынған тауарлары кедендік декларациялаудан өтпейді дейді. Бұл – өрескел қате қорытынды! Бүгінде осы аталған тауарлардың барлығы кедендік рәсімдеуден өтеді. Шетелдік пошта жөнелтілімдері арқылы жіберілген тауар CN23 пошталық декларациялауынан өтеді. Тасымалдаушылар жеткізетін тауарларға жолаушылардың кедендік декларациясы, немесе экспресс-жүктерге арналған кедендік декларациялау қолданылады. Ал, егер тауар құны жеке пайдалануға арналған тауарларды бажсыз әкелу шегінен асып кетсе, онда кедендік кіріс ордері толтырылады. Сол бойынша кедендік баждарды есептеу жүзеге асырылады", – деп түсіндірді Э.Төлеубаев.

Сондай-ақ шетелдік сауда алаңдарынан азаматтарымыз сатып алған әрбір тауар үшін "одақтың стандартты техрегламентін қолдануды талап ете бастау" халықты күйзелтуі мүмкін екен.

"Электронды сауданың барлық тауарына техрегламенттерді қолдану – бүкіл электронды сауданы тоқтатады! Мысалы, қазіргі кезде қазақстандықтар сырттан алғызатын тауарларының жартысынан астамын киім-кешек құрайды. Оларға ЕАЭО қауіпсіздік бойынша техрегламенттерінің талаптарын қолданса, онда әрбір адам мысалы, Қытайдан алғызған әрбір тауарын сертификаттаудан өткізуге міндетті болады. Енді қараңыз: Қазақстанда тауарларды сертификаттаудың ең төменгі бағасы – 40 мың теңге!", – деді Эрланд Төлеубаев

Ол бір мысал келтірді: Қазақстан азаматы қытайлық маркетплейстен 4 мың теңге тұратын көйлек алғызуы мүмкін. Егер жаңа заңды Парламент қабылдап, оған Президент қол қойса, онда ол 4 мың теңгелік көйлегін кем дегенде 40 мың теңгелік сертификаттаудан өткізіп, киімнің Еуразиялық одақтың қауіпсіздік техрегламентіне сәйкес келетін-келмейтінін анықтауға тиіс.

Бұған қоса, одан мемлекет сол көйлекті кедендік декларациялаудан өткізіп, кедендік баж төлеткізбек. Сол себепті, сарапшының айтуынша, техрегламенттерге қатысты талаптарды енгізу – оң емес, теріс сипаттағы қадам болмақ.

Оның үстіне кедендік баждан түсетін Қазақстанның түсімдері Қазақстанның бюджетін емес, Ресейдің бюджетін қампайтады. Биылғы 2 мамырда Үкіметке депутаттық сауал жолдаған "Ақ жол" фракциясының депутаттары Еуразиялық одаққа мүше елдердің кеденде жинайтын барлық кеден баждары мен төлемдері олардың бюджеттеріне емес, одақтың ортақ қазанына түсетінін еске салды. Ары қарай ол ортақ қазынаға түскен соманың басым бөлігін – 86,97%-ын Ресей алады. Қазақстанға небары – 7,25%-ы тиеді. Қалғаны өзге елдерге тасталады.

Ендеше елдегі қымбатшылықтан қысым көріп, тұрмысы титықтаған қазақстандықтарға Қытайдың интернет базарларынан арзан өнім алғаны үшін алым-салық ауыртпалығын арттырғанда шенеуніктердің нені мақсат тұтатыны, неден ұтатыны белгісіз қалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу