Польшадағы сайлау халықтың билік пен Украинаға шын көзқарасын паш етті

1652

Ярослав Качиньский басқаратын PiS партиясының рейтингтері кейінгі екі жылда қатты құлдырады.

Польшадағы сайлау халықтың билік пен Украинаға шын көзқарасын паш етті Фото: Aleksandra Szmigiel / Reuters

Поляк елі "өз тарихындағы ең маңызды сайлауды" және референдумды өткізді. Оған дауыс берушілер қатысу жағынан рекорд орнатты.

Өткен жексенбіде, 15 қазанда Польшада Сейм мен Сенаттың көптен күтілген сайлауы ұйымдастырылды. Оның барысында азаматтар Төменгі палатаның 460 депутатын және 100 сенаторды таңдады. 

Парламенттік дода сыртында, жұртшылыққа референдумда өз ықтиярын білдіріп, 4 сұраққа жауап беру ұсынылды. Ол елдің билеуші партиясының соңғы жылдары жүргізіп отырған саясатына халықтың бағасын алуды қарастырды. Бірақ оған халықтың қызығушылығы төмен болғандықтан, референдум өтпеді деп танылуы мүмкін.

Поляк саясаткерлерінің көпшілігі, соның ішінде Премьер-министр Матеуш Моравецкий дәл осы сайлауды "елдің заманауи тарихындағы ең маңызды таңдау" деп атады. 

Нәтижесінде, үгіт науқаны өте қызу, тіпті күйгелек, елдің жүйкесіне тиетіндей ауыр өтті. Билік партиясы өзінің басты қарсыласы – елдің бұрынғы көшбасшысы Дональд Тускке небір ауыр айыптар тақты. 

"Егер сіз билік Путинмен ауыз жалассын, шекаралар бұрынғыдай ашық-шашық қалсын, армия дағдарысқа ұшырасын, ел Еуропадан алшақтап, экономика күйресін десеңіз ғана Дональд Тускке дауыс беріңіз", – деп қорқытты билік партиясы төл үгіт роликтерінен.

Шынында, "Құқық пен Әділеттілік" (PiS) билеуші партиясының жетістігі көп: соның тұсында Польшаның Қарулы күштері өз аймағында ғана емес, әлемдегі заманауи озық қарулармен жете жабдықталған ең қуатты армиялардың біріне айналды. Бүкіл Еуропа Польшаны Мәскеудің бұрынғы отары санамай, онымен санасатын болды. 

Соған қарамастан, Ярослав Качиньский басқаратын PiS партиясының рейтингтері кейінгі екі жылда қатты құлдырады. Салдарынан дәл сайлау қарсаңында бұрынғы премьер-министр Дональд Туск жетекшілік ететін елдің басты оппозициялық партиясы – "Азаматтық платформаның" рейтингі онымен теңесіп қалған еді. Бұл жерде атап өтетін жайт: Туск пен "Азаматтық платформа" тіпті де путиншіл емес, керісінше нағыз еуропашыл күштер саналады. 

Польшада үлкен орыстілді орта болғандықтан, Мәскеу пропагандасы сол аудиторияға ықпал етуге барын салды: басты қос күшті бір бірімен шағыстыруға, бір біріне айдап салуға тырысты. Мысалы, поляк фермерлері жағдайының ауырлауының басты себебі ретінде елдің және Еуропаның ішкі нарығын  украиналық арзан ауыл шаруашылығы өнімдерінің жайлауын атады. 

Польша – ірі аграрлық мемлекет саналады, онда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен 2 миллионнан астам шаруашылық айналысады. Миллиондаған фермердің дауысын иелену үшін іс басындағы билік Еуроодақ шешіміне қарсы шығып, Украинаның ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортына тыйым салды, санкция енгізді. 

Қызды-қыздымен PiS лидері, премьер Матеуш Моравецкий биылғы қыркүйекте Польшаның Украинаға әскери көмек беруін доғарғанын, ары қарай ішкі армиясын жабдықтауға баса мән беретінін мәлімдеді. Бұл мәлімдеме АҚШ-тың таңданысын туғызды. Себебі, поляктар өздеріндегі негізінен кеңестік ескі арсеналды Украинаға табыстап, орнына НАТО елдерінен заманауи алдыңғы қатарлы қару-жарақ пен әскери техника алып жатқаны мәлім. 

Бірақ Украинамен текетірес тақырыбы сайлаушылар арасында танымал еместігін сайлау көрсетті.

Сарапшылардың байламынша, 18 жылдан бері Парламенттегі басты партия болып келген "Құқық пен Әділеттіліктің" (PiS) рейтингінің төмендеуіне оның депутаттарының халыққа ұнамаған даулы шешімдері мен заңдары ықпал етті. Мысалы, билік ұрықта патологиялары анықталса да, аборт жасатуға тыйым салу қоғамның қарсылығын туғызды. 

Елдегі сайлау учаскелері жабыла салысымен, поляк ақпарат құралдары экзитпулдар негізінде Сеймге дауыс берудің алдын ала қорытындыларын жариялады. Оған сәйкес, билеуші "Құқық пен Әділеттілік" партиясы 36,8% дауыс жинап, формалды түрде жеңімпаз атанды.

Формалды түрде болатыны, оның басты бақталасы "Бұқаралық коалиция" (орталық партиясы – Тусктың "Азаматтық платформасы") одан көп қалып қойған жоқ, сайлаушылардың 31,6%-ының дауысын иемденді. Яғни, жеңімпаз бәрібір Үкіметті өзі қалыптастыра алмайды.

Үштікті 13% нәтижесімен "Үшінші жол" партиясы тұйықтады. "Жаңа солшылдар" партиясының жетістігі – 8,6%, "Конфедерацияның" еншісінде – 6,2%. 

Соңғы партияның қол жеткізген үлесі де сарапшыларды қызықтырды: өйткені "Конфедерация" кремлшіл саналады, Украинаға әскери және басқа көмекті толық тоқтатуды талап етті. 

Осылайша, негізінен, Украинаны жақтайтын күштер жеңіп отыр.  
Экзитпулдардың алдын ала қорытындылары бойынша "Құқық және Әділеттілік" Парламенттің төменгі палатасында 200 мандат, "Бұқаралық коалиция" – 163, "Үшінші жол" – 55, "Жаңа солшылдар" – 30, "Конфедерация" – 12 мандат қана алуы мүмкін.

Нәтижесінде, "Бұқаралық коалициядан", "Үшінші жолдан" және "Жаңа солшылдардан" құралған оппозициялық коалиция алдын ала есеп бойынша 248 мандат немесе дауыстардың 53,2%-ын еншіледі: Үкіметті қалыптастыруға 231 мандат жинаса да жетеді. 

Билік партиясы "Құқық пен Әділеттілік" қалған "Конфедерациямен" күш біріктірсе де, 212 мандатқа ғана қол жеткізеді. 

Басты оппозициялық партияның лидері Дональд Туск экзитпулдар қорытындысы жариялана салысымен, Сеймда енді оппозиция басым күшке айналғанын, ол бұдан былай "Құқық пен Әділеттіліктің" заңнамалық бастамаларын бұғаттап тастай алатынын мәлімдеді. 

Еске сала кетелік, мұның бәрі – экзитпулдардың қорытындысы. Ал Польшаның Ұлттық сайлау комиссиясы санақты жалғастыруда. Қазіргі кезде дауыстардың 60,15 пайызы ғана саналған. Соның негізінде әзірге дауыстар партиялар арасында келесідей бөлініпті:

  • "Құқық пен Әділеттілік" – 37,67%; 
  • Азаматтық коалиция – 28,43%;
  • Үшінші жол – 14,4%;
  • Жаңа солшылдар – 8,34%;
  • Конфедерация – 7,29%.

Бұл жолғы сайлау дауыс берушілер легінің ауқымдылығымен де қайран қалдырды. Халықаралық ақпарат құралдары сайлау учаскелерінің алдындағы ұзынсонар, тіпті шақырымға созылған кезектерді түсіріп, таратты.  Польшада дауыс беру бүкіл ел бойынша жергілікті сағат 7:00-де ашылып, кешкі 21:00-де аяқталды. Ұлттық сайлау комиссиясының дерегінше, сайлаушылардың қатысу үлесі 72,9%-дан асты. Еуропа үшін бұл өте көп саналады. 

Көрші елдегі парламенттік додаға бақылаушы болып қатысып қайтқан Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясының (ПАСЕ) Миграция, босқындар және орнын ауыстырған тұлғалар комитетінің вице-президенті Алексей Гончаренко өз байламын бөлісті.

"Басты байлам бірнешеу және барлығы да Украина үшін жағымды деуге болады. Біріншіден, Польша күрделі электоралдық кезеңнен шықты. Ары қарай Киев пен Варшава бірге, байсалды жұмыс істей алады. Екіншіден, антиукраиналық партия жарға жығылды. Үшіншіден, билеуші PiS партиясы бұған дейін Украинаны қолдап, қорғап келді. Оған алғысымыз зор. Парламенте басым күшке айналған солшылцентристік коалиция Еуроодақпен бұрынғыдан да жақын кірігіп, үйлесімді қимылдайтын болады. Себебі, PiS Брюсселге қарсы антогонист болып, ұжымдық Еуропада Польшаны оппозиция рөлінде ұстайтын. Ал Дональд Туск жеті жыл бойы Польша Үкіметін басқарған соң, ұзақ жыл, 2014–2019 жылдары Еуропалық кеңестің төрағасы болды. Яғни, ол елді Еуропаға барынша кіріктіре түседі", – деді А.Гончаренко.

Ол осы сайлауда "Конфедерация" көп дауыс жинайды деген қауіп болғанын айтты.

"Өйткені ресейлік пропаганда Украинаға тоқтаусыз, шет-шегі жоқ көмектен поляк сайлаушысы шаршады деп қақсаумен болды. Бұған украиналық қоғам да сеніп, рухы түсе бастаған. Шынында олай болмай шықты. Сайлауалды бағдарламасы антиукраиналық ұрандарға құрылған "Конфедерация" ең аз дауыс жинады. Бұл – Украина үшін жақсы жаңалық. Сайлау қорытындысы Украинаға қарсы ұрандар мейнстрим болып табылмайтынын паш етті. Сарапшылар "Конфедерация" кем дегенде 15 пайыз дауыс жинайды деп болжаған. Нәтижесінде оның жетістігі мардымсыз болып шықты және оның депутаттық фракциясы саяси шешімдер қабылдауға елеулі ықпал ете алмайды. Егер бұл партия сайлау қорытындысында салмақты үлеске, "алтын акцияға" ие болғанда, Украинаға қатысты шешімдерді бұғаттап отыратын еді", – деді Алексей Гончаренко.

"Выборча" басылымының түсіндіруінше, Украинаны қызу жақтайтын Президент Анджей Дуданың қолында да біраз билік бар. Ал президенттік сайлау тек 2025 жылғы мамырда өтеді. 

Дуда үгіт науқаны барысынла Үкіметті қалыптастыру миссиясын жеңімпаз партияға жүктейтінін мәлімдеді. 

Заңдық рәсімге сәйкес, Ұлттық сайлау комиссиясы парламенттік сайлаудың ақырғы қорытындыларын жариялаған соң Президент жаңа Сейм мен Сенаттың бірінші отырысын шақырады да, жаңа Премьер-министрді тағайындайды. Президенттің шешімін парламентшілердің басым көпшілігі құптауы керек. Егер қолдамаса, онда Үкімет басшысының кандидатурасын Сеймнің өзі ұсынады. Өз кезегінде Премьер жеңген партиямен немесе коалициямен ақылдаса отырып, министрлер құрамын қалыптастырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу