Қынжылтатыны сол, мамандардың түсініктемелері керісінше, ел арасындағы дүрбелең өртіне май құймаса, оны баса алмай отыр. Мәселен, денсаулық сақтау министрлігі менингиттен қорғану үшін халық көп жиналатын жерлерге бармауға, бұқаралық шараларға қатыспауға ұсыным таратуда. Осылайша, қазақстандықтардың бойында жұмыс орнына баруға деген қорқыныш туындапты. Өйткені жұмыскерлер үлкен ұжымдарда, зауыт-кәсіпорындарда көптеп жиналады, төмен деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер де күнделікті лек-лекпен ағылатын халықты қабылдайды. Яғни, ірі лауазымды шенеуніктер сияқты жеке әрі жабық кабинетте тығылып, бәрінен оқшаулана алмайды. Сонда биік шенділер "қалың бұқарамен "контакт" жасама" дегенде, өздеріне өздері кеңес бергендей болып шығуда.
Бұдан бірінші кезекте бизнес зардап шегуі ғажап емес. Өз өмірін бәрінен қымбат санап, қауіптен басын ала қашқан еңбеккерлер жұмысқа шықпай қойса, өндіріс дағдарары сөзсіз. "Адам көп жиналатын жерге барма дейді. Қалай бармайды, олардың жұмысында адамдар ығы-жығы, қалың нөпір. Өйткені құмырсқа илеуіндей қайнап жатқан кәсіпорын ғой", – деп аң-таң болады кәсіпкерлер.
"Кеше мысалы, менің қабылдауыма отандық ірі кәсіпорынның басшысы кіріп, сұрап жатыр: "Мен жұмысшыларымның бәріне жаппай егу жұмыстарын жүргізейін бе, жүргізбеймін бе? Бізге неге соны ашып айтпайсыздар?! Өйткені жұмысшыларымның арасында алаңдаушылық басым" дейді ол. Мұны айтып, түсіндіріп жатқан ешкім жоқ", – деп қабақ шытты үкімет басшысы денсаулық министріне қарап.
Бақытжан Сағынтаев менингитке қарсы екпенің бағасы да удай екеніне назар аудартты. Егер мемлекет көмекке келмесе, ұжымы бірнеше мың адамнан тұратын ірі кәсіпкерлер иығына зілбатпан шығын ауыртпалығы түскелі тұр.
"Халық вакцина мәселесіне де көп алаңдауда. "Егу керек пе, екпеу керек пе?" деп мазасызданады. Ал қазақстандықтар өз еркімен және өз бетінше егілейін десе, вакцина бағасы өте қымбат! Бір облыста әр адам үшін 20 мың теңгеден тұрса, бір өңірде ол үшін 40 мың теңге сұратады. Осындай жағдай болып жатқан кезде, құрметті әкім мырзалар, сіздер де бақылауға алып, керегінше көмек көрсетіп, бірлесіп, бағасын түсіруіміз керек. Дүрбелең-паника жасамау қажет", – деді аймақ басшыларына қайырылған үкімет жетекшісі. Яғни, алда вакцинаға орталық пен жергілікті бюджеттен дотация жасалуы ықтимал.
Айтпақшы, менингит індеті үкімет отырысының да форматын өзгертті. Әдетте, облыс әкімдері өңірлерінің төл "астаналарындағы" өз кабинеттерінен шықпай-ақ, бейнеконференц байланысы көмегімен елордаға, "Үкімет үйіндегі" жиынға қосыла салатын. Бұл жолы әкімдер Астанаға арнайы шақырылды.
Олардың көзінше салаға жауапты орталық және өңірлік шенеуніктерді қатаң сынаған Бақытжан Сағынтаев денсаулық сақтау министрлігі енгізген тағы бір жаңалықтың олқылығын нұсқады. Атап айтқанда, азаматтарды өздерінің тұрғылықты жері бойынша емханалар мен ауруханаларға тіркеу және бекіту осындай эпидемия кезінде үлкен кесір келтіретіні анықталуда.
"Салдарынан, "облыстық науқас", "қалалық науқас" деп сырқаттарды бөліп, ауруханалар "бөтендерді" қабылдамай жатыр. Мұндай мәселелерді, Елжан Амантайұлы, жедел шешу қажет. Оқып жатырмыз, кеше сырқатты Талғардан Қаскелеңге дейін 2 сағат бойы тасымалдаған. Ал анасы "баласынан 3 сағат ішінде айырылып қалғанын" айтып отыр. Талғардан Қаскелеңге дейін жеткенше қай заман?! Неге оны іргедегі Алматы қаласына апарып орналастыруға болмайды. Неге осындай жөнсіздіктерді жедел түрде бұйрықтарыңызды беріп, шешпейсіздер? Егер ол әкімдерге байланысты болса, солармен тиісті жұмыс жүргізу керек. Бұл жөнінен кемшіліктер бар жұмыста, Елжан Амантайұлы!" – деп нықтады премьер Бақытжан Сағынтаев.
Ол осындай індет жайылған кезде, "аталған инфекцияны жұқтырғандардың барлығын ештеңеге қарамастан бірден қабылдау қажет" деп, барлық емдеу мекемелеріне нұсқау беруді жүктеді.
"Бүгін Алматыға жол жүріп барасыз. Барлығын өз көзіңізбен көріп, қажетті шешімдер қабылдап, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын", – деді үкімет басшысы.
Өз кезегінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұл жағдайға жауапкершілікті әкімдерге аударды: министрліктің тиісті бұйрығы бұрыннан бар көрінеді, тек жергілікті жерлер басқаша түсінген сыңайлы.
"Қазақстандағы жедел медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы" №450 бұйрығына сәйкес, кезек күттірмейтін жағдайлар кезінде медициналық көмек жақын жердегі медициналық ұйымда көрсетілуге тиіс! Ендеше облыстардың емдеуге жатқызу тәртібі жөніндегі барлық бұйрықтары денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарына сәйкес келтірілуге тиіс. Бекітілген арнайы жоспар бойынша іс-шаралардың жүргізілу тиімділігін бағалау мақсатында бүгін мен Алматы қаласына және Алматы облысына сапарға шығуды жоспарлап отырмын. Іс-сапар қорытындысы бойынша қажет болған жағдайда, қабылданатын шараларға өзгерістер енгізіледі", – деді Елжан Біртанов.
Айтқандай, министр Қазақстанда менингитке қарсы жаппай вакцинациялауға негіз жоқ деп санайды. Ол сондай-ақ Алматыда "карантин" енгізуден де бас тартты.
"Қазақстандағы менингококк инфекциясы бойынша қалыптасқан жағдай карантин енгізу немесе халыққа жаппай вакцинациялау жүргізу талап етілетін шекті деңгейге жетпейді! Қазір денсаулық сақтау министрлігі өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп, қабылдап жатқан шаралар халық арасында осы жұқпалы дертімен ауыру бойынша жағдайды тұрақтандыру үшін жеткілікті", – деп мәлімдеді Елжан Біртанов.
Шенеуніктер атын естісе, ел түсінен шошып оянатын осы індеттің екі мыңға жуық жанды "жайпауын" күтетінге ұқсайды.
"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының эпидемияларды басқару жөніндегі 2018 жылғы нұсқауына сәйкес, эпидемиялық деңгейдің көрсеткіші аптасында 100 мың тұрғынға шаққанда 3 жағдайды құрайды. Ауруға шалдығу саны осы көрсеткіштен асқан жағдайда арнайы іс-шаралар жасалып, халық вакцинамен егіледі. Қазақстан халқының санына сәйкес, профилактикалық іс-шаралар жүргізілетін шекті көрсеткіш – аптасында 540 жағдай, ал эпидемиологиялық шек – аптасына 1800 жағдай болып табылады. Сол кезде менингококк инфекциясына қарсы халықты вакцинамен жаппай егу және шектеу шаралары енгізілуі қажет! Бүгінде Алматы қаласында қала тұрғындары санына сәйкес, бұл шекті көрсеткіштер аптасына тиісінше 54 және 180 жағдайды құрайды. Көріп отырсыздар, Қазақстанда және Алматы өңірінде сырқаттану деңгейі шекті деңгейден төмен болып табылады", – деп шорт кесті министр.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 2018 жылдың басынан бері өлім қаупі жоғары бактериялық менингококк инфекциясы күдігімен 593 адам қаралды. Олардың ішінде 213 адам ауруханаға емдеуге жатқызылған. Олардың арасынан 58 сырқатта менингококк инфекциясының диагнозы расталды. 14 жасқа дейінгі балалар саны – 21.
Қазіргі кезде бұл аурудан 13 адамның өлімі тіркелді. Оның ішінде Алматы облысында төртеу, Қызылорда облысында біреу, Оңтүстік Қазақстан облысында екі және Алматы қаласында алты адам.
Өкінішке қарай, қайтыс болған науқастардың арасындағы алтауы – балалар.
Қазақстанда менингококк инфекциясы кезіндегі өлім деңгейі жыл сайын өзгеруде. 2015 жылы ең жоғарғы деңгей тіркелді: 25 науқас қайтыс болды.
Менингитпен дерттену бойынша ең жоғарғы сан 2015 жыл үлесінде, сол жылы 424 адам ауырды.
Жанат Ардақ