Үкімет басшысы мұнайды барлап қайтты

2625

Елбасының тапсырмасымен үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен аттанды.

Үкімет басшысы мұнайды барлап қайтты

Бұл – кірісі негізінен "қара алтынға" тәуелді мұнайлы өңір. Бірақ осы саладағы облыстың үлесін түсіну үшін бір дерекке тоқтала кеткен жөн. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, Қазақстан былтырғы 2017 жылы мұнай өндірісінен рекорд орнатты: еліміздің бүкіл тарихында алғаш рет жер қойнауынан бір жыл ішінде 86,2 миллион тонна "қара алтын" сорып шығарылды.

Ал соның 18 миллион тоннасы немесе 20%-ы Маңғыстау облысының еншісінде. Осылайша, өңір мұнай өндірісінің көлемі бойынша Атырау облысынан кейінгі екінші орында келеді.

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың айтуынша, өңірде қазіргі уақытта 25 мұнай өндіруші және 20 мұнай секторына қызмет көрсетуші компания жұмыс жасауда. Биылғы жыл басынан бері мұнай өндіру көлемі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1,6%-ға артып, 5,9 млн тоннаны құрады. Жалпы алғанда, 2018 жылдың қаңтар-сәуір айларында облыстағы өнеркәсіптік кәсіпорындар шығарған өнім көлемі 910 млрд теңгеге жетті.

2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында облыстың сыртқы сауда айналымы 950,9 миллион долларды құрады, яғни 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 112,5%-ға өсті. Оның ішінде 886,7 млн доллардың тауарларын шетелге экспорттаған, бұл былтырғы ұқсас кезеңдегіден 110,8%-ға көп. Бұл ретте әрине, оның басым бөлігін шикізат, яғни мұнай мен газ құрағаны сөзсіз.

Облыстағы ірі мұнай өндірушілердің бірі "ҚазМұнайГазға" қарасты "Өзенмұнайгаз" АҚ-ы екені мәлім. Бақытжан Сағынтаев ат басын да соған бұрды. "ӨМГ" өткен жылы жалпы алғанда 5 миллион 480 мың тонна "қара алтын" шығарған. Бұл 2016 жыл көрсеткішінен 1%-ға аз. Бұған ұңғымалардағы қордың таусыла бастауы себеп болыпты. Әзірге мұнай өндірісін тәулігіне жүз бөшкеден артық көлемінде ұстап тұр. 

Жаңаөзенде үкімет жетекшісі "ӨзенМұнайГаз" АҚ-ның индустрияландыру аясында салынған жаңа өндірістік базасын, "Өзен Жылу" МКК шағын ЖЭО-сын аралады.

ӨМГ жаңа базасында Бақытжан Сағынтаев кәсіпорынды цифрландыру және технологиялық жаңғырту барысымен танысты. Жаңа өндірістік база Болгарияда, Ресейде, Қытайда шығарылған заманауи станоктармен жабдықталған көрінеді. Оларды енгізу жөндеу жұмыстарының қуаттылығы мен сапасын арттыруға мүмкіндік беріпті.

Сондай-ақ, мұнда мұнай кәсіпшілігі жабдықтарының стандартталмаған, яғни еш патентсіз рұқсат етілетін жабдықтарын шығару және жөндеу процесі жолға қойылған.

"Цех қуаттылығы жыл сайын 400 мың сорғы-компрессор құбырларын, 300 мың сорғы штангілерін, 10 мың тереңдік сорғысын жөндеуге мүмкіндік береді. Кәсіпорын 2017 жылғы желтоқсаннан бастап жұмыс істейді, мұнда 300-ден астам адам еңбек етеді", – деген цех директоры Бекболат Нұрлыбаев кәсіпорынды одан әрі жаңғырту жоспарлары барлығын жеткізді.

Өз кезегінде "ӨзенМұнайГаз" АҚ бас директоры Бекзат Абайылданов процестерді автоматтандыру және сырттағы ұйымдардың қызметінен бас тарту арқылы алдағы жылдары орта есеппен 967 миллион теңгені үнемдеуді көздеп отырғандарын хабарлады.

Осыдан кейін премьер "Өзен Жылу" объектілеріне арнайы барып, турбиналық қондырғының жұмыс істеуін және алдағы жылу беру маусымына қазандықтың даярлығын тексерді. Мұнда ол Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында шағын жылу-электр стансаларын кеңейту және жаңғырту нәтижелерімен және 2018–2019 жж. жылу маусымына әзірлік барысымен де танысты.

"2017 жылдың соңында біздің ЖЭО-де Германияда өндірілген жаңа құбырлар іске қосылды. Бұл "МАЭК–Қазатомөнеркәсіптің" бізге көрсетіп келген қызметінен бас тартуға, сондай-ақ бізге сыртқы тұтынушыларға электр энергиясын жеткізуге мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда шағын ЖЭО тұтынушылардың артатынын ескергенде, Жаңаөзен қаласының сұранысын қамтиды. Кәсіпорын халықты жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді: олардың қатарында қаладағы барлығы 245 үй, мектептер, балабақшалар, ауруханалар секілді әлеуметтік нысандар, бұдан бөлек өнеркәсіптік аймақтағы кәсіпорындар бар", –дейді қазандық директоры Әділбек Рубилов.

Сапар аясында үкімет басшысы жергілікті политехникалық колледжге бас сұғып, білім беру жүйесін цифрландыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы жауапты тұлғалардың баяндамаларын тыңдады. Осында қала жұртшылығымен және активімен әлеуметтік-экономикалық даму, Жаңаөзенді дамытудың кешенді жоспарын іске асыру, кәсіпкерлікті, цифрландыруды кеңейту және одан әрі дамыту мәселелері бойынша кездесу өткізілді.

Премьер облыс орталығындағы "Шлюмберже" компаниясының өндірістік базасын және "Aktau Steel" ЖШС металлургиялық зауытын технологиялық жаңғырту және цифрландыру аясында жаңа өндірістік және сервистік мүмкіндіктерін өз көзімен көрді.

Бақытжан Сағынтаевтың Ақтауға жұмыс сапарының бағдарламасына "Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының" жұмысымен танысу да кірді. Мұнда шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған "бір терезе" қағидаты бойынша қызмет көрсету сапасына және кәсіпкерлік қызмет туралы жаңа заңды іске асыруға дайындық мәселелеріне баса назар аударылды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу