Әкімдер "індет кезіндегі тойдан" бас тартты

19082

Қазақстанда темекіге қарсы күрес тоқтатылды.  

Әкімдер "індет кезіндегі тойдан" бас тартты

Бюджет тоқ, қаржы аста-төк жылдары әр өңір саламатты өмір салтын (СӨС) насихаттауға деп миллиардтар жұмсайтын. Бұл қыруар қаражат дәрістер мен семинарлар өткізуге, еріктілердің тегін қызметі пайдаланылатын флэш-мобтарға, буклеттер мен брошюра-кітапшалар жасауға және басқа да көрнекті, бірақ пайдасы шамалы шараларға шығындалатын. Былтырдан бастап, осындай бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыру елеулі түрде азайтылды. Себебі, оның қандай нәтиже бергенін бағалау мүмкін емес: қанша адамның осы насихат арқасында шылым шегуді тастағаны, қанша тұрғынның спортқа ден қойғаны, жүздеген миллион қаражаттың нендей қайтарым мен тиімділік әкелгені белгісіз.

Алайда бүгінде көпшіліктің жиналуы мен көшеге шығуына қатаң шектеу енгізілген карантин кезінде кейбір әкімдіктердің СӨС-ке деп, тып-тыныш қана тендер өткізіп жібергені қоғам өкілдерін және журналистерді ашуландырды. Солардың бірі, журналист әрі сарапшы Кирилл Павлов бүкіл елімізді қамтыған төтенше жағдай аясында ескі тәжірибенің қайталанғанын сынады.

"Ел ашынбағанда қайтеді. Ақылы бар барша қазақстандық коронавируспен күресіп әлек. Барлығын үйлеріне қуып тықты. Осы кезде Маңғыстау облысында шенеуніктер ТЖ-ны өз мүдделері үшін пайдалануда. Осы облыстың денсаулық сақтау басқармасы саламатты өмір салтын насихаттауға деп 109 миллион теңгеден астам қаражатты игеру мақсатында тендер өткізіпті. Бұл оба кезіндегі той емес пе! Ол қаражатқа темекі тартумен күреске, бронхиалды аурулардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылатын көрінеді. Елде пандемиямен күреске және халықты күйзелуден қорғауға билік тіпті бизнестің өзіне ерікті-мәжбүрлі түрде қаржы бөлгізіп жатыр. Ал биліктің өзі темекі тартпауды, арақ ішпеуді үндеп, флэш-мобтар өткізбек. Бұл – халықты мазақ ету емес пе? Осы арқылы шенеуніктер ештеңеге де қарамастан бюджет қаражатын арсыз түрде игере беретінін паш етіп отыр. Бұлар өнімсіз шығындарды кейінге қалдырыңдар деген Президентті де тыңдамайды", – дейді сарапшы.  

Кирилл Павлов 109 миллион сыртында, Маңғыстау облысының әкімдігі наурыз айында саламатты өмір салты жайында халықты кезекті рет ақпараттандыру үшін басқа тендер өткізіп, 24 миллион теңгеге өтініштерді қарауға кіріскенін жеткізді.

Жергілікті жұртшылық бұл жайтты сынай қабылдады. Әлеуметтік желілерде пікір білдірушілер СӨС-ке қатысты мәнсіз-мағынасыз барлық тендерлердің күшін жойып, миллиондарды ең құрығанда дәрігерлерді маскамен, қорғаныш құралымен, санитайзермен және Covid-19 тесттерімен қамтамасыз етуге жұмсауды ұсынуда. Әйтпесе, жергілікті жерлерде бұлардың бәрінен ел тапшылық көріп жатыр. 

Халықтың тегеурінді талабы нәтиже берді.

Осы мәселеге өзі араласқан Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов әлгі былықтардың бәріне тоқтау салғанын хабарлады.

Аймақ басшысы шынында да, 2020–2025 жылдары денсаулық сақтау саласын дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында барлық аймақтарға саламатты өмір салтын насихаттау үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінгеніне назар аудартты.

Мембағдарламаға сәйкес, осы саладағы мемлекеттік саясатты жүргізуге жауапты уәкілетті орган ретінде облыстың денсаулық сақтау басқармасы "СӨС культын түзу" бойынша іс-шараларды қолға алған. Бұдан бөлек, тұрғындардың өз денсаулығына дұрыс қарым-қатынасын қалыптастыру міндеті қойылыпты. Бұл міндетті әлгі басқарма "халықты әртүрлі жолмен толыққанды ақпараттандыру, қоршаған ортаны және тұрмысты сауықтырудың бірқатар нақты жобалары мен тетіктерін енгізу" арқылы орындамақ болды.

"Бұл міндеттерді іске асыру – басқарманың міндеті. Сондықтан денсаулық сақтау басқармасы аталған қызметтерді сатып алуға конкурс жариялады. Тендер жарияланған тұста Қазақстанда төтенше жағдай режимі әлі күшіне енбеген болатын. Тек енді ғана Денсаулық сақтау министрлігі саламатты өмір салтын насихаттауға берілген шығыстарды қайта бөлу жұмысын жүргізіп жатыр. Өйткені коронавирустық инфекцияның таралуына тосқауыл қою шараларын күшейту қажеттілігі туындады, оның үстіне өңірлерде басқаруға көнбейтін эпидемиологиялық ахуал қалыптасуына жол бермеу керек. Ол қаржылар қазіргі кезде жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау шараларына қайта бағытталады", – деді Серікбай Трұмов.

Облыс әкімінің айтуынша, СӨС бойынша қызметтер мен өнімдерді сатып алудың күші жойылды.

Дәл осылай, тендер нәтижелерінен өзге өңірлер де жаппай бас тартуы тиіс.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу