Ұрлық тендерден емес, бюджеттен басталады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3954

"Атамекен" баға тексеру процедурасын енгізуді ұсынды.

Ұрлық тендерден емес, бюджеттен басталады

Соңғы 3 жылда көтерме және бөлшек саудадағы көлеңкелі экономиканың көрсеткіші 5,2 трлн теңгеге жеткен. Яғни осынша қаржы заңсыз айналған.

"Атамекен" ҰКП кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында мәжіліс депутаты Павел Казанцев ішкі сауданы дамыту стратегиясының жоқтығы осындай жағдайға жеткізгенін тілге тиек етті.

"Еліміздің кейбір өңірлерінде "1000 сауда орны" бағдарламасы жүзеге сәтсіз асырылып жатыр. Жергілікті әкімдіктер кәсіпкерлерге коммерциялық тұрғыдан тартымсыз, инфрақұрылымы жоқ, коммуникация жүргізілмеген  жер телімдерін ұсынуда. Адам аз баратын жерде сауда жүре ме?" – деп қынжылды депутат.

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің дерегінше, жыл басынан бері қоғамдағы көлеңкелі экономиканың үлесі 29,8%-ға артқан.

"Алдағы 3 жылда көлеңкелі экономиканың үлесі 40%-ға қысқаруы керек. Әзірше көрсеткіш көңіл көншітпейді", – деді статистика комитеті төрағасының орынбасары Гүлнар Керімханова.

Басқосу барысында "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов бизнестегі жемқорлыққа тоқталып, кәсіпкерлер қызмет көрсетуге, соның ішінде сатып алуларға ақша беретінін баяндады.   

"3,6 трлн теңге бұл сатып алулар, оның 75%-ы бәсекеге қабілетсіз. Сәйкесінше бір тауар түрі бойынша бәсекеге қабілеттілер мен қабілетсіздер  арасындағы айырмашылық 34%-ды құрайды. Ұрлық тендер кезінде емес, бюджетті қалыптастыру кезінде жасалады. Мемлекеттік бюджеттің шығынын азайту мақсатында бір кресло сатып алу бойынша баға айырмашылығы 300%-ға жетпеуі үшін біз бағаны тексеру процедурасын енгізуді сұраймыз", – деді Рустам Жүрсінов.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап патент шеңберіндегі жұмыс тоқтатылады, бұл 100 мыңнан астам кәсіпкерге соққы болып тиеді.

"Жарты жыл бұрын патенттен кету керек екенін түсініп, ұсынысқа қолдау білдірдік. Бірақ министрлікке жеңілдетілген декларация бойынша салық режимін жетілдіру бойынша қарымта талап қойдық, алайда талап орындалмады. Салықты айналымнан алу дұрыс емес, өйткені айналымның басым үлесі қарызға алынған қаражат", – деді Рустам Жүрсінов.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу