Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Twitter-дегі парақшасында жаяу жүргінші аймақтарын құру жөніндегі пилотты жобаның іске қосылатынын хабарлады. Жоспар бойынша бірінші кезеңде Алмалы ауданының бес көшесі әр жексенбі сайын бір күнге жабылады. Жоба эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған соң ғана жүзеге асырылмақ.
"Уақытша жаяу жүргіншілер аймағын құру үшін демалыс күндері бірқатар көшені жабуды сарапшылармен талқыладық. Бірінші кезеңде Қабанбай батыр – Гоголь – Назарбаев – Абылай хан даңғылы аумағы ұсынылды. Жұмысты қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғаннан соң бастаймыз", – деп жазды шаһар басшысы желідегі ресми парақшасында.
Қабанбай батыр және Гоголь көшелерінің арасындағы Панфилов көшесі, сонымен қатар Назарбаев және Абылай хан даңғылдары арасындағы Бөгенбай батыр, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би көшелері уақытша жаяу жүргіншілер аймақтарына айналады. Әйтсе де аталған аумақта қоғамдық көліктер, арнайы автокөлік қатынасы тоқтамайды.
"Басты мақсат – көлік жүктемесін азайту. Ал қаланың басқа аудандарында жексенбі күні бір ғана көше жабылады", – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Бұл ретте Тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы Эдуар Эдоков қала көшелерін жабу шаһардағы көлік жүктемесін азайту мәселесін шешпейді деп есептейді. Сарапшының пікірінше жүргізушілер жабық учаскені айналып, көрші көшелердің жүктемесі артады.
"Маған бұл жобаның логикасы түсініксіз. Демалыс күндері осы көшелермен 10 мың көлік жүреді. Бұларды жапса да тура сол 10 мың автокөлік жүрісін тоқтатпай, көшеге шығады. Яғни, бұл жоба көлікті азайтпайды, керісінше қаладағы жүктемені арттырады. Ал скутер, электросамокат, велосипед тебетіндерге, жаяу жүретіндерге ыңғайлы болады. Бірақ, тамақтану, көңіл көтеру орындары болмаса бос көшелерде қыдырған адамдарға қызық емес", – дейді ол.
Сарапшының айтуынша қала тіршілігіне қандай да бір өзгеріс енгізу үшін оны жіті зерттеу керек.
"Мұндай шешімді шуды есептейтін құрылғылар, ауаның ластануын анықтайтын жабдықтардың нәтижелерін ескере отырып, экологтар мен урбанистер сынды түрлі сала мамандарының пікірін ортаға салып шығару керек. Бұл толық зерттелмеген мәселе. Экологияға да оның қандай ықпалы болады? Меніңше бұл шикі жоба", – дейді Эдуард Эдоков.
Ал қалалық әкімдік таратқан ақпаратқа сүйенсек сарапшылар қоғамдастығы мегаполистің экологиялық ахуалын жақсартудың бірқатар шараларын қарастыруда. Атап айтсақ, жүк көлігі мен мотоциклдердің қозғалысына зерттеу жүргізіледі.
"Бұл маңызды іске көлік, экология, урбанистика, қала құрылысы салаларының мамандары тартылады. Олар экологиялық ахуалды жақсарту бойынша кешенді шараларды ұсыну үшін қаланың көлік жүктемесін, залалды және дыбыстық заттардың таралу деңгейін жан-жақты зерттеп, өздерінің бағаларын береді", – дейді әкімдік.
Ал көлік жөніндегі сарапшы Роман Барабанов аталған үрдісті толық қолдайтынын айтады.
"Бұл жоба әдеттегі уақытта көліктің алатын орнын білуге, адамдардың бос кеңістікті, көшелерді траффик аз кезде қалай пайдалана алатынын байқап көруге жақсы мүмкіндік. Бұған қоса шу мен ауаның тазалығын бақылайтын құрылғылар қойып, көлік жүретін көшелер мен көлік жүрісі шектелген көшелерде өмір сапасы қалай өзгеретінін бақылау керек", – дейді сарапшы.
Ол сондай-ақ шектеу қойылатын көшелерде демалыс күндері онша көлік көп бола қоймайтынын айтады. Сондықтан ол бұған қоса өзге аудандардағы көшелерді де жауып көру керек деп есептейді.
"Бостандық ауданында Гагарин көшесін Абайдан Жандосовқа дейін жауып көрген дұрыс болатын еді. Мұнда қоғамдық көлік жүрмейді. Жол бойы автотұрақ. Әуезов ауданында Шалов көшесін жабуға болады. Қала үшін шағын болғанымен, аудан үшін үлкен көше. Мұнда да көлік тұрағы көп, жаяу жүргіншілер үшін қызық емес. Медеу ауданында Жолдасбеков көшесінен Назарбаевқа дейін жабуға болады", – дейді Роман Барабанов.
Оның айтуынша шетелдегі мұндай тәжірибе қысқа мерзімде жақсы нәтиже көрсеткен. Көптеген елдерде көшелерді жауып қана қоймай, көңіл көтеру шаралары ұйымдастырылады. Жаяу жүргіншелірдің көбеюімен қатар, велоспорт та дамиды.
"Жақында колумбиялық азамат "Тур де Франсты" ұтты. Бұл да сол жобаның бір көрсеткіші", – дейді сарапшы.
Айта кетейік, алғаш рет мұндай жоба Колумбия астанасы Богота қаласында осыдан 45 жыл бұрын қолға алынған. Бұл шектеу қазіргі кезге дейін жалғасып келеді. Әр жексенбі мен мейрам күндері мегаполис орталығындағы 120 шақырым жол жабылып, қала халқының 30%-ы немесе 2 млн адам көшеге шығып мерекелік шаралар ұйымдастырады.
Құралай Құдайберген