Қырғыз республикасының Президенті Садыр Жапаров қазіргі заманғы қырғыз мемлекеттілігінің негізін қалаушы аталар туралы жарлыққа қол қойды. Құжаттың түпнұсқадағы ресми атауы – "Азыркы Кыргыз мамлекеттүүлүгүн түптөгөн аталар жөнүндө Жарлыкы".
Жарлыққа сәйкес, XIX ғасырдың соңында – ХХ ғасырдың басында ұлт үшін ерен еңбек еткен, бірақ сталиндік репрессиялар салдарынан түрмеге қамалып, атып тасталған бірнеше қайраткер заманауи қырғыз мемлекеттілігінің негізін қалаған аталар ретінде танылды.
Қырғызстан Президентінің баспасөз қызметінің түсіндіруінше, бұл жарлық ұлттық көшбасшылар – қырғыздың саяси элитасы Әбдікерім Сыдықов, Иманалы Айдарбеков, Жүсіп Абдрахманов, Әбдіқадыр Оразбеков пен Ишеналы Арабаевтың Отан алдындағы өлшеусіз, құнды еңбегін ерекшелеп, ұлықтау үшін қабылданды. Бұл тұлғалар 1950 жылдары ақталған.
1990 жылғы 27 қазаннан 2005 жылғы 11 сәуірге дейін Қырғызстан Президенті болған Асқар Ақаевты "заманауи мемлекеттіліктің негізін қалаушы" деп бекітпеді. Алатаудың арғы баурайындағы ағайын бірден Алаш арыстарымен тізе қоса қимылдаған төл тұлғаларын заманауи мемлекеттілігінің негізін қалаушы ретінде ресми танып отыр.
"Сан ғасырлық тарихи сынақтардан өткен қырғыз елі түрлі қоғамдық-саяси дағдарыстарға төтеп бере алатын әлеует-дәрменге ие болып, жалпы тарихи процеске интеграцияланды, жаңа өзгерістерге бейімделіп, өмірде өзінің тұрақтылығын көрсете білді. Қырғыз мемлекеттілігі біздің дәуірімізге дейінгі 1-ші мыңжылдықтың соңында пайда болғаны бүгінде анық дәлелденді!", – деді осы орайда қырғыз Президенті Садыр Жапаров.
Оның айтуынша, содан бері қырғыздар әртүрлі кезеңдердегі дамудың саналуан сатыларынан өтіп, әр заманға сай мемлекеттік түзілімдер түрінде өмір сүрді.
"Бұл мемлекеттік құрылымдардың әрқайсысы қырғыз халқының қорғаушысы, қорғаны болды. Мемлекеттіліктің қалыптасуы мен қызмет етуінде мемлекеттің өзегі ретінде саяси элита маңызды рөл атқарды. Тарихтың әр кезеңінде дәуірлеген сол мемлекеттік түзілімдердің негізін елдің көсбасшылары қалады. ХХ ғасырдың басында, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс (Үркүн) кезінде кейбір қырғыз лидерлері мемлекеттік құрылым құруға әрекеттенді. Бірақ күштің тең еместігінен жеңіліске ұшырады. Үркүннен кейінгі оқиғалар – 1917 жылғы Қазан төңкерісі, КСРО-ның құрылуы және Орталық Азиядағы ұлттық бөліну саясаты қырғыз халқының мемлекеттілігін жаңаша түсінуге түрткі болды", – деді Президент Жапаров.
Осы кезде, оның айтуынша, сол оқиғалардың куәсі болған, қазіргі заманғы мемлекеттік құрылымды қалай құруға болатыны жөнінде түсінігі бар жаңа буын ұлт зиялылары өсіп жетілді.
1921 жылдан бастап, қырғыздың жетекші интеллигенциясы мыңжылдық тарихы бар елінің өз алдына жеке отау құрып, дербес автономияға айналуы мәселесін талқылай бастады. Ал, 1922 жылдың басында А.Сыдыковтың бастамасымен, қырғыз делегаттарының съезі шақырылды. Сонда Таулы қырғыз облысын (Тоолуу Кыргыз облусун) құру туралы жалпақ жұртқа жалпы ұсыныс жасалды. Кеңес өкіметі бұлай бөлінуге жол бермеді.
Оның орнына 1924 жылғы 14 қазанда КСРО Орталық атқару комитетінің өзі съез өткізді. Соның нәтижесінде Қара-Қырғыз Автономиялық облысын құру туралы қаулы (Кара-Кыргыз автономиялуу облусун түзүү жөнүндө токтом) қабылданды. Оңтүстік көрші бүгінде соның 100 жылдық мерейтойын атап өтуге әзірленуде.
Тарихшылардың түсіндіруінше, Ресей империясы, бастапқыда Кеңес өкіметі қазақтарды "қырғыз", қырғыздарды "қара-қырғыз" атағаны мәлім. "Кара-Кыргыз автономиялуу облусу" атауы содан шығыпты.
Бұл ұсыныс КСРО билік органдары тарапынан қолдау тауып, ресми ілгерілетілді. Осылайша, қырғыз халқы заманауи мемлекеттік құрылымды құру жолына түсті. Бұл кезде Қазақстан орнында "Қырғыз Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы" (1920-1925) қалыптастырылып жатты. Алаш арыстарының, соның ішінде Қырғыз АКСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы (Қазақстанның Үкімет басшысы) Сәкен Сейфуллиннің табандауымен, 1925 жылдан бастап ресми құжаттарда қазақ "қазақ", оның республикасы – Қазақстан деп атала бастады. Қырғыз атауы Қырғызстанға қайтарылды.
Мерейтой аясында С.Жапаров қол қойып отырған жаңа жарлықта заманауи мемлекеттілікті қалыптастыруға өзіндік үлесін қосқан біраз қырғыз зиялысының аты аталған. Қырғыз еліне қиындықпен келген жаңа мемлекеттілігін құруға И.Айдарбеков, Ж.Абдрахманов, А.Орозбеков, И.Арабаев, Т.Токбаев, К.Тыныстанов, Т.Айтматов, Э.Эсенаманов, Т.Жанузаков, Б.Исакеев, Т.Жолдошев, Д.Зульфибаев, Д.Иманов, К.Телтаев, Т.Худайбергенов, К.Шоруков, С.Чонбашев, М.Янгулатов, В.Дублицкий, М.Ботбаев, Б.Данияров және басқа да алдыңғы қатарлы ұлт зиялылары, қырғыз халқының таңдаулы ұлдары зор үлес қосқаны атап өтілген.
"Адамзат тарихында мемлекет құрушыларды "Ата" деп атау дәстүрі бар және бұл салт байырғы заманнан бастау алады. Қырғыз Республикасының жаңа тарихында саяси элитаның өкілдері – ұлт көшбасшылары Абдыкерим Сыдыков, Иманалы Айдарбеков, Жусуп Абдрахманов, Абдыкадыр Орозбеков, Ишеналы Арабаевқа "қазіргі қырғыз мемлекеттілігінің негізін қалаушы Атасы" деген атақ беру арқылы олардың Атамекен алдында сіңірген еңбегін ұлықтауды парызымыз деп санаймыз. Бұл тұлғалар төл тілі, мәдениеті және тарихы бар қырғыз елінің Орталық Азияның басқа елдерімен тең дәрежеде өз мемлекетін құруға толық құқылы екенін сенімді және орынды дәйектемелермен дәлелдеді. Сол арқылы ХХ ғасырдағы жаңа мемлекеттіліктің бастауында тұрды", – делінген жарлықта.
Бірақ құжатта "бұл атақ қырғыздың басқа да көрнекті мемлекеттік және саяси қайраткерлерінің Отан алдындағы еңбегін еш кеміте алмайтыны" қадап айтылған.
"Қара-Қырғыз Автономиялық облысының құрылуының тариғи оқиғасы, одан кейін Қырғыз автономиялық кеңестік социалистік республикасының және Қырғыз кеңестік социалистік республикасының құрылуы Қырғызстанның болашақ тарихы үшін үлкен мәнге ие болды және олар тәуелсіз Қырғыз Республикасының ұстынына айналды. Сондықтан 2024 жылы Қара-Қырғыз автономиялық облысының құрылғанына 100 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шаралар аясында қазіргі Қырғыз мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуында қолтаңбасы қалған көрнекті тұлғалардың сіңірген еңбегі мен рөлін мойындау мақсатында осы жарлық қабылданып отыр", – деді Президент Садыр Жапаров.
Бұл ретте қырғыз лидері өз ұлтының 5 арысын "мемлекеттіліктің негізін қалаушы" деп атаумен ғана шектелмеді.
Біріншіден, өз жарлығымен ел тұрғындарын "қазіргі заманғы Қырғыз мемлекеттілігінің негізін қалаған Аталар бейнесін қастерлеуді қасиетті парызым деп санауға" міндеттеді. Тиісінше, олардың асыл есімдерін қорлауға, мазақ етуге, тіл тигізуге жол берілмеуге тиіс.
Екіншіден, Үкіметке елдегі барлық балабақшада, мектептерде, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында шәкірттерді осы арыстардың ұлтқа адал еңбегі үлгісінде патриоттық рухта тәрбиелеу жүктелді. Осы мақсатта заманауи Қырғыз мемлекеттілігін құрушы Аталардың еңбегі мен ғанибетті ғұмыры туралы түрлі материалдар (кино және мультфильмдер, кітаптар, брошюралар, үнпарақтар және басқасы) әзірленеді.
Мемлекеттіліктің бастауында тұрған тарихи тұлғаларды ұлықтау – меншік түріне қарамастан елдегі барлық ұйымдарға міндетті болады.
Сондай-ақ Министрлер кабинетіне тиісті ғылыми-практикалық конференцияларды, ғылыми зерттеулерді тұрақты өткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Бұдан бөлек, қазіргі заманғы Қырғыз мемлекеттілігінің негізін қалаған Аталарды мәңгі есте қалдыру мақсатында халық арасында кең көлемде ақпараттық-насихаттық шаралар ұйымдастырылып тұрады.
Жарлықты іске асыру үшін қажетті нормативтік құқықтық актілер қабылданады. Құжаттан туындайтын өзге де іс-шаралар жүзеге асырылады.
Айта кету керек, өткен айда Қырғызстан Парламенті 1918-1953 жылдар аралығында саяси және діни көзқарастары үшін репрессияланған барлық азаматтарын реабилитациялау туралы заңды қабылдады. Осы арқылы айыр қалпақты ағайын қазақтардан озып кетті. Қазақстан ұқсас істі бірнеше жыл бұрын қолға алғанымен, қуғын-сүргінге ұшыраған қазақстандықтарды тегіс ақтау туралы тарихи құжатты қабылдай алмай келеді. Өйткені, қоғамда "халыққа тізесі батып, қысастық көрсеткен шолақ белсенділер, басқа да адал емес жандар ақтауға ілігеді ме?" деген сенімсіздік, түрлі пікірталас бар.
Түрлі дереккөздерге жүгінсек, сталиндік "қызыл террор" тұсында, соның ішінде қудалау қатты ушыққан 1937-1938 жылдары Қырғызстанда 20 мыңнан 40 мыңға дейін адам атылған. Оның ішінде Иманалы Айдарбеков, Торокул Айтматов, Баялы Исакеев, Касым Тыныстанов бастаған қырғыз интеллигенциясының 137 өкілі де болды. Оларды "халық жауы" деп атап, 1938 жылдың 5-8 қарашасы аралығында ату жазасына кескен.
Ондаған жылдар бойы олардың жерленген орны құпияда ұсталып келді. "Азаттықтың" жазуынша, тек 50 жылдан артық уақыт өткен соң ғана зерттеушілер сол қорымды таба алған.