Президент орынтағы кімге бұйырады?

7864

Отандық және ресейлік саясаттанушылар Өзбекстанның таяу келешегі жайлы өз ойларын жарыса жазып жатыр.

Президент орынтағы кімге бұйырады?

2 қыркүйек күні кешке  тәуелсіз Өзбекстанның тұңғыш президенті, елдің 27 жылдан бергі өзгеріссіз басшысы Ислам Кәрімовтың дүниеден өткені туралы Ташкентте қаралы хабар жарияланды, саясаткердің сырқаты мен қайтыс болуының себебі туралы медициналық қорытынды қоса берілді. Көпшілікке ұсынылған дерекке сәйкес, 78 жастағы мемлекет басшысы сағат 20.55-те көз жұмған.

Ақпарат жарияланған соң әлем елдерінің бірінші тұлғалары, оның ішінде Қазақстан президенті де бар, 3 қыркүйек күні Ислам Кәрімовты туған қаласы Самаркандта соңғы сапарға шығарып салу үшін Өзбекстанға ұшуға дайындалды. Саясаткерлер өздерінің әріптесі және досының сүйегін жер қойнына тапсырып жатқанда, саясаттанушылар ертеңгі күннен не күтуге болатынын ойлап, бастарын қатырумен болды.

Өз кезегінде abctv.kz редакциясы отандық және ресейлік белгілі саясаттанушыларға мынадай сұрақтар қойған болатын: Ислам Кәрімовтың қайтыс болуына байланысты Өзбекстанның ішкі жағдайы қалай өзгеруі мүмкін? Билік үшін күрес болуы мүмкін бе? Ислам Кәрімов қайтыс болғаннан кейін Өзбекстанның Орта Азия елдерімен арадағы қарым-қатынасы қалай өзгереді?

Билік сабақтастығы мәселесіне қазіргі кезде жатыпішер жалқау ғана немқұрайды қарайтын болар. Орта Азия аймағындағы тұрақтылық Өзбекстан басшылығына кімнің тағайындалатынына, оның қандай сыртқы саясат ұстанатынына да байланысты болмай ма? Сарапшылар әзірге жағдай бірқалыпты деп отыр, бәрі ел конституциясының ережесіне сәйкес болып жатыр. Дегенмен, олар елдегі жетекші топтың арасында шиеленіс болуы мүмкін дегенді де жоққа шығармайды.

Билік үшін күрес: болады немесе болмайды – мәселе қайда жатыр...

"Өзбекстан билігіндегі ауыс-түйіс таңдаулы топ өкілдері арасындағы өзара келісім негізінде еш даусыз өтуі керек. Біз қазір ол үрдістің куәсі болып отырмыз. Қысқа мерзім тұрғысынан алғанда Өзбекстандағы жағдай Ислам Кәрімов кезіндегідей сақталады. Ірі геосаяси бәсекеге қатысушы Ресей, Қытай, АҚШ және Орта Азия елдері, оның ішінде Қазақстан – барлығы жағдайдың осы қалпында қалуына аса мүдделі. Барлығы да осы елдегі биліктің ауыс-түйісі ойынның нақты ережелер шегінде шиеленіссіз өтуіне, елдегі жағдайдың шайқалмауына мүдделі, – дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Ол да, өзінің басқа әріптестері сияқты, келешекте өзбек элитасының арасында шиеленіс болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ал, әзірше бәрі тыныш, алдағы үш айда Өзбекстан президентті тағына кезектен тыс сайлау өтеді.

Саясаттанушы Әділ Кәукенов билік сабақтастығы мәселесінің Орта Азияда бұрыннан келе жатқан өткір мәселе екенін айтады. Оның ойынша, әзірге бірде-бір ортаазиялық республика биліктің ауысуы жолын таппады. Бұл мәселе "көптеген посткеңестік елдің осал жері" болып табылады, Ресейде де осы жағдай. Сарапшының айтуынша, биліктің ауысу тетігі Қырғызстанда пайда болуы мүмкін, "төңкерістер легінен кейін адал өткізілген сайлау заңды тетікке айналуы ғажап емес".

"Қазір президент болуы мүмкін деген бірнеше адамның аты аталуда. Мәселен, премьер-министр Шавкат Мирзиеев және ҚҚҚ басшысы Рустам Иноятов. Бірақ, Қазақстанмен қарым-қатынас тұрғысынан алғанда кімнің билік басына келетіні емес, бұрыннан қалыптасқан өзара қарым-қатынас үлгісі әлдеқайда маңызды". Ресми Ташкент, Әділ Кәукеновтың ойынша, экономикалық реформаларға кіріседі деген де болжам бар, сондай-ақ аймақтық бірігу үрдістеріне де белсене атсалысуға тиіс болады.

Эдуард Полетаев та ұқсас пікір білдірді. 

"Өзбекстанда барлығы ел конституциясына және басқа да заңдарға сай өрбитін болады. Үш айдың ішінде сайлау өтеді деп ойлаймын. Сайлауға кімдер қатысады? Президентті жерлеуді ұйымдастырған комиссия төрағасы, қазіргі премьер-министр Шавкат Мирзиеевтің есімі аталып жүр. Бұрынғы кеңестік саяси үрдіс бойынша, бұл лауазымға негізінен "мұрагер" тағайындалады. Қажетті рәсімдерді сақтау үшін тағы бір-екі адам сайлауға түседі деп болжануда. Олар парламенттік партиялардың жетекшілері болуы мүмкін. Құрамында жиырма шақты адам бар мемлекеттік комиссия мүшелерінің бірі болуы да ықтимал. Өзбекстан үкіметінің сайтында оның құрамы жарияланды", –– деді сарапшы abctv.kz. тілшісімен телефон әңгімесінде.

Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының Орта Азия және Кавказды зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Станислав Притчиннің айтуынша, қазіргі кезде Өзбекстандағы барлық рәсім "бірқалыпты конституциялық сарында" өтіп жатыр.

"Билік үшін аса ауыр күрес жүріп жатқан қазіргі сәтте республиканың саяси таңдаулы тобы арасында қандай да бір дүрбелең жоқтығын көріп отырмыз. Өтіп жатқан барлық рәсім бірқалыпты, конституция шеңберінен шықпағанына көз жетіп отыр. Біз нақты бір құжатқа және жария етілген мәлімдемеге сәйкес қана пайымдай аламыз. Атап айтқанда, әңгіме Өзбекстан Конституциясына сай, президент міндетін уақытша атқарушы болып парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы Нигматилла Юлдашевтің, жерлеуді ұйымдастыру комиссиясын басқаруға премьер-министр Мирзиеевтің тағайындалуы жайында болып отыр. Барлығы 2011 жылғы конституциялық реформа белгілеген заң шеңберінде өтіп жатыр. Менің пайымдауымша, "Келесі президент кім болады?" деген мәселені саяси таңдаулы топ шешіп те қойды. Біз тек кезектен тыс президент сайлауы жарияланған кезде ғана пікір айта аламыз. Ислам Кәрімовтың жерленуін ұйымдастыру комиссиясын премьер-министр басқарған соң, ол ықтимал үміткер болып табылады", –– деді ресейлік сарапшы.

Билік алмасуын күту

Екінші мәселеге тоқталсақ, сарапшылар түбегейлі өзгеріс бола қоймайды деген пікірге тоқтап отыр. Бұл жерде саясаттанушылар Өзбекстанның жаңа басшысы Астана мен Ташкент арасындағы тауар айналымы деңгейінің төмендігін назарға алып, шекара бойындағы сауда-саттық өрісін кеңейтуге кірісу қажеттігін атап көрсетті.

"Бұл елдер 25 жыл бойы қалыптасқан негізде саудасын жүргізді және өзара қарым-қатынас жасайды. Сондықтан да мұнда айта қоярлықтай проблема тумайды. Менің ойымша, барлығы бұрынғы арнада қалады. Таяудағы бірнеше ай ішінде Өзбекстанда билік ауыс-түйісі өтіп, қол қойылған келісім-шарттар орындалғанша, жағдайдың солай болып қалары анық. Меніңше, мұның бәрі әзірге осылай жұмыс істей береді", - деген Эдуард Полетаев Өзбекстанның көршілес елдермен шекарасын белгілеу және бірқатар ортаазиялық мемлекетпен өзара қарым-қатынас мәселелері өз шешімін күтіп тұр деп мәлімдеді.

"Өзбекстан – біздің аймақтағы мемлекеттердің  барлығымен ортақ шекарасы бар жалғыз ел. Оған қоса Ауғанстанмен де шекаралас. Барлық мәселесін әлдеқашан реттеп алған Қазақстанға қарағанда, Өзбекстан шекарасының даулы тұстары бар. Өзбекстанда бұл мәселе күрделірек. Менің білуімше, жерлеу рәсіміне Душанбеден де, Түркіменстаннан да мемлекеттің бірінші тұлғаларының ұшып келгені кездейсоқ емес. Сондықтан мұнда қандай да бір өзгерісті күтуге болады деп ойлаймын. Және бұл өзгерістер көршілермен қандай да бір шиеленісті мәселелерді реттеу тұрғысынан тиімді болады деп ойлаймын", – деп қорытындылады өз жауабын Полетаев мырза.

Ресейлік Шығыстану институты сарапшысының пікірінше, билік алмасу рәсімі тиянақты өткен жағдайда, оның ортаазиялық аймаққа тиетін айта қоярдай салдары болмауға тиіс.

"Керісінше, Тәжікстан және Қырғызстан үшін Өзбекстанмен арадағы қарым-қатынасын реттестіріп алуға жақсы мүмкіндік тумақшы. Өйткені, екі-жақты қарым-қатынастың күрделі болуына байланысты олардың өзара байланыстары аса жақсы емес. Егер Қырғызстан мен Тәжікстан басшылары осы сәтті пайдаланып, Өзбекстанның жаңа президентімен аймақта қордаланып қалған шиеленіскен жағдайды шешудің негізін салатындай жеке бейресми байланыс орнатып алса, бұл деген жалпы аймақ үшін тиімді болар еді. Басқа мәселелер бойынша болжам жасау қиындау", – деді Станислав Притчин.

Досым Сәтпаев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы барлық проблемалық мәселенің әлдеқашан шешілгендігін айтады. Солай бола тұра, екі тарап жемісті түрде шектеп алған мемлекеттік шекараны белгілеу – ең басты мәселе. Сарапшының пікірінше, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынасты достық сипаттағы емес, біркелкі әрі дау-дамайсыз қарым-қатынас деп атаған дұрысырақ.

"Менің ойымша, егер Өзбекстанның жаңа басшылығы өз елінің аймақтық саясатына оң өзгеріс енгізіп, оны неғұрлым ашық, дипломаттық, дау-дамайсыз және экономикалық тұрғыдан тиімді ете білсе, Қазақстан үшін бұл ыңғайлы болар еді. Өйткені, Өзбекстанмен шекаралас сауда-саттықтың өркендеуі біз үшін өте тиімді болмақ. Өзбек рыногы өте орасан, онда 30 миллионнан астам халық бар. Сондықтан да бұл нарыққа шығу біздің бизнес үшін ұтымды мүмкіндік болар еді. Әрине, өзбек өндірушілері Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше екеніне және Өзбекстанның бұл одаққа мүше емесіне қарамастан, қазақ нарығынан өзіне қолайлы орын табар еді. Ал шекара маңындағы сауда-саттық біз үшін өте тиімді болар еді деп ойлаймын. Өкінішке орай, Исламе Кәрімовтың тұсында мұндай белсенді үдеріс болмады. Мүмкін, бұл үдеріс оңтайлы жағына қарай түзелер", - деп қорытындылады Досым Сәтпаев.

Саяжан Қаукенова, Құралай Әбілғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу