Президент саяси жаңғыруға қатысты уәделерін орындады ма?

1809

Билік "Жаңа Қазақстан" тұжырымдамасынан бас тартты. 

Президент саяси жаңғыруға қатысты уәделерін орындады ма? Фото: akorda.kz

Қазақстанның жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қанды қаңтар оқиғаларына дейін түбегейлі саяси реформаларға кірісе алмағаны құпия емес. Әрине, соған дейін ол "Қазақстанды саяси реформалаудың" 4 пакетін ұсынып, жүзеге асырды. Оның І топтамасын қалыптастырған саяси бастамаларын Қ.Тоқаев алғаш, 2019 жылғы 20 желтоқсанда, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында жариялады. Сонда ол басты мақсаты – демократияны нығайту және қоғамның билікке деген сенімін арттыру болатын "саясат саласындағы терең өзгерістердің" жүзеге асырылатынын жариялады. Бірақ оған елдегі қос билік, яғни Елбасының басқару билігін өз уысында сақтап қалуы кедергі келтірді.

Сарапшылар сол топтамалар Қазақстандағы саяси жүйені қайта құрмақ түгіл, тіпті "күрделі жөндеу" жүргізуге жарамағанына, "косметикалық", декорациялық сипатта болғанына назар аудартып жүр.

Мысалы, Тоқаев бастамаларының І-ші пакеті аясында 2020 жылғы 25 мамырда "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңы қабылданды. Алайда ол азаматтарға наразылық акциясын еркін өткізуге мүмкіндік бермеді, әрбір шеру үшін әкімдіктен рұқсат алу қажет болды, ал әкімқаралар рұқсат беруден бас тартуға бейім тұрды. Тіпті жалғыз-жарым пикетке шыққандарды тәртіп сақшылары қолын бұрап, алып кетуін жалғастырды. Құзырлы органдар ретті-ретсіз интернетті, әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді бұғаттай беретін ескі әдетінен арылмады. Тек Қ.Тоқаевтың өзі бұған қарсылығын ашық жариялаған соң бұл "дәстүр" сирек құбылысқа айналды.

Сол топтамалар аясында "Сайлау туралы" конституциялық заң және "Саяси партиялар туралы" заң өзгертіліп, әйелдер мен 18–35 жастағы жастарға партиялық тізімдерде 30 пайыздық квота бекітілді. Бірақ сарапшылар бұл бастаманың әзірге өзін ақтамағанын ескертеді. Себебі, VII және қазіргі VIII сайланған депутаттық корпуста дәл осы квотамен өткен депутаттар не жастарды, не әйелдерді мазалаған ең өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолын ұсына алмады.  

"Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы" ескі конституциялық заңға түзетулер енгізіліп, Қазақстанда "парламенттік оппозиция институты" енгізілді. Алайда Мәжілісте заң жобаларын талқылауда сол бұрынғыдай қызу пікірталас, саяси тұғырнамалардың тартысы, тіпті конструктивті сын байқалмайды. Заң шығарушы және атқарушы билік арасында барлық іргелі мәселеде, даулы жобаларда жаппай жақтап дауыс беру, "сылдырап өңкей келісім" жалғасуда.

Тек бір оңдысы, бұрынғы билік оппозиция өкілдерін, тәуелсіз журналистерді "жуасыту", жігерін жаншу, ұзақ жылға темір торға тығу үшін пайдаланған Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" деп аталатын 130-бабы жойылып, ол үшін қылмыстық қудалау тоқтатылды. Оның орнына Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде "Жала жабу" деген 73-3-бап бар. Оның ең ауыр жазасы, мысалы, әлдебір шенеунікті "сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаса" және ол дәлелденбесе, онда жеке тұлғаға 200 АЕК (690 мың теңге) айыппұл салынады немесе 25 тәулікке қамаққа алынады. Лауазымды адамның жазасы 750 АЕК немесе 30 тәулік қамаққа дейін өседі.

Сол саяси бастамалардың ІІ топтамасы аясында Қазақстанның жаңа тарихында алғаш рет аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау енгізілді. 2021 жылы алғаш рет 900-ден астам әкімді жергілікті жұртшылық сайлады. Қазіргі кезде аудандық қала, кент, ауыл әкімдерінің шамамен 70 пайыздайы – тікелей сайланған әкімдер. Дегенмен, бұл бастаманың ел мен экономиканы алға сүйрейтіндей мультипликативтік тиімділігі болмады. Білікті басшының келуі арқасында миллиардер ауылға айналып шыға келген елді мекен байқалмайды. Мұны "Ашық НҚА" порталында жарияланатын ауылдық бюджеттерден білуге болады.

Реформалардың ІІІ топтамасы аясында сайлаушылардың бұрынғыдай 7% емес, 5% дауысын жинаған партиялар да Мәжіліске еніп, мандатқа ие болды. Бұл бастама биылғы 19 наурыздағы сайлауда небары 6,8% дауыс жиған Қазақстан халқы партиясын Парламенттен шығып қалудан құтқарды. Сондай-ақ дауыс берушілердің 5,2% қолдаған Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының билікке жолын ашты. Оның 4 кандидаты Мәжіліс депутаты атанды.

Осы саяси пакет аясында барлық сайлауда бюллетендерде "Бәріне қарсымын" деген графа енгiзiлді. Бірақ ол көзбояушылыққа көбірек келеді: бәріне қарсылығын білдірген адамдардың ықтияры дауыс санау кезінде ескерілмейді. "Бәріне қарсыны" таңдағандар саны кандидатты қолдағандар санынан асып түссе де, партия, депутат немесе әкім сайланды болып есептеледі.

Жаңа болғаннан, әділ болғаны жөн

Елді елең еткізген, халықаралық сарапшыларды дүр сілкіндірген саяси жаңғыру қасіретті қаңтар оқиғаларынан кейін, Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы жолдауында жарияланды. Онда не айтылғаны белгілі, бірақ сол саяси бастамалар мен ірі уәделер орындалды ма?

Біріншіден, Мемлекет басшысы "Жаңа Қазақстанды" құратынын жариялады.

"Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы  айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да  бөлек. Біз  алдымызға  биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік!", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жолдаудың өзі де: "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" деп аталды. Шыны керек, бұл концепцияның нені білдіретінін сол кезде журналистер түсініктеме сұрап, жедел жүгінген мүйізі қарағайдай саясаттанушылар да, "қоғамдық пікір көшбасшылары" да түсіндіріп бере алмады. Себебі, Жаңа Қазақстанның билігіндегі тұлғалардың бәрі бұрыннан билікте жүргендер. 

Мемлекет басшысы өз жолдауында "Жаңа Қазақстанда" "парламенттік мәдениеті жоғары және ықпалды халық қалаулылары болатынын", оның "азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналатынын", "Жаңа Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуден бастау алатынын" айтып өтті. ЖҚ іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімді байланысы негізінде қаланатыны алға тартылды. Ал ізінше Ақорданың "Екінші Республика" саяси терминін айналымға енгізбек болуы қоғамды да, сарапшылар қауымын да шатастырып бітті, тіпті шошынтты.

Әйтсе де, былтырғы жазда ел Президенті "Жаңа Қазақстан" идеясынан тыныш қана бас тартты. Ауызға алмайтын болды. Оны тілге жатық, елге түсінікті "Әділетті Қазақстан" ұғымы ысырып шығарды: 2022 жылғы 20 қарашадағы кезектен тыс президенттік додаға да Қ.Тоқаев осы ұранмен түсті. Журналистер Мемлекет басшысының қаңтардан кейін туындаған "Жаңа Қазақстан" сөзін биылғы жылы бірде бір рет ауызға алмағанын байқады. Таяуда Қазақстан халқы Ассамблеясының "Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму" атты ХХХІІ сессиясында Қасым-Жомарт Кемелұлы тек "Әділетті Қазақстан" туралы айтты.

"Әділетті Қазақстан көз алдымызда құрылып жатыр. Әрқайсымыз түрлі қорқыныштардың, стереотиптер мен жалған сенімнің шырмауында қалсақ та, артқа  жалтақтамай, алға қадам басуымыз керек", – деді ол.

Осылайша, барлық жаңа саяси реформалардың түпкі межесі, асқаралы асуы болуға тиіс "Жаңа Қазақстан" концепциясы "Әділетті Қазақстанға" трансформацияланды. Қазақстан лидерінің айтуынша, біз Әділетті Қазақстанды құрудың практикалық кезеңіне қадам бастық. Қоғамда жаңа идеялар, жаңа институттар, жаңа қоғамдық қатынастар белсенді қалыптасады. Олар болашақта "қоғам мен мемлекеттің бейнесін өзгертеді". Ендеше Қ.Тоқаевтың бұл жобасының қорытындысын шығаруға әлі ерте көрінеді.

Енді ел Президентінің саяси жаңғыру аясындағы өзге бастамаларының жүзеге асуына қысқаша тоқтала кетсек.

Ол елде саяси трансформация жүретінін, нәтижесінде бүкіл салада тамыр-таныстық пен монополия түбірімен жойылып, адал әрі әділ "ойын ережесі" қалыптастырылатынын айтты. Бұл бастама да ұзақ мерзімге бағытталса керек. Әйтпесе, бұрынғы монополиялар негізінен сақталды. Құрылыс саласында үш алпауыт пен олардың ымыралас компанияларының үстемдігі жалғасты. Телекоммуникация, ұялы байланыс, кабельді операторлар секторында жаңа ойыншылар пайда болған жоқ. Банк саласында 2019 жылы болған 32 банктің бүгінде 21-і ғана қалды. Өзге салаларда да ұқсас жағдай сақталған.

Сондықтан қоғам мемлекеттен олигархат пен монополиядан арылу саласында тегеурінді әрі тың шаралар күтеді. Президент айтқандай, "экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіс". Бұл ретте халықаралық сарапшыларды биылғы сайлау нәтижесінде атын өзгерткен бұрынғы билеуші партияның қайтадан Парламенттегі басым күшке айналғаны тіксінтті: Мәжілістегі барлық 98 орынның 62-сін сол иеленді. Тіпті бірмандатты округтер бойынша депутаттық орындардың көбін билік партиясының мүшелері еншілеген. Бұл оған заң шығарушы билікте ешбір партиямен санаспай, өзі қалаған заңды қабылдауына мүмкіндік береді.

Қ.Тоқаев халық тілегін елеп, саяси жаңғыру аясында Қазақстанды "басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшіретінін" жариялады. Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді. Осы мақсатта өзі бірқатар өкілеттіктерден бас тартты.

Алайда жаңа модельге көшу үшін Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" қағидатындағы тізбекте пәрменді Парламент ең осал тұсы саналады. Ел көп үміт күткен Мәжіліс болса, демагогияға салынып, қоғамның ашуын туғызып, зығырданын қайнатқан популистік мәлімдемелерден немесе Үкіметтен ақша сұраудан әрі аса алмай тұр.

Бастамалардың қайсысы толық орындалды?

"Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеу" үшін Қазақстан Президенті өзі уәде еткендей, Amanat партиясының төрағалығынан бас тартты. Бірақ заң бойынша Президент лауазымынан кеткен соң қайтадан партия лидері бола алады. Бұл әлемдегі өзге елдерде де бар тәжірибе.

Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері партиядан шықты.

Бұл ретте саяси жаңғыру аясында Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құрылды. Ал Конституциялық кеңес жойылып, 90-шы жылдары болған Конституциялық сот қалпына келтірілді.

Әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салынды. Әйтпесе, бірінші Президент өңір басшылары көшбасшы партиямен бақталаспауы үшін "Нұр Отан" партиясының филиалдарын өңір әкімінің өзі басқаратын тәжірибені енгізген. Бүгінде барлық әкімқара филиал төрағасы (бірінші орынбасары) лауазымдарынан аласталды.

Іс басындағы Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынды.

Сенат қайта құрылымданды. Парламенттің жоғарғы палатасы 49 депутаттан тұратын: әр өңірден 2 сенатордан сайланады және тағы 15 сенаторды Президент тағайындайтын. Тоқаев Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайтты. Оның бесеуін Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынады. Ассамблея парламенттік додамен қатар, төл сайлауын өткізіп, өз депутаттарын таңдау құзырынан айрылды. Мәжілістегі ҚХА фракциясы жойылды.

Парламенттегі басымдықтар ауысты: енді заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі. Ал Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды мақұлдау немесе мақұлдамау құқығы қалды. Егер мақұлдамаса, Мәжіліс өз заң жобасын не түзетулерін дұрыс деп танып, табандап, басым дауыспен сенаторлар қарсылығын еңсере алады. Яғни, Сенатсыз заң қабылдайды. Жаңа Мәжіліс әлі бірде бір рет бұл құқығын пайдаланбады.

Қазақстанда Парламентке қатысты аралас сайлау енгізілді. Бұрын Мәжіліс тек пропорционалды жүйеде, яғни тек партиялық тізіммен қалыптастырылатын. Жаңа аралас тетік биылғы 19 наурыздағы сайлауда алғаш рет қолданылды. 29 депутат бірмандатты округтен сайланды. Оның қорытындысында Amanat партиясы ұсынған 22 кандидат жеңді. Жеңіс тұғырына көтерілген қалған 7 өзін-өзі ұсынушы үміткердің көбісі – осы партияның мүшесі болып шықты.

Бірақ осы жаңғырудың өзі Парламентке көзқарасы әртүрлі азаматтардың келуіне мүмкіндік береді.

Заңға енгізілген норма бойынша бірмандатты округтерден сайланған 29 депутат императивті мандат алды. Яғни бұл, Президенттің айтуынша, депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайтуға тиіс: енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаса, ол депутатты кері шақырып алуға болады. Бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің бір жолы. Демек, сенімнен шыға алмаған қалаулыларға қатысты алда облыстар мен мегаполис тұрғындары оларды мандатынан айыру үдерісіне бастамашы болуы да мүмкін.

Партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдеді. Партия құру үшін бұрынғыдан 4 есе аз – 20 мың емес, 5 мың мүше жинаса жеткілікті. Өңірлердегі филиалдар өкілдерінің саны 600-ден 200 адамға кемітілді. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азайды. Нәтижесінде, дәл сайлау қарсаңында елде 2 жаңа партия пайда болды. Оның бірі Парламентке енді.

Қазақстандағы жаңғырулар Ресей және Украина соғысы, жаһандық алпауыттардың геосаяси текетіресі, халықаралық санкциялық қысымның күшеюі жағдайына, алмағайып уақытқа тұспа-тұс келді. Бірақ ел Президенті заман қаншалықты күрделі болса да, бағдарынан айнымайтынын нықтады. Қанды қаңтардан бері бір жылдан астам мерзімде референдумды қосқанда маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Осы уақыт ішінде Қазақстанның жаңғыру жолына түскеніне жұрттың көзі жетті. Енді осы ізгілікті үдерістің орта жолдан қаңтарылып, тоқтап қалмай, жаңа қарқынмен жалғасқаны маңызды.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу