Президент тапсырмасы неге орындалмады?

2379

Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы (ҰКП) Елбасының тапсырмасын жарға жықпай, лайықты жүзеге асырудың жөн-жобасын анықтады. 

 Президент тапсырмасы неге орындалмады?

27 қазанда ҰКП-да өткен брифингте сарапшылық қызметке қатысты қордаланған бірқатар мәселе көтерілді. Сондай-ақ жаңадан құрылған Сарапшылық ұйымдар палатасы душар болып отырған проблемалар қозғалды.

Қазақстан Президентінің 2016 жылғы 1 қаңтардағы тапсырмасына сәйкес, құрылыс саласындағы сарапшылық жұмыстардың барлық көлемінің 50%-ына дейін, ал 2020 жылға қарай 90%-ына дейін мемлекеттік емес сарапшылық ұйымдарға беру қарастырылған еді.

Алайда, ҰКП-ның мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта бәсекелестік ортаға сарапшылық қызметтердің бар-жоғы 35%-ы ғана тапсырылған. Бұл "Құрылыс істері бойынша уәкілетті органның ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және технологиялық күрделі объектілерге жатқызудың бірыңғай тәртібін белгілеу ережесіне түзетулерді қабылдамауы" салдарынан болыпты.

"Бұл істі ары қарай созбалаңға салу – Ұлт жоспарының 47-қадамын жүзеге асыру туралы Мемлекет басшысы тапсырмасының орындалмауына және жеке сарапшылық ұйымдар қызметінің тоқтауына соқтырады", – дейді ҰКП.

Сонда мемлекеттік органның бұл ісін қалай түсінуге болады? Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева мұның астарында "саботаж-іріткі салу ниеті" жоқтығына сенеді.

"Функцияларды мемлекеттік монополиядан өзін-өзі реттеуші ортаға беру бағытындағы жұмыстардың қолға алынғанына біраз болды. Техникалық және технологиялық күрделі нысандар деген ұғымдар бар. Алайда, заңнамада бұлар айқын ашылмаған. Нәтижесінде, жеке сектор мен Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс істері комитеті арасында "техникалыққа" қайсысы, "технологиялыққа" қайсысы жататыны жөнінде пікірталастар өтуде. Мемлекеттік сараптамаға тек осы нысандардың құрылысы ғана емес, сондай-ақ жөндеу жұмысы да берілген. Кәсіби қауымдастықтың пікірінше, жөндеуді жеке сараптамаға беруге болады. Кейде қарапайым нысандардың өздері "технологиялық күрделі" деп танылып жатады. Яғни, қазір кәсіби пікіралмасу жүріп жатыр, – деді Ю. Якупбаева.

Бұл пікірді Сарапшылық ұйымдар палатасының басқарма төрағасы Б. Ережепов жалғастырды. "Сарапшылар қауымдастығы бүгінде жеткілікті түрде кәсіби, салмақты болып табылады және оларға біршама күрделі деңгейдегі жобаларды сеніп тапсыруға болады. Мәселен, қазір агроөнеркәсіп кешенінде көптеген жоба жүзеге асырылу үстінде. Ауылда шағын шұжық цехы ашылды делік. Қарапайым орынжайда етті өңдейтін құрылғы орнатылады. Немесе мал өсірілетін ферманы алайық. Біз осы сияқты нысандардың сонша күрделі нысан еместігін алға тартып, оның сараптамасын бәсекелестік ортаға беруді ұсынамыз. Ал мемлекеттік сараптама стратегиялық маңызды, аса салмақты нысандармен айналысқаны жөн", – деді ол.

ҰКП "Сарапшылар ұйымдарының палатасына сарапшыларды аттестациялау және сарапшылық ұйымдарды аккредитациялау бойынша қосымша функциялар беруді" ұсынады. Сонымен бірге арам қолды, қара істерге тартылған жеке сарапшылық ұйымдардың аккредитациясын кері қайтарып алу құзыреті де палатаға берілуі керек деп санайды. Дәл осындай тәжірибе Қазақстанда бар және елдің бағалаушылар палатасында қолданылатыны мәлім.

Аккредитациялау құзырын қазір уәкілетті мемлекеттік орган – Министрліктің тиісті комитеті атқарады, – деп түсіндірді Бірлік Ережепов. – Бұл функция бізге толығымен берілуге тиіс. Осымен байланысты тағы бір мәселе бар: сарапшыларды аттестациялауды әкімдіктердің сәулет-құрылыс басқармалары іске асырады. Яғни, бір-бірімен тығыз байланысты екі істі әрбасқа мемлекеттік органдар іске асырады. Осы тараптағы қайшылықтардың кесірінен қазіргі кезде бес-алты аттестаты бар "суперсарапшылар" пайда болды. Олар бір өздері жобаның құрылыстық (конструктивтік) бөлігі, электрлендіру бөлігі, сондай-ақ жылыту, вентиляциялау, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі және сметалық бөліктері бойынша сарапшы болып табылады".

Біздің байламымызша, бірнеше салада барлық бағдарламалық кешенді және білімді бір маманның бірдей әрі жоғары біліктілікпен меңгеруі мүмкін емес нәрсе. Мәселен, хирург бір уақытта әрі көз дәрігері, әрі отоларинголог бола алмайды ғой?! – деді Б. Ережепов.

Сондықтан палата уәкілетті органға шығып, бұл салада оңтайландыру жүргізуді ұсынады. Сонда бір маман нақты өз саласының майталман сарапшысы болады. Себебі, мұның барлығы сараптама сапасына әсер етеді. Ұлттық палата мемлекеттік органның бұл ұсыныстарға түсіністікпен қарауына үміттенеді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу