Президент үндеуінің астарында не жатыр?

4037

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев журналистермен жүздесуде Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы бесжылдықтағы ең маңызды мәселенің басын ашып алғанын айтады.

Президент үндеуінің астарында не жатыр? Фото: canva.com

Өйткені іс басындағы Мемлекет басшысының билік тізгінін өз еркімен босататынын білсе, жаңа көшбасшылар ілгері ұмтылып, ел аузына ілігуге, жұртшылықтың көзіне түсуге тырысады, бұл саламатты бәсекелестік туғызады.

"Президент жеті жылдық және бір реттік президенттік мерзім бекітілгенін еске салды. Бұл дегеніміз, 2029 жылдың 2 желтоқсанынан кешіктірмей, Қазақстан тарихында үшінші Президент сайланады деген сөз. Әрі қарайғы көкжиекте 2036 жылдан ұзамай, төртінші Президент пайда болады. Қасым-Жомарт Тоқаев "біз ешқашан кері қайтпаймыз" деп әдейі қадап айтты. Яғни, бір реттік "жетілік" – іс басындағы Мемлекет басшысының принципті ұстанымы. Жаңа саяси өмір шындығы", – деді Ғазиз Әбішев.

Саясаттанушы көрші Қырғызстанның Президенті Садыр Жапаров – 2031 жылға дейін, Ресей Президенті Путин – 2036 жылға дейін, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев – 2037 жылға дейін, Түрікменстанның жас көшбасшысы Сердар Бердімұхамедов – шексіз қайта сайлана беретінін еске салды. Онда аймақта Қазақстанда бірінші болып, Президент ауысуы мүмкін.

Қоғам "бес дұшпаннан" қашық болады

Аталған рәсімде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан "дамудың жаңа сатысына қадам басты" деп есептейтінін жеткізді.

"Қазақстанның саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Парламенттің ықпалы, Үкіметтің жауапкершілігі айтарлықтай артты. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік орныға түсті. Саяси партиялардың қоғамдық рөлі күшейді. Бір сөзбен, саяси және қоғамдық мәдениет үлкен өзгеріске ұшырады. Ең маңызды бастаманың бірі – Президент 7 жылдық мерзімге 1 рет қана сайланады! Осы шешімнің саяси мән-мағынасы ерекше, бұл – мемлекетті басқару ісінде жаңа стандарт қалыптастыратын маңызды қадам. Реформалар, өзгерістер әлі де жалғаса береді. Ең бастысы, бұл өзгерістер – халықтың таңдауы. Сондықтан біз ешқашан кері қайтпаймыз, тек алға қарай жүреміз", – деді ол.

Айтқандай, сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаев өз қолынан марапат алған журналистерге салмақты жүк артқанына назар аудартты. Олар президенттік саяси реформаны енді орнықтыруға күш салулары керек.

"Сіздер тың бастамаларды жұртшылыққа жан-жақты түсіндіруге зор үлес қостыңыздар. Шын мәнінде, барлық реформаны өздеріңізбен бірге атқардық деуге болады. Бірақ өзгерістерді жүзеге асыру бір басқа, ал оны орнықтыру бір бөлек! Ол үшін қоғамдық сана түбегейлі жаңғыруға тиіс", – дей келе, Мемлекет басшысы журналистер қауымы осы маңызды жұмысқа зор жауапкершілікпен қарайтынына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев төл Президенттігі тұсында қоғамды қандай кесірлі құбылыстардан қашық қылуға, арылтуға күш салатынын атады. Жұртты нашақорлықтан, құмаройындардан, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, вандализмнен және ысырапшылдықтан құтқаруды міндет деп санайтынын жеткізді. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қойылатынын жеткізді.

"Еліміздегі әрбір шаңырақ – қазақ отбасының үлгісіне айналуы керек! Әрине, қабылданған заң барлық қатерді бірден жойып жібермейді. Бұл – ұзақ әрі күрделі үдеріс. Заң жазалау үшін емес, ең алдымен, құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін маңызды. Оған бүкіл қоғам болып атсалысу қажет", – деді Президент.

Ең қауіпті әлеуметтік кеселдің бірі – лудомания. Құмар ойынға тәуелділік көптеген азаматты орға жығып, қарызға белшесінен батырады, отбасының шырқын бұзады, қылмысқа, суицидке итермелейді. Осыған байланысты кешегі жалпы отырысында Сенат құмар ойындарына, лудоманияға қарсы заң жобасын мақұлдады.

Мемлекет басшысы бұл заңды көп ұзатпай, оған тез қол қоятынын мәлім етті және аталған заңның күшіне енуі азаматтарымызды, ең алдымен, өскелең ұрпақты осы зиянды әлеуметтік дерттен сақтауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Өйткені интернет дамыған сайын лудомания проблемасы ушыға түсті және нағыз әлеуметтік індетке айнала бастады. Бұл ұлтымыздың болашағына қатер төндіреді.

Президент журналистерді билікке шақырды

Ол Нұртөре Жүсіп, Ермұрат Бапи, Қазыбек Иса, Сергей Пономарев, Жанарбек Әшімжан, Бибігүл Жексенбай, Айгүл Қапбарова секілді журналистер бүгінде депутат болып отырғанын мысалға келтірді.

"Жаңа ақпараттық дәуірге қадам бастық. Осы орайда мемлекеттік басқару жүйесі сөз білетін, тиімді әрі жан-жақты қарым-қатынас орната алатын адамдарға зәру. Сондықтан өз мансабын мемлекеттік қызметпен байланыстырған немесе байланыстыруды жоспарлап жүрген әріптестеріңіз осы салада да өз әлеуетін толық жүзеге асыра алады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жаңғыру жұмыстары жалғасатынын айтты, бірақ ол енді билік жүйесін емес, қоғамның өзін жаңғыртуға екпін түсіретін болса керек.

"Мен елімізді түбегейлі жаңғырту үшін заңнамалық өзгерістермен, кадрлық шешімдермен, саяси және экономикалық реформалармен ғана шектелу аздық ететінін ұдайы айтып келемін. Біз прогрессивті ұлт ретінде қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін жаңарту үшін көп тер төгуіміз керек", – деген Мемлекет басшысы қазақстандықтарда "жоғары экологиялық сана" қалыптастыруға басымдық беретінін нықтады. Мысалы, бүкіл республиканы қамтитын сенбіліктер өрістейді.

Елімізде "Таза Қазақстан" акциясын қолдаған шын мәніндегі халықтық қозғалыс өріс алды. Бұл кездейсоқ емес.

"Өкінішке қарай, табиғат аясындағы демалыс орындарында және елді мекендердің айналасында үйіліп жатқан қоқысты күн сайын көреміз. Бұл – жауапсыз адамдардың ісі. Қоғамдық орындарда қарапайым тазалық ережелері сақталмайды. Бұдан адамның тәрбиесіздігі ғана көрінбейді, сондай-ақ ол бүкіл еліміздің дамуын тежейді. "Таза Қазақстан" ауқымды экологиялық акциясына жүздеген мың адам қатысып, ондаған мың тонна қоқыс жиналды. Оларға ризашылығымды білдіремін. Бұл акция тұрақты түрде жалғасады. Аулаларымыз бен көшелеріміздегі, саябақтар мен қорықтардағы, өзен-көлдердегі тазалық пен тәртіптің сақталуы барша азаматқа тікелей байланысты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның тағы бір бастамасы – домбыра аспабын ұлықтау шаралары кең өріс алмақ.

"Алдымызда "Ұлттық домбыра күні" келе жатыр. Домбыра – қазақтың жаны, ұлт болмысының айнасы. "Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра". Біз ұлттық бірегейлігімізді сақтағымыз келсе, қастерлі аспапты қадір тұтуымыз қажет. Ол – біздің тереңнен тамыр тартатын төл тарихымыздың куәгері. Мерейлі мереке өнерімізді өрге шығарып, тұтастығымызды нығайта түсу үшін керек. Мен ұлттық құндылықты ұлықтайтын бастамаларды барынша дәріптеу қажет деп санаймын. Домбыра күні соның айқын көрінісі болуға тиіс", – деді Президент.

Демек, Мемлекет басшысының өзі мән берген соң, шілденің бірінші жексенбісінде мерекеленетін "Ұлттық домбыра күні" енді республикалық деңгейде, кең ауқымда тойлана бастауы ықтимал.

Пепсидің ең ірі зауыты Қазақстанда ашылады

Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерге мемлекеттің экономикалық жетістіктерін көбірек дәріптеу міндетін қойды. Осы орайда ол Қазақстанда алда қандай ірі кәсіпорындар ашылатынына тоқталды.

Мысалы, Алматы облысында 2026 жылы әлемге әйгілі Pepsi Сo компаниясының Орталық Азиядағы ең ірі зауыты ашылады. Биыл Шымкентте түркиялық серіктестермен бірлесіп, ірі жылыжай кешені құрылысының бірінші кезеңін аяқтау жоспарланып отыр. Қытайлық инвесторлармен Абай облысында жылына 300 мың тонна мыс қорытатын зауыт салу туралы келісімге қол жеткізілді. Жобаның бастапқы құны – 1,5 миллиард доллар, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Атырау облысында полиэтилен шығаратын интеграцияланған газ-химия кешенін салу көзделіп отыр.

Президенттің тапсырмасымен Үкімет еліміздің батыс аймақтарын, мысалы, Маңғыстау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың жедел шаралары топтамасын әзірлеп жатыр. Оның нәтижесі "көп күттірмейді".

Биыл халық көптен күткен, құрылысы жылдарға ұзаған ірі автожол жобалары іске қосылмақ. Атап айтқанда, "Астана – Алматы", "Алматы – Өскемен", "Ақтөбе – Қандыағаш", "Атырау – Астрахань" жолдары пайдалануға беріледі. Сонымен қатар "Жезқазған – Қарағанды" магистралін жобалау жұмыстары басталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы күзде жалпыхалықтық референдум өтетінін жариялады.

"Экономиканы дамыту үшін тұрақты энергия көзі керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салу мәселесін пысықтау туралы нақты тапсырма бердім. Жан-жақты талқылау жүріп жатыр. Әртүрлі пікір айтылуда. Елімізде атом энергетикасын дамытуға зор мүмкіндік бар. Оны дұрыс, яғни тиімді пайдаланған жөн. Осы мәселеге қатысты соңғы шешімді халық қабылдайды. Референдум биыл күзде өтеді. Үкімет нақты датаны айқындайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы биыл Қазақстанда халықаралық шаралар көп өтетінін мәлім етті.

Бұл ретте келесі аптада Астанада өтетін ШЫҰ саммиті – бір төбе. Саммитке дүниежүзі халқының жартысына жуығы тұратын оннан аса мемлекет және үкімет басшылары, сондай-ақ ықпалды халықаралық ұйымдардың жетекшілері, соның ішінде БҰҰ Бас хатшысы қатысады.

Еліміз биыл ШЫҰ-дан басқа тағы 5 халықаралық құрылымға төрағалық етіп отыр. Президент мұны – "бұрын-соңды болмаған жағдай. Қазақ дипломатиясының тарихындағы жетістік" деп бағалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу