Президент Жолдауында "бұғатталған актив" деп нені меңзеді

3765

Экономикадағы "қазақ ауруы" асқынып барады. 

Президент Жолдауында "бұғатталған актив" деп нені меңзеді

2014 жылы Қазақстан батпаққа батқан банктерді құтқаруға 250 млрд теңге жұмсаған, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Президент биылғы Жолдауында шектеу қойылып, бұғатталған активтерді экономикалық айналымға қайтару керектігін айтып, Үкіметке Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, жылдың соңына дейін тиісті заң жобасын Парламентке енгізуді тапсырды. Бұл жерде "бұғатталған активтер" деген  ұғымның ар жағында қандай проблема жатыр деген сауал туындайтыны заңдылық. Экономикалық саясат институтының директоры, экономист Қайырбек Арыстанбеков Inbusiness.kz тілшісіне шектеу қойылған және бұғатталған активтерді экономикалық айналымға шығарудың не үшін қажет екенін тарқатып айтты. Маманның сөзіне қарағанда, Президент Жолдауда атаған проблема бүгінде "экономикалық ауру" деңгейіне жеткен.

"Әлемде экономика саласында "экономикалық ауру" деген ұғым бар. Менің ойымша, қазір әлемде экономикалық аурудың үш түрі таралған. Біріншісі – Голланд ауруы. Мысалы, шикізатты экспорттағанда валюта бағамы қымбаттап, шикізаттық емес сектор тұншыға бастайды. Екіншісі – Венесуэлла ауруы. Уго Чавес Президент болып тұрған кезде бұл елдің Үкіметі жеке ірі кәсіпорындарды мемлекеттендірген. Үшіншісі – Зимбабве ауруы. Мемлекет экономикамен бірге, БАҚ-ты, Парламентті және тағы да басқа  бағыттарды қатаң бақылауға алудан туындайды.  Менің ойымша, әлемде төртінші экономикалық ауру пайда болды. Бұл – Қазақ экономикалық ауруы. Бұл аурудың басты принципі – шығыны көп кәсіпорындарды мемлекеттендіріп, табысты кәсіпорындарды жекешелендіру.  Яғни шығынға батқан кәсіпорындарды мемлекетке өткізіп, ал тиімді кәсіпорындарды жекешелендіруге құрылған",–дейді сарапшы.

Осының кесірінен ел экономикасында бұғатталған "уытты" активтер пайда болған көрінеді.

"Біздегі экономикалық ауру тасасында коммерциялық банктердің 2008-2009 жылдардағы дағдарыс ықпалымен және менеджменттегі жауапсыздық салдарынан  қордаланған "уытты" активтері – жұмыс істемейтін несиелері көбейді. Солардың кемшілігін жою үшін мемлекет Стрестік активтер қорын құрды. Осы қорға мемлекеттік бюджеттен, Ұлттық қордан ақша бөліп, коммерциялық банктердің шығындарын мемлекет сатып алды. Мысалы, 2014 жылы Ұлттық қордан 1 трлн теңге ақша экономикаға алынып, оның ішінде 250 млрд теңге коммерциялық банктердің "уытты" активтерін сатып алуға жұмсалды. Стрестік активтер қорынан бөлек "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры да осы іспен айналысты. Олар да мемлекеттендірумен қатты шұғылданды",–дейді Экономикалық саясат институтының директоры.

Қайырбек Арыстанбеков "уытты" активтердің қалай қалыптасқанын да түсіндірді.

"Ең басты проблеманың бірі – бізде қаржылық-өнеркәсіптік топтар мен трансұлттық компаниялар бір мүддеге жұмыс істейтіні. Яғни, қазақ экономикалық ауруының бір белгісі – коммерциялық банктер мен кейбір ірі, орта кәсіпорындар бір топтың еншісіне кіріп кеткен. Ондай топтар өздеріне қарасты коммерциялық банктен өздеріне қарайтын кәсіпорындарға несие беріп, қаржыландырды. Несие алған кәсіпорынның да, несиені берген банктің де қожайыны бір болғандықтан, кейбір  кәсіпорындар көптеген қаражатты қайтара алмай қалды. Соны тазарту үшін  Стрестік қор  құрылып, мемлекет солардың шығындарын сатып ала бастады. Президенттің Жолдауда бұғатталған активтер дегені осы активтер. Әрине оны экономикалық айналымға енгізу қажет", – дейді экономист.

Сарапшының айтуына қарағанда, бұл проблема Қазақстанда 2008 жылдан бастап қалыптасқан.

"Бұғатталған активтер мәселесі 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысы кезінен басталды. Содан бері мемлекет банктердің шығындарын сатып алумен айналысып келді. Президент Жолдауындағы осы мәселе бойынша экономист ғалымдармен ақылдасып жатқан ешкім жоқ. Өкініше қарай, экономика саласына жауапты мәмелекеттік орган өкілдері Қазақстанда бұл саланы өздерінен артық білетін ешкім жоқ деп ойлайды. Алайда Экономикалық саясат институты экономикалық өсуді ынталандыру және жылдамдату бойынша Үкіметтің бағдарламасын әзірлеп бітірді. Соны енді Ұлттық экономика министрлігімен пысықтап жатырмыз. Президентке хат та дайындап қойдық.

Негізі Президент Жолдауында айтылған бұл мәселемен Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Ұлттық банк айналысуы керек еді.  Егер осы аталған органдар үндемесе, жаңағы қаржылық-өнеркәсіптік топтардың мемлекеттік органдарға ықпалы әлі бар деген сөз. Екіншіден, Президенттің тапсырмаларын мемлекеттік органдардың бәрі лайықты деңгейде орындап жатыр деп айтуға болмайды. Кейбір органдар Президенттің саясатын тежеп отыр. Мұны растайтын  ақпарат Жолдаудың аяқ жағында айтылды. Мемлекет басшысы жұмыс істегісі келмегендер орнын босату керектігін айтты",–дейді Қайырбек Арыстанбеков.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу