Президенттің 2024 жылды неге "айрықша маңызды" деп атағаны белгілі болды

4153

Биылғы жылы экономиканың барлық басты салаларында серпінді өсім күтіліп отыр.

Президенттің 2024 жылды неге "айрықша маңызды" деп атағаны белгілі болды Фото: canva.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Egemen Qazaqstan" газетіне берген сұхбатында жасаған бір мәлімдемесі ел назарын аударыпты.

"Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады", – деді Президент.

Әлеуметтік желіде пікір білдірген жұртшылық оның саяси астарын да аударып-төңкеріп, қарастыруда. Біз мұның әлеуметтік және экономикалық қырына үңілгенді жөн көрдік.

Экономика екпінді өсім жолына шықпақ

Қазақстан өткен жылы постпандемиялық өркендеу жолына шығып, "коронакризистен" толық арылды. Бірқатар өзекті мәселелердің түйіні тарқатылып, бірталай шаруаның шешімі табылды.

Биылғы жылғы қолға алынатын шаралар, қол жеткізілетін нәтижелер еліміздің келешекте кешенді түрде дамуына мол мүмкіндік, тың серпін беруге тиіс.

Сонымен, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, 2023 жылғы қаңтар-қарашада Қазақстанның ЖІӨ-сінің өсімі 4,9%-ды құрады.

Сарапшылардың тұспалдауынша, былтырғы жылдың қорытындысында экономикалық өсім 4,5-5,1% аралығында болады.

Ал биылғы өсім одан асып түсуге тиіс. Үкіметтің ресми болжамы бойынша 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 5,3%-ды құрайды. Содан кейін 2026-2028 жылдары 6 пайызға дейін өседі. Бес жыл ішінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсуі 5,8 пайызға жетеді. Егер бұл жоспары жүзеге асса, онда ел серпінді даму жолына түспек.

Үкіметтің жоспарына сәйкес, номиналды ЖІӨ 2024 жылы 135 триллион теңгеге жетеді, ал 2028 жылы 218 триллион теңгеге дейін өседі. 1 доллардың бағамы 450 теңгеден сақталса, онда бұл сома 484 миллиард долларға тең. Ұлттық валюта 500 межесіне дейін девальвацияланса, онда 436 миллиард доллар шығады. Президент былтырғы жолдауында Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдары аясында 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есе арттырып, 450 миллиард долларға жеткізу міндетін қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұны "жетуге болатын меже" деп нықтады. Мысалы, Халықаралық валюта қорының беделді сарапшылары 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі қазіргі бағамен есептегенде 259 миллиард доллардан асады, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артады деп бағалап отыр. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары ақшалай өсім. Жан басына шаққандағы ЖІӨ де өсіп келеді. Бұған қатысты болжамды көрсеткіш былтыр 13 мың долларға жуықтады.

Оның жыл сайынғы өсімі 1,6 мың доллар болады деп бағалануда. ХВҚ болжамына сәйкес, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш отыз пайыздан да көбірек артып, 16,8 мың долларға жетеді.

Президенттің байламынша, "осы айтылған жақсы болжамдар ақиқатқа айналуы үшін Үкіметтен экономиканы басқарудың тың тәсілдерін қолдану" талап етілмек.

Еліміздің бас экономисті Әлібек Қуантыров та биылғы жылға үлкен үміт артып отыр.

Оның айтуынша, 2024 жылы "экономиканың барлық базалық салаларында оң динамика күтілуде". Шикізаттық емес сектор – Қазақстан экономикасынының өсуінің негізгі драйверлерінің біріне айналады. Өңдеу өнеркәсібі орта есеппен 4,9 пайыз деңгейінде өседі және тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқынынан озып кетеді.

Ауыл шаруашылығының орташа жылдық өсімі 4,5 пайызды құрайды. Инвестицияларды игеру жағдайында құрылыс саласының жоғары өсу қарқыны күтілуде.

Шикізат саласында да серпін болмақ: "Қашаған", "Теңіз" және "Қарашығанақ" кен орындарында өндірісті кеңейту есебінен мұнай өндіру 100 миллион тоннадан асады.

Инфляцияның нысаналы дәлізі 2024 жылы 6-8%, 2025 жылы 5,5-7,5% деңгейінде айқындалды. 2026-2028 жылдары 5 пайызға дейін төмендеуі шарт. Яғни, бұл тұрғыда да ағымдағы жыл алдағы бірнеше жылдық бетбұрысқа жол ашуы керек. Егер Үкімет қымбатшылықты биыл құрықтай алмаса, тиісінше, кейінгі жылдардың жоспарлары да бұзылады.

Халық ауыз сумен қамтылады

2024 жылы "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы аясында ауыл мен қалаларды сумен жабдықтауға және кәріз жүйесін дамытуға Ұлттық қордан 203,5 миллиард теңге мөлшерінде нысаналы трансферт қаражат жұмсалады. Мұндай ірі қаржыландыру бұрын-соңды болмаған екен.

Биылғы жыл осы саладағы салмақты, тіпті тарихи бетбұрыстарымен ерекшеленуі мүмкін. 2024 жылы бүкіл республика аумағында 20 жаңа су қоймасының құрылысы басталады. Кеңес кезінен келе жатқан және біршама таязданған тағы 15 су қоймасы қайта жаңғыртылмақ.

Бүгінде суару жүйелерінің тозуы мәселелерін шешу үшін жалпы ұзындығы 3500 шақырымды құрайтын 339 канал күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, биыл Қазақстанның су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру басталды. 2030 жылға дейін созылатын бұл бағдарламаны жүзеге асыру еліміздің су ресурстарының көлемін 3,7 текше шақырымға арттыруға, суару барысында су ысырабын азайтуға, 55 мыңнан астам халқы бар 41 елді мекенді сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ еліміздің көршілес елдерден су жеткізу бойынша тәуелділігін 25%-ға азайтуға мүмкіндік береді.

Осы орайда республикалық бюджетте 2024 жылы су ресурстарын тиімді басқаруға 95,5 миллиард теңге мөлшерінде қаражат қарастырылды. Мұнымен шектелмейді. Министрдің дерегінше, 2024 жылға бекітілген қаражаттан бөлек, қосымша 178 миллиард теңге тұратын жобалар пысықталды. Министр 2024 жыл бойында, бюджетті нақтылау кезінде ол жобаларды қаржыландыруға міндетті түрде бюджеттік өтінім беруге уәде етті.

"Бүгінде республика бойынша ірілі-ұсақты 89 қала орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылған, халық санымен есептегенде қалалықтардың 98,4 пайызы қамтылды. 25 қала ішінара жабдықталған. Бұдан бөлек 6 мың 295 ауылдық елді мекендердің 4 мың 900-і толығымен ауызсу жүйесімен қамтамасыз етілді. Халық санымен есептегенде, бұл – ауылдықтардың 94,8 пайызы. Енді 1 мың 395 ауылды ауызсу жүйесімен жабдықтауымыз керек. Оның ішінде жергілікті әкімдіктер шалғайдағы 957 елді мекенде кешенді блок-модуль орнатады. 426 елді мекенге орталықтандырылған ауызсу жүйесін жүргізуді жоспарлап отырмыз. 2024 жылдың бюджетінде оған 211 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылды. Ал министрлік тарапынан 12 елді мекенде топтық құбырларды жүргізуіміз қажет. Оған 2024 жылға 32 миллиард теңге қарастырылды", – деді министр Нұржан Нұржігітов.

Ол Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге және республикалық бюджеттен бөлініп жатқан қомақты қаражат есебінен бұл жұмыстар өз шешімін табатынын нықтады.

Жаңа жолдар үлесі артады

Жолдары жаман елдердің дамуда да жолының болуы неғайбыл. Бұл ретте әсіресе, ауыл-аймақта автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу, сонымен бірге жолдардың сапасы – көкейтесті проблема.

2024 жылдың бюджетінен жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын жөндеуге және күтіп ұстауға 241,8 миллиард теңге көлемінде қаражат шығындалмақ.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың мәліметінше, өткен жылы елімізде 11 мың шақырым жол жөнделіп, реконструкцияланды. Бұл жерде министрлік бар күшін және бөлінген ақшаның басым бөлігін үш-төрт жылдан бері құрылысы созылып келе жатқан ірі жобаларды жүзеге асыруға бағыттады.

Атап айтқанда, бұлар – "Қарағанды-Балқаш-Алматы", "Атырау-Астрахань", "Талдықорған-Өскемен", "Мерке-Бурылбайтал" жолдары. Бірақ олар негізінен енді аяқталмақ.

"Осы жолдар бойынша 2023 жылы едәуір жұмыс атқарылып, асфальттың төменгі қабаты салынды және көліктердің жүруіне рұқсат берілді. Ал 2024 жылы асфальттың үстіңгі қабаты толық салынып, жолдар түпкілікті ел игілігіне тапсырылатын болады. Нәтижесінде, қосымша тағы 2 мыңнан астам шақырым жол іске қосылады. Оған қоса 2029 жылға дейін жалпы ұзындығы 8 мың шақырым жол реконструкциядан өтеді және әр жыл сайын 6 мың шақырым жолда жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Осы жұмыстар тұтастай алғанда жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейге толығымен шығуын қамтамасыз етеді", – деді министр Марат Қарабаев.

"Талдықорған-Өскемен", "Астана-Алматы" автожолдарында қозғалыс ашылды. "Қандыағаш-Мақат" учаскесінің құрылысы аяқталды, "Үшарал-Достық" тасжолы толығымен салынды. Сонымен қатар БАКАД пайдалануға берілді.

"Нәтижесінде, Талдықорғаннан Өскеменге, Қарағандыдан Алматыға және Ақтөбеден Қандыағаш-Атырау арқылы Астраханьға дейінгі жолдармен жол жүру қамтамасыз етілді. Сондай-ақ Үшарал-Достық және Қостанай-Денисовка автожолдарын салу және қайта жаңарту бойынша ірі жобалар тәмамдалды. Мұның бәрі жол қозғалысына жұмсалатын уақытты үнемдеп, жол жүру кезінде жайлылықты арттыруға және көлік шығындарын азайтуға мүмкіндік берді. Барлық ауыспалы жобалар 2024 жылы аяқталады. Бұған қоса кезең-кезеңімен жалпы ұзындығы 4 мың 700 шақырым жаңа жобалардың құрылысы басталмақ", – деп хабарлады Көлік министрлігі.

Астана-Алматы жолында көліктердің асфальтбетон төсемімен қозғалыс қамтамасыз етілді. 2024 жылдың соңына дейін барлық 4 жолақ бойынша қозғалысты ашып, жобаны аяқтау жоспарланған.

Салынып жатқан автомобиль жолдарының сапасын арттыру үшін EPCM-келісімшарттың халықаралық жүйесі және FIDIC ережесі енгізіліпті. Сондай-ақ жаңа технологиялар мен материалдардың 75-тен астам түрі сынақтан өткізілді.

Тере берсе, биылғы жылы атқарылатын шаруалар ауқымы зор. Оның бәрі елдің әл-ауқатын арттырып, тұрмысын түзеуге ықпал етері даусыз.

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, биыл әлеуметтік шығындардың бюджет шығыстарындағы үлесі 40 пайыздан асады.

Бұл ретте тек индекстелген зейнетақы мен жәрдемақыны төлеуге 5,4 триллион теңге жұмсалады. Осынша қаржы аз қамтылған азаматтардың қалтасына түседі.

Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, оның ішінде "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын іске асыруға 2,4 триллион теңге бағытталады.

Білім беру саласын дамытуға, оның ішінде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын іске асыруға 1,7 триллион теңге қарастырылған.

Өңірлерді дамытуға баса мән беріледі. Бұған 2024 жылы республикалық бюджетте 7 триллион теңге қарастырылған, яғни жалпы бюджет шығыстарының шамамен 30 пайызын құрайды. Оның ішінде: 5,3 триллион теңгесі – субвенциялар, 1,7 триллион теңгесі – өңірлерді дамытуға бағытталған нысаналы трансферттер.

Осы жылы экономиканың нақты секторын дамытуға 2,9 триллион теңге қарастырылған. Оның ішінде кәсіпкерлікті қолдауға 1,2 триллион теңге бөлінеді. Өңдеу өнеркәсібіндегі ірі жобаларды қаржыландыруға 120 миллиард теңге беріліп, шамамен 2,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Яғни, осы триллиондардың бәрі бизнесмендердің қалтасына құйылады.

Бұл іс-шаралар алда жаңаларымен молығып, ауқымы артады. Президент "биыл экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салаларда атқарылатын жұмыстың негізгі бағыт-бағдары бірінші тоқсанда-ақ айқындалатынын" мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу