Президенттің Абай облысына қатысты тапсырмалары жарты триллион теңге тұрады

1720

Қос алпауыт мемлекеттің ортасында қысылып қалған облысымызды кешенді дамытуға енді баса мән беріледі.

Президенттің Абай облысына қатысты тапсырмалары жарты триллион теңге тұрады

Абай өңірі тұңғыш рет жаңа жылды жеке облыс ретінде қарсы алғалы тұр. 2022 жылғы 30 қыркүйекте Абай облысына жұмыс сапарымен барған Президент Қ.Тоқаев өлкені өркендетуге қатысты қадау-қадау мәселелер көтеріп, Үкіметке тапсырма беріп кеткен. Содан бері Министрлер кабинетін есеп-қисабын жасады. Мемлекет басшысының айтқанының қаншаға түсетіні қазір анықталып отыр.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың мәліметінше, бұған 2027 жылға дейін республикалық бюджеттен жалпы 514,6 миллиард теңге қаржы бөлінбек. Бұған қоса, инвесторлар жүздеген миллиард қаржысын салады.

Абай облысын солтүстікте – Ресей, оңтүстік-шығыста – Қытай қоршап жатыр. Бірақ облыс сауда-саттық саласында Ресейге тәуелді көрінеді. Таяуда өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы ХVIII аймақаралық ынтымақтастық форумында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев осы трансшекаралық ынтымақтастық – өңірдің бүкіл тауар айналымының үлкен бөлігін құрайтынын мәлімдеді.

"Статистикалық мәліметтер көрсеткендей, 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығындағы кезеңде біздің облыстың жалпы тауар айналымының 95%-ы немесе 500 миллион доллары Ресей Федерациясының өңірлерімен шекаралық сауда арқылы қамтамасыз етілген. Трансшекаралық ынтымақтастықтың маңызды құрамдас бөлігі бірлескен кәсіпорындардың қызметі болып табылады. Облыста Ресейдің қатысуымен 130-дан астам компания жұмыс істейді", – деді ол.

Яғни шың елімен, соның ішінде іргелес қонған Шыңжаң өлкесімен сауда қатынастарының әлеуеті жөнді пайдаланылмай отырғаны байқалады.

Өңірде біраз майшелпек кен орындары ресейлік олигархтар қолында екені құпия емес. Мысалы, ресейлік үш миллиардерге тиесілі

"Полиметалл" ААҚ-ның облысқа салған инвестиция көлемі 200 млрд теңгеге жетіпті. "Русская медная компания" тобы жалпы құны 570 млрд теңгені құрайтын алып тау-кен байыту комбинатын салып жатыр және осы мақсатта Айдарлы мыс кен орны соның қанжығасына байланды. Өзге де кен орындарын игеруі жоспарланған.

Ресей одан да "жақындай" түсетін түрі бар.

"Біз ресейлік серіктестерімізді тау-кен және машина жасау салаларында әлеуеті зор аймақтағы жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырамыз. Біз серіктестерімізге барынша қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Сондай-ақ Семей әуежайының әлеуетін одан әрі дамыту және кеңейту, оған бұрын болған әуе айлағы мәртебесін қайтару жобасы пысықталуда. Біз Ресей қалаларымен тікелей жолаушы және жүк рейсін ашу мәселесін талқылауға дайынбыз", – деді Абай облысының әкімі.

Бұл ретте тұрғындардың шағымдануынша, облыстың аудандары түгіл, орталығы Семейден Қазақстанның өзге қалаларына әуе қатынасы дұрыс жолға қойылмаған, тек Алматы мен Астанаға ұшақ жиі ұшады. Сондықтан басқыншылыққа түбегейлі бет қойған Ресеймен тығыз кірікпес бұрын, алдымен өз өңірлерімізбен тығыз байланыс жолға қойылса жөн. Билік халық тілегіне құлақ аса бастағанға ұқсайды. Жаңа кешенді жоспарда Семей-Ақтау, Семей-Атырау, Семей-Шымкент, Павлодар-Үржар әуе маршруттарын субсидиялауға 1,1 млрд теңге жыл сайын бөліп тұру жоспарланған.

Қойнауы қазынаға толы Абай өңірінің экономикасы негізінен тау-кен өндіру саласына тәуелді. Облыстың өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемінде оның үлесі 58,1%-ды құрайды.

Саланың ірі кәсіпорындары көмір өндіру, бағалы металдар мен мыс кендерін өндіруге бағдарланған. Облыс драйвері – жалпы көлемі 570 млрд теңгенің өнімін шығаратын 6 кәсіпорын. Оның ішіндегі көшбасшысы "Қаражыра" АҚ. Сонымен қатар "Алел" ФИК" АҚ (жылдық өндіріс көлемі 2 203 кг), "KAZ Minerals Aktogay" ЖШС (56 644,1 тонна), "Gold Minerals" ЖШС (696,3 тонна кен), "Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны" ЖШС (11,2 тонна алтын, 2 177,0 мың тонна кен өндіру), "Шығыстүстімет" ЖШС (2 397,6 мың тонна мыс-мырыш кені), "Горняк" ЖШС (алтын өндіру).

Облыс металлургия, жеңіл, тамақ өнеркәсібі мен машина жасауды дамыту әлеуетіне ие. Қолда бар минералды базаны, кадрлық әлеуетті пайдаланып, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға болады.

Осыған қатысты шаралар қазір Ұлттық экономика министрлігі пысықтап жатқан "Абай облысын әлеуметтік–экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарында" қарастырылады.

Мысалы, өлкеде әзірге игерілмеген және ешбір олигарх еншілеп үлгермеген тартымды кен орындары жетерлік. Абай облысының аумағында қатты пайдалы қазбалардың 7 резервтік кен орны бар: 6 алтын кен орны және 1 уран кен орны игерілмеген. Кен орындарының ең көп үлесі Жарма ауданында (4 кен орны) орналасқан.

Облыста пайдалы қазбаларды байытудың әзірге ешбір инвесторға берілмеген 77 кен орны бар: цемент шикізаты, графит, әк жағуға арналған карбонатты шикізат, қыш саздар, минералды бояулар, құрамында кварц бар шыны шикізат, минералды шикізат, керамзит және аглопорит шикізаты, отқа төзімді саздар, перлит шикізаты, құрылыс тастары, құм-қиыршық тас материалы, табиғи және беткі тастар, кірпіш шикізаты, құрылыс құмдары.

Абай облысында пайдалы қазбалар қорларының ең үлкен үлес салмағын кірпіш шикізаты – 177,5 мың тонна, цемент шикізаты – 124,1 мың тонна, құм-қиыршық тас материалы – 67,2 мың тонна және құрылыс құмы – 51,6 мың тонна иеленген.

Яғни, қалауын тапса, бұл өңірден жаңа индустриалдық аймақ жасауға болар еді. Әзірге, кері кеткен Ресейден басқа, дамыған елдерден инвесторлар көп тартылмағандықтан ба, инвестиция көлемін аса қомақты деу қиын. 2022 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Абай облысына 257 млрд теңге (шамамен 535 млн доллардай) инвестиция құйылған. 2021 жылғы 9 айдағыдан (239,1 млрд теңге) 7,5% немесе 17,9 млрд теңгеге өскен.

Оның өзінде бұл инвестициялардың көбі ішкі қаражаттар. Мысалы, "ЖЭС 100 МВт" ЖШС Аягөз ауданында жалпы қуаты 100 МВттық "Абай-1" жел электр станциясын салған. "SHARCEM" ЖШС Жарма ауданында жылдық өнімділігі 1,2 млн тонна цемент зауытын қалпына келтірген. "Елімай Көкпекті" ЖШС Көкпекті ауданында 1543 гектар алаңда суару жүйелерін салған, яғни 17 жаңбырлатып суару машинасын орнатқан.

Жаңа кешенді жоспарда да облысты дамыту, экономикасын көтеру шаралары ішкі қаржы көздеріне сүйенеді. Ол бағдарлама аясында жалпы сомасы 658,4 миллиард теңге болатын 17 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес және туризм салаларында жаңадан 3 823 жұмыс орны құрылуға тиіс.

Мысалы, атақты Алакөл көлінің жағалауында 6,4 млрд теңге тұратын "Alakol Aqua Resort" демалыс базасы 2026 жылы салынады деп күтілуде. 2027 жылға қарай "Semey mall" көпфункционалды сауда ойын-сауық орталығын, "Арман" сауда үйін іске қосу жоспарланған.

Семей қаласында 12 миллиард теңгеге 5 жұлдызды алғашқы қонақ үй салынады. 2 миллиард теңгеден астам қаражатқа Үржар ауылында әуежай терминалы реконструкцияланады.

Дамудың бесжылдық кешенді жоспары табысты жүзеге асырылса, облыс келесі жетістіктерге жетуге тиіс:

  • Абай облысының ЖӨӨ-сі (жалпы өңірлік өнімі) 1,9 трлн теңгеден 2027 жылы 3,2 трлн теңгеге дейін өседі.
  • Өнеркәсіп көлемі 1,5 есе ұлғайып, 1,4 трлн теңгені құрайды (2021 жылы – 898,4 млрд теңге болған);
  • Соның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,7 есе ұлғаяды және 594,4 млрд теңгені құрайды (2021 жылы – 339,8 млрд теңге);
  • Ауыл шаруашылығы шығаратын жалпы өнімінің көлемі 1,5 есеге артып, 725,9 млрд теңгені құрайды (2021 жылы – 474,7 млрд теңге);
  • негізгі капиталға салынған инвестициялар 3,5 есе көбейіп, 1 287,9 млрд теңгені құрайды (2021 жылы – 365,6 млрд теңге);
  • Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 34% артып, 118,7 мың адамды құрайды (2021 жылы – 88,5 мың адам);
  • жоспарды іске асыру кезеңінде 14 мыңдай жұмыс орны құрылады;

Бағдарлама тек экономикалық қана емес, әлеуметтік ісшараларды да қамтиды. Нәтижесінде, облыстағы шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарын өрт сөндіру бекеттерімен қамтып, қорғау деңгейі қазіргі 78,1%-дан 93,8%-ға дейін жеткізіледі.

2028 жылға қарай облыста 5700 орындық 11 орта мектеп, 510 орындық 6 шағын жинақты мектеп, 200 орындық 1 интернат, 2 100 орындық 9 балабақша, 2 спорт залының құрылыстары және 27 білім беру нысанын күрделі жөндеу жоспарлануда. 3-6 жастағы балалар 2 100 орындық 9 балабақшаны пайдалануға беру есебінен 100% қамтылады.

Президенттің тапсырмасымен, Оқушылар сарайы көпфункционалды орталық қолданысқа берілмек. Нәтижесінде, оқушыларды қосымша біліммен қамту 92%-ға дейін (2021 жылы 75,1%) жеткізіледі.

Денсаулық сақтау саласында 2028 жылға қарай медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне халықтың қанағаттану деңгейі 60,5-тен 64%-ға дейін ұлғаюы шарт. 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынады.

Абайлықтардың өмір сүру ұзақтығы 72,6 жастан 73,9 жасқа дейін өсуі қажет. Әйтпесе, кен орындары, өндіріс ошақтары көп болғандықтан жергілікті тұрғындар тым аурушаң.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 16,4 шақырым жылу желілері, 271,9 шақырым су құбыры желілері, 288,2 шақырым кәріз желілері жаңғыртылатын болады. Қолданыстағы 4 қазандықты реконструкциялау арқасында жылу қуаты сағатына 164 Гкал-ға, су тарту өнімділігі тәулігіне 32,4 мыңнан 63 мың текше метрге дейін ұлғайтылады. Су құбыры желілерінің тозуын ағымдағы 51%-дан 2027 жылы 29,3%-ға дейін төмендету қарастырылған.

Билік осы кезеңде жаңа облыстағы ауыл тұрғындарын ауыз сумен 100% жабдықтауға уәде етіп отыр.

2028 жылға қарай облыстық және аудандық маңызы бар 1 465 шақырым автомобиль жолдары, ал облыстың екі ірі қаласы Семей және Курчатовтың 530 шақырым жолдары жөнделеді. Осылайша, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі қазіргі 82%-дан 2027 жылы 97%-ға дейін артуға тиіс.

Жалпы, егер өңір гүлденсе, онда тұруға қызыққан адамдар саны артып, Абай облысы тартылыс орталығына, ал Семей мегаполиске айналуы да мүмкін. Бірақ бұл алыс перспектива сияқты. 2022 жылы облыс халқының бүкіл саны 610,4 мың адамды ғана құрады. Урбандалу деңгейі 60,5%: тұрғындардың осынша көлемі қалада тұрады. Облыста соңғы 3 жылда экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 330,7 мыңнан 329,2 мың адамға дейін азайыпты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу