Президенттің үндеуі саяси реформаға негіз болады

2022

Халық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурызда жариялайтын үндеуін тағатсыздана күтіп отыр.

Президенттің үндеуі саяси реформаға негіз болады

"Жаңа Қазақстан" құруға серпін беретін үндеуге қатысты болжамын білу үшін inbusiness.kz тілшісі cарапшыларға төмендегі сауалдарды қойды:

1. Президент халыққа жариялайтын үндеуінің мерзімін неліктен қыркүйектен наурызға жылжытты деп ойлайсыз?

2. Мемлекет басшысының үндеуінде қандай бағыттарға басымдық берілуі мүмкін?

3. Мемлекет басшысының үндеуінде қандай мәселенің көтерілгенін қалайсыз?

Марат Башимов, заңгер:

– Мемлекет басшысының үндеуді уақыт оздырмай жариялау туралы шешімін қолдаймын. Себебі ел Президентке сенім артып отыр. Қоғамда белгілі бір пікір қалыптасты. Бұған дейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиыны, Парламенттің кеңейтілген отырысы өтті. Президент осының барлығының қорытындысын жариялайды деп ойлаймын. Мемлекет басшысы жедел әрекет ету арқылы уақыт талабына сай шешім қабылдайтынын көрсетті. Бұл – әділетті қоғам, тиімді мемлекет тұжырымдамасымен үндесетін амал. Қазір бұрынғыдай күтуге, ұзақ талқылауға уақыт жоқ.

– Халыққа, ұлтқа жасалатын үндеу саяси-құқықтық жүйеге қатысты болатыны түсінікті. Жасыратыны жоқ, біз Конституциялық құқықтан алшақтап кеттік. Өкінішке қарай елді негізінен қылмыстық құқық пен процеске қатысы бар заң корпусының мамандары басқарды. Әлемнің кез келген елінде басшылық халық дауыс берген Конституцияның негізгі қағидаттарына қарайды. Мемлекеттік басқару – бұл әкімшілік құқық. Конституциялық принципті бұзуға болмайды. Құқықтың бұл түрі адам құқығы мен мемлекет құқығын қамтиды. Адамдар басқа салалардағы өзгерісті қалайды. Мысалы Парламентте, Сенатта және басқа жерлерде.

Елдің экономикалық әлеуетін қалпына келтіру, инфляцияны төмендету, азаматтардың табысын арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту, өңдеу өнеркәсібін ілгерілетуге инвестиция тарту сынды мәселелер маңызды әрі өзекті болып тұр. Білім сапасын тиісті деңгейге көтеру қажет. Жемқорлыққа қарсы жарияланған ымырасыз күресті күшейту керек.

– Конституцияға азаматтардың конституциялық құқығын және азаматтардың мемлекетті басқару құқығын қорғаудың тиімділігін арттыратын өзгеріс енгізілгенін қалаймын. Бұл сайлау және сайлану құқығын бекітеді. Партия қатарына қабылданбаған, партияның мүшесі болып табылмайтын тұлға қалай сайланады?

Парламенттік бақылауды күшейту керек. Бұл – қорғау саласы, тексерулер, парламенттік тергеу.

Мемлекет басшысы – азаматтардың құқығы мен бостандығының кепілі. Объективті болуы үшін ол партияның ұстанымына тәуелді болмауы керек.

Әрине партиялар дамуы керек, бірақ мемлекет саяси партия болып табылатын қоғамдық бірлестіктердің ісіне араласпауға тиіс. Партияларға да мемлекеттің ісіне араласпау керек.

Конституциялық Кеңеске бірнеше функцияны қосуға болады деп ойлаймын. Мысалы, жеке конституциялық шағым.

Бауыржан Исабеков, экономист:

– Халықтың наразылығы толығымен жойылған жоқ. Ол үнсіз жағдайда өтіп жатыр. Президент саясаткер болғандықтан мұны біліп, сезіп отыр. Мемлекет басшысына Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен, Парламенттен, Президент аппаратынан және басқа да қайнар көздерден келіп жатқан ақпарат реформаның бағыты мен бағдарын белгілеуге мүмкіндік берді. Реформаны созудың, кешіктірудің қажетті жоқ екені айқындалды. Президент жағдайдың ушығуына жол бермеу үшін нақты қадамға барды.

–  Президент үндеуінің негізгі индикаторы – әлеуметтік-экономикалық даму мәселесі болады. Дегенмен үндеудің негізін саяси реформа құрайды. "Сайлау туралы", "Саяси партиялар туралы", "Жергілікті атқарушы билік туралы" заңдар алдағы өзгерістерге жол ашатын аралық қадам. Экономикадағы реформалар да шұғыл шешімді талап етеді. Атап айтқанда, салықты азайту, шағын және орта бизнестен қосылған құн салығын алып тастау және олиграхтарға қосылған құн салығын есептеу. Офшордағы ақшаны қайтару бойынша стратегиялық қадам жасап, қаржының жылыстауына жол бермеу, материалдық өндіріс құру ісін қолға алу, шетелдік инвесторлармен диалог құру тәсілін өзгерту де күн тәртібіне қойылады деп үміттенемін.

Шағын және орта бизнес күшейсе, халықтың едәуір бөлігінде табыс көзі пайда болады, сатып алу қабілеті артады. Бірқатар әлеуметтік мәселелердің түйіні тарқайды.

Халық жалақының өскенін, өмір сүру деңгейінің артқанын, білім, медицина салаларында оң өзгерістің орнағанын, соттың адал болғанын қалап отыр. Президент Парламенттің кеңейтілген отырысында бірқатар уақытша шараларды атап өтті. Адам капиталын дамыту мен инновациялық технологияны енгізуді де есте сақтау қажет. Бұл – Қазақстанның болашағы үшін қажет және маңызды.

– Президенттің алдында әртүрлі күштер арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтау керек деген өзекті мәселе тұр. Бұл жерде халықтың сенімі, олигархиямен ынтымақтастық, халықаралық қоғамдастық алдындағы бедел, халықаралық құқықты сақтау, геосаясаттың нәзік қалтарысы сынды ондаған фактор бар. Мен осы тепе-теңдіктің табылғанын, елдің жаңа деңгейге көтерілгенін қалаймын.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихқа қалу мүмкіндігі бар. Бұл үшін тек эволюциялық жолмен жүру керек. Жоғарыда айтқанымның барлығын  Президенттің халыққа үндеуінде естимін деп үміттенемін.

Есет Есенғараев, әлеуметтанушы:

– Қаңтар оқиғасынан кейін қыркүйекті күту тым ұзақ мерзім. Үндеудің наурыз айында жарияланғаны дұрыс шешім деп санаймын. Қоғам бірқатар сұрақтың жауабын күтіп отыр. Мемлекет басшысының үндеуі халықтың тамырын тап басады деген үміт бар. Осылай болғанда қоғам топтасып, шоғырлана түседі. Бұл – дамуға мүмкіндік беретін реформаларды жүзеге асыруға оң әсер етеді.

– Мен экономист емеспін, бірақ мынадай мәселеге назар аударғым келеді. Ең алдымен, реформалар бизнес үшін неғұрлым қолайлы заңнамаға өзгеріс енгізуге бағытталуға тиіс. Атап айтқанда, салық салу жүйесі қайта қаралуы керек. Бизнесті қорғауға да басымдық беру қажет. Осыған дейін бізде "Алдымен экономика, содан кейін саясат" деген ұстаным болды. Бұл саясат экономиканың негізгі ойыншыларын сыртқы қол сұғушылықтан тиісінше қорғай алмады. Салдарынан рейдерлік қанат жайды. Заңға қайшы әрекет етпейтін бизнеске мемлекет тарапынан кепілдік берілуі керек. Бизнес мемлекеттің қорғауында екенін сезінуге тиіс. Үндеуде осы айтылса және айтылған сөз орындалса, бизнеске де, елге де пайдасы тиеді. Ипотеканы, несие саясатын қайта қарау керек деп санаймын. Шикізатқа тәуелділікті жеңгіміз келсе, өңдеу өнеркәсібін дамытуға қолайлы жағдай жасауға басымдық беру қажет.

– Президенттен қысқа мерзімді ғана емес, орта және ұзақ мерзімді кешенді бағдарлама күтемін. Бізге халықты тыныштандыратын емес, дамуға ықпал ететін нақты шара қажет. Елде партия құру жолындағы кедергілерді азайту және парламенттік жүйені өзгерту бойынша саяси реформа жүргенін қалаймын.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу