ПТР-тест жұмыс берушілер есебінен де жасалуы мүмкін

16330

Бірақ бұл жұмыс берушілер үшін міндет емес, құқық қана. 

ПТР-тест жұмыс берушілер есебінен де жасалуы мүмкін

Қазақстанда міндетті, мәжбүрлі вакцинация күш алды. Одан бас тартқандармен жұмыс берушілер қош айтысуда. Сонымен бірге, тағы бір үрдіс-тенденция бой көтерді, яғни вакцина алмаған қызметкерлер апта сайынғы ПТР-тестің шығынын мойнына алуды өз басшыларынан талап етіп жатқан көрінеді. Білікті персоналдан айырылып қалмау үшін кейбір бизнес субъектілері осы қадамға барды. Ал жұмыс берушілердің тағы бір бөлігі бұл талаптың қаншалықты заңды екенін сұрап, Үкімет мүшелеріне хат жолдауда, деп жазады Inbusiness.kz.

Тест шығынын жұмыс беруші көтеруі керек пе?

Антиваксерлер (оның ішінде заңгерлер де бар) Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Қиясовтың 2021 жылғы 1 шілдедегі №31 қаулысына сілтеме жасап, соған иек артады екен. Екпеге қарсы қозғалыс өкілдерінің сендіруінше, бұл құжат жұмыс берушілерді, заңды тұлғаларды және бизнес нысандарын өз қаражаты есебінен қызметкерлерін ПТР-тестілеуден өткізуге міндеттейді. 

"Облыстардың, Алматы, Нұр-Cұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдар, құқық қорғау және арнайы органдар, ұлттық компаниялар, меншік нысанына қарамастан барлық заңды тұлғалар вакцинацияланбаған жұмыскерлері үшін (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) 7 күнде 1 рет міндетті ПТР-тестілеуге тиіс", – деп жазылған жаңа қаулыда.

Осы талапты алға тартқан антиваксерлер өз басшыларынан апта сайын компания есебінен коронвирусқа қарсы "полимеразды тізбекті реакция" зерттеуін жүргізуді сұрап өтініш жазуда.

"Кеше бас-аспазымыз, Sous Chef-іміз, әкімші қыз өтініш жазып әкеліпті. Вакцина алғысы келмейді, ПТР-тест тапсыру құнын компания көтерсе дейді. Аспазымыз мысалы, әлі перзент сүймеген бойдақ жігіт, шешесі оған "вакцина ұрығыңды құртады, алма" деп тыйым салыпты. Шын-өтірігін қайдан білейін, бірақ обалына қалғым келмейді. Жыл соңына дейін осылай амалдай тұруға келістік", – дейді кәсіпкер, танымал мейрамхананың бас директоры Ерлан Дүйсенбин.

HR-менеджер, персонал бойынша маман Аида Өміртаева Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хатында Бас санитар қаулысына қатысты антиваксерлер талабының қаншалықты шындыққа жанасатынын түсіндіріп беруді сұрады.

"Келесі мәселе бойынша нақты түсініктеме беруді өтінемін: шынымен де жұмыс беруші қызметкерлерінің ПЦР-тест бойынша шығынын өз есебінен өтуге міндетті ме? Жалпы, бұл жайт қандай ресми құжаттарда бекітілген?", – деп сұрады А.Өміртаева.

Осындай сұрауларға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің өзі жауап берді. Оның айтуынша, бұл мәселе Еңбек кодексінде еш регламенттелмеген.

Дегенмен, Денсаулық кодексінің 104-бабына сәйкес, қандай да бір әкімшілік-аумақтық бірлікте инфекциялық аурулардың таралу қаупі төнген жағдайда, бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлер оның аумағында халықтың өмір сүруінің ерекше жағдайларын, кәсіпкерлік және өзге де қызметті шектеу іс-шараларын, соның ішінде карантинді енгізуге құзырлы.

"Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша барлық өңірдің әкімдері, орталық меморгандар, құқық қорғау және арнайы органдар, ұлттық компаниялар, меншік нысанына қарамастан барлық заңды тұлғалар вакцинацияланбаған жұмыскерлерін 7 күнде 1 рет міндетті ПТР-тестілеуден өткізіп отыруға тиіс. Бірақ сол ПТР-тестілеуден жұмыскерлер өз қаражаты есебінен өтулері тиіс", – деп мәлімдеді министр С.Шәпкенов.

Тест шығыны салықтан босатылады

Жақсы жаңалық та бар: өз жұмысшыларының ПТР-тест шығынын көтеретін жұмыс берушілер бұл шығынды корпоративті табыс салығынан шегерімге жатқыза алады: оған салық салынбайды.

Жалпы, пандемияға байланысты туындаған өзге де шығындарды салық төлеушілер шегерттіре алатын болды. Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіруінше, Салық кодексіне жаңа түзетулер күшіне енуде. Тиісті заңды ел Парламенті биылғы 24 маусымда (№53-VII) қабылдаған болатын.

Құжат жұмыс берушілерге инфекциялық аурулардың таралуын болдырмау және алдын алу үшін шығарған шығындарын жеке табыс салығынан шегерімге жатқызу құқығын ұсынады.  

Осыған орай Салық кодексінің 319-бабының 2-бөлімінде жаңа 10-1) тармақшасы пайда болды.

"Оған сәйкес, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төтенше комитетінің шешімімен ауруды пандемия деп тану салдарынан шектеу іс-шараларының, оның ішінде карантиннің енгізілуіне байланысты зертханалық зерттеуге (ПТР-тест), жеке қорғаныш құралдарымен қамтуға, медициналық тексерулер жүргізуге, профилактикалық екпелерге, медициналық байқауға, емдеуге, оқшаулауға, емдеуге жатқызуға бағытталған жұмыс берушінің жұмыскерлер пайдасына шығыстары, соның ішінде жұмыскерлер шығыстары – жеке тұлғаның кірісі ретінде қарастырылмайды. Бұл норма жұмыс беруші мен жұмысшының санитарлық-эпидемияға қарсы, санитарлық-профилактикалық іс-шараларды өткізуге, соның ішінде пандемия аясында емдеу мен зерттеулерге кеткен шығыстарын салық салудан босатуға мүмкіндік береді", – деп хабарлады Мемкірістер департаменті.

Бұған қоса, жұмыс берушінің бетперде, санитайзерлер сатып алу, ғимаратты дезинфекциялау, өңдеу секілді карантин іс-шараларын ұйымдастыруға қатысты барлық медициналық шығыстарына жеке табыс салығы салынбайды. Салық кодексінің осы 319-бабына түзетулер биылғы 1 шілдеде күшіне енді.  

Қорыта айтқанда, жұмыскерлер өз қалтасынан шығын шығарып, ПТР-тесттен бәрібір өз қаражатына өтуіне тура келеді. Алайда заңнама осы процесті компания есебінен ұйымдастыратын жұмыс берушілер мен кәсіпкерлерге ынталандыру ретінде салықтық жеңілдік – шегерім ұсынады. Демек, бұл іс бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін, өз мамандарын қаншалықты қадірлейтінін паш етпек.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу