Путин Донбасс маңына неліктен 115 мың әскер аттандырды?

5467

Батыс бұны Украинаға басып кіруге әзірлік деп қарастырып отыр. Ресей болса, Пентагонның Қара теңізге кеме жіберіп, Киевке миллиондаған доллардың қаруын жеткізуіне алаңдаулы. 

Путин Донбасс маңына неліктен 115 мың әскер аттандырды?

Ресей әскерінің Украина маңына көптеп шоғырлануын АҚШ мүлде түсіне алар емес. Байден әкімшілігі бұған қалай жауап берерін білмей отыр.

Конргестегі республикашылдардың кейбірі болса, Құрама Штаттар үкіметіне Украинаға әскери қолдауды күшейт деп талап қоя бастады. Бірақ бұндай көмекті Президент Владимир Путин күш көрсету деп қабылдап, аймақта тайталас бұрынғыдан да өршіп, Украина қауіпке душар болып, Еуропаға үлкен энергетикалық дағдарыс қатері төнуі ғажап емес.

Дегенмен АҚШ-тың осал жауабы да қауіптен ада емес. Кейбір бақылаушылардың ойынша, Америка Киевке жәрдемдеспесе, Путин Украинаға тағы да агрессия жасап, көршісініңі жерін әрі қарай басып алуға әрекеттеніп, Байденнің онсызда түсіп бара жатқан беделіне ауыр нұқсан келтіруі мүмкін.

"Путин мырзаның не ойластырғанын біз білмейміз", – дейді АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остии сәрсенбі күні жасаған мәлімдемесінде. Ал одан бір апта тұрын Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен де "Мәскеудің нені көздегенін анық түсінбейтінін, алайда оның қандай сценариймен әрекет ететінін білетінін" атап өтті.

Иллинойс штатынан сайланған демократ және Өкілдер палатасының барлау комитетінің мүшесі Майк Куигли Путиннің ниетін жақсырақ түсіну "үлкен соғыстарға жетелеген қателіктерді болдырмау үшін" маңызды деп есептейді.

Ресей 2014 жылы Украинаның Қырым түбегін басып алды. Ал Донбасс аймағында Киев пен ресейшіл көтерілісшілер арасында жалғасып жатқан қақтығыс 14 мыңға жуық адамның өмірін қиды. Қазір Украина ресейлік 115 000 әскердің өз шекарасы маңында шоғырланғанын айтып отыр.

Батыс баспасөзінің хабарлауынша, бұл шоғырлану Ресей басқыншылығының алғышарты болуы мүмкін. Осы айда Украина сыртқы істер министрімен кездесуде Блинкен айтқандай, Путинің "ойын кітабына" сәйкес, Ресей ең алдымен шекараның жанына әскер жинап, содан кейін "арандатушылық жасалды деген желеумен" көрші елге басып кіреді.

НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг те жұма күні альянстың Украина шекарасында ресейлік күштердің "ерекше шоғырланғанын" көріп отырғанын айтып, Мәскеу бұрын да көрші елдерге шапқыншылық жасау үшін дәл осындай сценарийді қолданғанын ескертті.

АҚШ әкімшілігі басқыншылық міндетті түрде жасалатынына сенбесе де, Путин Украинаның тәуелсіздігін жоққа шығаруды күшейтіп келеді. Кремль шілдеде жариялаған көлемді эсседе украиндар мен орыстардың "бір халық" екені және "Украинаның шынайы егемендігі тек Ресеймен серіктестікте ғана мүмкін" болатыны айтылған.

Бірақ бұның бәрі Украинаның Батыспен байланысты нығайтуына және оның Солтүстікатлантикалық альянсқа енуіне жол бермеу мақсатындағы сес көрсетуге де ұқсас. Бір жағынан, Ресей Украинаға басып кіруге немесе оның қандайда бір территориясын жаулап алуға тәуекел етіп, үлкен соғысқа жол аша ала ма? Бұл сауалға жауап әзірге жоқ. 

Ресей биыл көктемде де Украина маңына сан мың жауынгер жеткізді. Алайда ол маневрлар басқыншылыққа әкелген жоқ. Дегенмен америкалық заң шығарушылар мен ресми өкілдер барлаушылардың көпшілікке жарияланбаған мәліметіне сүйене отырып, бұрынғыдан қаттырақ алаңдауға себеп бар дейді.

Ресей болса, басқыншылық ниеті жоқ екенін айтып, өз шекарасы маңында НАТО-ның белсенділігінің артуына және Украина армиясының күшеюіне жауап беріп жатқанын алға тартып отыр.

"Батыстағы серіктестер Киевке адам өлтіретін заманауи қару-жарақ жеткізіп қана қоймай, Қара теңізде ғана емес, біздің шекарамызға жақын басқа аймақтарда да әскери жаттығулар өткізу арқылы жағдайды ушықтырып жатқанын ескеруіміз керек", – деді Кремль басшысы бейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде.

АҚШ Украина мен НАТО ынтымақтастығы аясында Қара теңізге кемелерін жіберіп, қыркүйекте жарияланған 60 миллион долларлық пакеттің бір бөлігі ретінде соңғы апталарда Киевке әскери жабдықтар жөнелтті. Ал 2014 жылдан бері Вашингтон Украинаның қорғанысын нығайтуға 2,5 миллиард доллардан астам қаражат бөлген.

Сәуірде Байден әкімшілігі Ресейге Украина жанжалындағы рөлі мен АҚШ-тың инфрақұрылымдарына кибершабуыл жасады және Америкадағы сайлауларға араласты деген себеппен жаңа санкциялар жариялады.

Алайда кейбір конгресмендер мен сарапшлылардың пікірінше, мұндай жазалау шаралары Путиннің мінез-құлқына ықпал ете алмай келеді. Тағы бір айта кететін жайт, мамыр айында Құрама Штаттар басшылығы Ресей газын Германияға Украинаны айналып өтіп тасымалдайтын "Солтүстік ағын-2" құбырына да бірталай санкция салды.

Бұл аздай, осы айда бір топ республикашыл конгресмен АҚШ үкіметін Украинаға ажал қаруын көбірек жеткізуге, барлау мәліметтерін бөлісуді күшейтуге, Қара теңізде америкалық кемелердің санын көбейтуге шақырды. Егер, Пентагон бұның бәрін жүзеге асыруға кіріссе, Ресей оны жауапсыз қалдырмауы мүмкін.

Сонымен қатар Путин Батыстың кез-келген әрекетіне Ресейдің табиғи газына өте тәуелді Еуропаға энергия экспортын шектеу арқылы да жауап бере алады.

Карнеги халықаралық бейбітшілік қорына арнап жазған мақаласында екі сарапшы Украинаны Путин үшін "аяқталмаған іс" деп атады.

"Аяқталмаған іс – тарихи империяның негізгі бөлігінде Ресейдің үстемдігін қалпына келтіру. Украинаны қайтару күн тәртібіндегі маңызды пунктердің бірі", – дейді Юджин Румер мен Эндрю Вайс.

Дегенмен Гарвард университетінің Белфер орталығындағы барлау жобасын басқаратын ЦРУ-дің бұрынғы офицері Пол Колбенің сөзінше, Украинаның көп жерін басып алуға тырысу немесе Киевті алуға аттану – Қырымды немесе Донбасстың бір бөлігін оккупациялаудан әлдеқайда қиынға соқпақ.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу