Путин "Орыс әлеміне" негізделген жаңа сыртқы саяси доктринасын мақұлдады

2878

Осылайша, бір кездері жұмсақ саясат ретінде ғана ұсынылған идея Ресей саясатына ресми түрде бекітіліп отыр.

Путин "Орыс әлеміне" негізделген жаңа сыртқы саяси доктринасын мақұлдады

Президент Владимир Путин дүйсенбі күні "Орыс әлемі" тұжырымдамасына негізделген жаңа сыртқы саяси доктринасын мақұлдады. Бұл концепцияны консервативтік идеологтар Мәскеудің орыстілділерді қолдауды желеу етіп, өзге елдерге басқыншылық жасауын ақтау үшін пайдаланды.

Украинада қарулы жанжал басталғаннан кейін жарты жылдан астам уақыт өткенде жарияланған 31-беттік "гуманитарлық саясатта" Ресей "Орыс әлемінің" дәстүрлері мен идеалдарын қорғап, оларды алға ілгерілетуі керек" деп жазылған.

"Ресей Федерациясы шетелде тұратын отандастарының құқықтарын жүзеге асыруға, олардың мүдделері мен ресейлік мәдени ерекшеліктерін қорғауға, сақтауға қолдау көрсетеді", – дейді доктрина авторлары.

Сонымен қатар құжатта Мәскеудің шетелдегі отандастарымен байланысы Ресейге "халықаралық аренада көпполярлы әлем құруға ұмтылатын демократиялық ел ретіндегі имиджін нығайтуға" мүмкіндік бергені айтылған.

Путин 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Ресейден тыс, жаңа тәуелсіз мемлекеттерде қалып қойған 25 миллионға жуық этникалық орыстың тағдырын қайғылы деп санайтынын талай рет қайталады және де Кремль басшысы КСРО-ның құлауын "ұлы геосаяси апат" деп атағаны белгілі.

Ресей Балтық жағалауынан Орталық Азияға дейінгі бұрынғы советтік кеңістікті өзінің заңды ықпал ету аймағы ретінде қарастыруды жалғастырып келеді. Алайда бұл ұғымға сол посткеңестік республикалардың көпшілігі және Батыс қарсы.

Жаңа саясатта Ресейдің славян халықтарымен, Қытаймен, Үндістанмен ынтымақтастығы артып, Таяу Шығыс, Латын Америкасы және Африка елдерімен байланысы одан әрі нығаюы керектігі де көрсетілген.

Батыс славяндар Польшада, Чехияда, Словакияда, шығыс славяндар Ресейде, Белоруссияда, Украинада, ал оңтүстік славяндар Хорватияда, Боснияда, Герцеговинада, Сербияда, Болгарияда, Солтүстік Македонияда, Черногорияда және Словенияда тұрады.

Сонымен қатар доктринада Мәскеудің грузиялық екі автономия – Абхазиямен, Осетиямен және Украинаның шығысындағы екі сепаратистік территория – өздерін "Донецк Халық Республикасы" және "Луганск Халық Республикасы" деп жариялаған аймақтармен қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуі керектігі жазылған.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу