Путин, Трамп және Си Цзиньпиннің кездесуі Еуропаны әбігерге салды

414

Күні кеше Дональд Трамп, Владимир Путин және Си Цзиньпин Қытайдың Шэньчжэнь қаласында кездесті.

Путин, Трамп және Си Цзиньпиннің кездесуі Еуропаны әбігерге салды Фото: POOL

Осы тұста Украинаның еуропалық одақтастары да Берлинде жиналды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап. 

Жиынға Германия астанасына келген америкалық келіссөз жүргізушілер Стивен Уиткофф пен Джаред Кушнер де қатысады. Екі саммиттің негізгі сұрағы еуропалықтар Украинаның болашағы мен құрлық қауіпсіздігіне қатысты шешімдерге ықпал ете ала ма, әлде ірі державалар өзара келісімге келе ме дегенге саяды.

Басылымның жазуынша, Батыстың бірнеше ықпал ету тетігі бар. Біріншісі – Украинаға көрсетілетін әскери көмек. Германия, Франция, Ұлыбритания, Польша және өзге де одақтастар әуе қорғанысы жүйелерін, оқ-дәрілерді, ұшқышсыз ұшу аппараттарын және алыс қашықтыққа арналған қару-жарақтарды жеткізуді жалғастыра алады. Берлиндегі кездесу қарсаңында Лондон 312 миллионға жуық еуро көлеміндегі жаңа көмек пакетін жариялады, оған мыңнан астам дрондар кіреді.

Екінші артықшылық – экономика. Еуроодақ Киевті қаржыландыруды жалғастыруға, өз қару-жарақ өндірісін ұлғайтуға және Ресейге экономикалық қысымды сақтап қалуға қауқарлы. Бұл жоғары деңгейдегі дипломатиялық кездесулерге қарағанда көзге көріне бермейтін тетік болғанымен, бірақ Украинаның соғысқа төтеп беру қабілетін сақтауда шешуші рөлге ие. 

Үшінші мәселе – қауіпсіздік кепілдіктері. Атыс тоқтатылған жағдайда еуропалық елдердің қандай міндеттемелерді өз мойнына ала алатыны Берлинде талқыланып жатыр. Бұл – Ресей тарапынан ықтимал жаңа  шабуылдың алдын алуға тиіс кепілдіктер. Егер осындай уағдаластықтарға қол жеткізілсе, Еуропа тек қару мен қаржы жеткізуші ғана емес, болашақ келісімнің тікелей кепілі ретінде де таныла алады.  

BILD мәліметінше, Еуропаның осал тұсы – ауызбіршіліктің болмауы. АҚШ, Ресей және Қытайдан айырмашылығы – оның біртұтас саяси орталығының жоқтығында. Себебі шешімдер Еурокомиссияға, ЕО Кеңесіне және Мәскеуге қатысты ұстанымдары әртүрлі 27 үкіметтің көзқарасына тікелей байланысты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу