Путин ҰҚШҰ арқылы көмек сұраса, азын-аулақ қару-жарақ беріп жалтаруға болады – Амангелді Құрмет

1704

Ресейдегі шиеленіске толы сенбінің Қазақстандағы ахуалға әсері қалай болады? Көрші елдің Ростов, Воронеж өңірлерінен жеткен әрбір мәліметті жіті қадағалап отырған отандастарымыздың көкейінде осындай сұрақ бар. 

Путин ҰҚШҰ арқылы көмек сұраса, азын-аулақ қару-жарақ беріп жалтаруға болады – Амангелді Құрмет

Inbussiness.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтарды  белгілі әскери шолушы Амангелді Құрметұлына қойып көрді.

- Амангелді мырза, Ресейдегі жағдай қандай сценарийлермен өрбуі мүмкін деп ойлайсыз? Сол сценарийлердің әрқайсысында Қазақстан қалай әрекет етуі керек?

-Меніңше, Ресей әскерилерінің ішінде, айталық Мәскеу горнизонынан, Брянск, Курск, Белград сияқты жолдағы облыстардан Росгвардия ішіндегі белгілі бір топтар қосылып кетпесе, бұларды ("Вагнер" ЖӘК сарбаздарын – ред) қатты соққы беріп тоқтатуы мүмкін. Әрі кетсе, Курск немесе Воронеж облысының шекарасынан ұзатпайтын шығар. Мұндай жағдайда дипломатиялық қатынаспен шектелген дұрыс. Бүгін ғана Президентіміз Путинмен сөйлесіпті. Алаңдаушылық қана білдірген. Осындай дипломатиялық қадамды ұстап отырған дұрыс, қандай сәтте де. Өйткені ол өзгенің ішкі істері, өздері іштей реттеп алуы керек.  Мұны мен қатты өрби қоятын оқиға деп ойламаймын. Дипломатиялық амал  -  (Қазақстан үшін – ред.) ең дұрыс амал. Біз олардың ішкі істеріне араласпаймыз. Тек шекара күзетін нығайтып, бекітіп отыруға болады.

- Мұны азаматтық соғыс деп атауға бола ма? Е.Пригожиннің артында кім тұруы мүмкін?

- Мұны әзірге азаматтық соғыс деп атай алмаймыз. Өйткені масштабы ондай емес. Бәлкім қазіргі классикалық ұғымда қолданылып жүрген бүлік, терроризм деп бағалауға болады. Бірақ терроризм дегеннің өзінде бұлардың сипаты басқа. Жергілікті, аймақтық деңгейдегі бүлік, бас көтеру, көтеріліс деп бағалаған дұрыс шығар. 
Пригожиннің артында нақты кім тұрғанын ешкім білмейді. Путиннің төңірегіндегі түрлі саяси, қаржылық топтардың мүшелері болуы мүмкін. Тіпті ФСБ-нің өзі болуы ғажап емес. Бірақ олардың бәрі де қазір  Пригожинді сатқын деп айыптап жатыр. Менің жеке көзқарасым бойынша, Пригожинге өзін құрбандыққа шалатыны туралы, соттау және тағы басқа процедураларды көздейтін ақпараттар шыққан болуы ғажап емес. Соны білген Пригожин тәуекелге бел байлай салды-ау деген ойдамын.

- Ресейде жағдай шиеленіссе, Қазақстанға босқындар жөңкілуі мүмкін бе? Жөңкілген жағдайда Қазақстанның тиісті ведомстволары өткен жолғы жөңкіліс кезінде жол берілген қандай кемшіліктерді болдырмау керек деп есептейсіз?

- Шиеленіс тұтас аймақтарды алып кетсе, Волгаград, Петербург, Мәскеу сияқты ірі қалаларға жетсе, Қазақстанға қарай жөңкілетіндер табылуы ғажап емес. Егер Қазақстанға көптеп келетін болса және босқын мәртебесіне сүйеніп кірсе, өкінішке қарай, БҰҰ-ның жарғылары бойынша қабылдауға тиіс боламыз. Бірақ келетін адамдарды ұдайы бақылау қажет болады. Тіпті Ресейдегі жағдай өте тұрақсызданатын болса, амал жоқ, белгілі бір мөлшерде бақылауды күшейту үшін босқындар лагерін құруға мәжбүр боламыз. Классикалық жағдайда солай болады. Былтыр мобилизациядан қашқандар келген кезде біздің ондай аргумент пайдалануға құқығымыз болған жоқ. Олардың  біздің елге жеке адамдар ретінде, турист ретінде келе алатын мүмкіндігі болған. Сол себепті мәселеге әлдеқайда кеңірек қараған дұрыс шығар. Келген адамдарды тіркеу мәселесін ұдайы бақылауда ұстап,  компания құру немесе Қазақстанды жанама санкцияға іліндіруі мүмкін тауарларды Ресейге тасымалдау әрекеттері сияқты бірқатар мәселеге көңіл аударған дұрыс деп білемін.

- Жағдай ушықса, В.Путин қандай жағдайда ҰҚШҰ-ның көмегіне жүгінуі мүмкін? Мәскеу ҰҚШҰ-ны бұл шиеленіске тартуға талпынса, Қазақстан билігінің алдында қандай маневр нұсқалары болады деп ойлайсыз?

- Путин ҰҚШҰ-ға терроризм мәселесінде, сырттан қауіп  төнген жағдайда жүгіне алады. Бірақ жүгінгеннің өзінде белгілі бір шешімдерді ұйым мүшелері жеке қабылдауға тиісті. Өз басым Мәскеу ҰҚШҰ-ны бұл шиеленіске тартуға талпынбайды деп ойлаймын. Талпынған жағдайда Қазақстан билігі дипломатия арқылы, "Бұл Ресейдің ішкі әрекеті", "Ресей Қарулы күштері мен Росгвардияның мүмкіндігі жағдайды реттеуге толық жетеді" деген сияқты шығарыпсалма жауаптар берген дұрыс деген ойдамын. Тіпті қатты салмақ салатын болса, белгілі бір қолда бар, азын-аулақ қару-жарақ беріп жалтаруға мүмкіндік бар-ау деп ойлаймын.

- Путин биліктен кетсе, онымен стратегиялық байланысы бар елдердің билігі әлсірейді дейтін теория бар. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанда қандай өзгерістер болуы мүмкін деп ойлайсыз?

- Меніңше, Путиннің биліктен кетуі онымен стратегиялық байланысы бар елдердің билігіне жанама ғана әсер етеді. Өйткені әр елдің өз ұстанымы, дипломатиялық жолы бар. Қазақстанның онсыз да Батыс елдерімен белгілі бір мөлшерде жақсы қарым-қатынасы бар, Қытаймен байланысы жақсы, Түркі әлемінде де өзіндік орны бар мемлекет.  Сондықтан біздегі процестер тікелей Путинге байланып қалған деп есептемеймін. Нақты ақпарат кеңістігінде көптеген өзгерістер болуы мүмкін. Тағы да әр түрлі шовинистік топтардың ақпараттық шабуылы, тағы басқа мәселелер қозуы ғажап емес. Қазақстан билігін дискердитация жасауға ұмтылатын ақпараттар ұйымдастырылуы мүмкін.  Одан артық көп өзгеріс бола қоймайды. Біз онсыз да белгілі бір процестерді бастағанбыз және бұл ақырын-ақырын жалғасады. Елдегі демократиялық процестерді онсыз да әлем көріп отыр. Әсіресе, оны осы оқиғаларға ықпал етуі мүмкін мемлекеттер біледі. Сондықтан бұл жерде Қазақстанда қандай да бір ауқымды өзгерістер болады деп ойламаймын.

- Бұл жағдай рубль бағамының әлсіреуіне түрткі болып жатыр. Қазақстан өз нарығын рубльдің конвертация алаңына айналдырмау үшін қандай шаралар қабылдауы керек?

- Рубль бағамына қатысты мәселеге қаржыгер болмағандықтан нақты пікір айта алмаймын.

- Ресейдегі ішінара мобилизация кезіндегі көші-қон коллапсынан кейін, Қазақстанда жалдамалы баспана бағасының бір мезетте ақылға қонымсыз өсуінен қорғайтын алғышарттар қалыптасып үлгерді ме?

- Жалдамалы баспана бағасының бір мезетте көтеріліп кетуінен, тағы басқа құбылыстардан ішкі нарықты қорғайтын нақты алғышарттар қалыптасқан жоқ. Оны әркім өз қалауынша істейді, әркім пәтер бағасын өз қалауынша қояды. Сондықтан солтүстіктен тағы да көші-қон ағыны күшейіп кетсе, жалдамалы пәтер бағасының өсіп кетуі әбден мүмкін.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу