QI-Trade алаяқтығына қатысты дауы күш алып барады

3091

Қордаланған мәселелер жаңа Үкімет мүшелеріне мұраға қалды. 

QI-Trade алаяқтығына қатысты дауы күш алып барады

Жақында Алматы полициясы "QI-Trade Kazakhstan"-ның еліміздегі барлық салымшысына қайырылды. Қазіргі уақытта Алматы қаласының Полиция департаментінің тергеу басқармасы осы компанияның басшылығы жасаған аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуде.

Бұл дау-жандал өткен жылғы желтоқсанда басталған екен.

"2020 жылғы 14 желтоқсанда Медеу ауданының полиция басқармасына 99 салымшы ұжымдық шағыммен жүгінді. Бүгінде зардап шеккендердің тізімі айтарлықтай өсті. Компания әрекетінен алданған азаматтар еліміздің басқа қалаларынан да табылуда. Күдікті С.-ге халықаралық іздеу жарияланды", – деді Алматы қаласының Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов.

Ішкі істер органдары "QI-Trade Kazakhstan" сазға отырғызған салымшыларды іздеуін де жалғастыруда.

"Аталған ЖШС-ның салымшысы болып табылатын азаматтарды бізге жүгінуге шақырамыз. Бұл тергеу үшін қажет. Ондай адамдар болса, Полиция департаментінің тергеу басқармасына, "Алматы қаласы, Масаншы көшесі, 55 үй" мекенжайына, сондай-ақ 254-43-80; 254-49-82; +7-777-250-68-37; +7-707-555-50-87 немесе 102 телефондары нөміріне хабарласуды сұраймыз", – деді Рустам Әбдірахманов.

Кейбір деректер бойынша осы компания қарекеттері кесірінен 4 мыңдай салымшы алданған.

"Бізге келтірілген шығынның жалпы сомасы 4 млрд теңгені құрайды. Компанияның директоры, 26 жасар Нұрлан Сағынбаев бірнеше апта бұрын барлық ақшаларды алып, табанын жалтыратты, белгісіз бағытта ізім-ғайым жоқ болды. Ресми мәлімет бойынша ол Қазақстанның шекарасын кесіп өтпеген. Алайда өз бейнеүндеулерінде Нұрлан өзге мемлекетте жүргенін айтады. Біздің ойымызша, Сағынбаев біреудің қолындағы қуыршақ қана. Оның артында мемлекеттік құрылымдарда байланыстары бар беделді адамдар тұруы ықтимал. Әйтпесе, 26 жасар жас жігіт осынша ауқымды қылмыстық махинацияны сауатты жоспарлап, компанияның барлық ісі мен есепшоттын жалғыз өзі басқара алмас еді", – дейді компания салымшыларының бірі Алтынай Әбдіхамидова.

Әдетте, заңгерлер "сауаттылық таныта алмай, алданған" азаматтардың өздерін кінәлайды. Бірақ бұл жағдайда мемлекетке қатысты сауалдар бар.

Біріншіден, жәбірленушілер "мұндай компанияның қалайша лицензия ала алғанына" қайран қалады. Олар анықтағанындай, "QI-Trade Kazakhstan" ЖШС-ға ұлттық экономика вице-министрі лицензия берген көрінеді. 

Екіншіден, зардап шеккендер Н.Сағынбаевтың бірнеше миллиард теңге көлеміндегі аса ірі қаражаттарды банктегі есепшоттарынан қалай қолма-қол ақша түрінде шешіп ала алғанын түсінбейді. Өйткені Қаржылық реттеу агенттігінің қаулысына сәйкес, кәсіпкерлерге ірі соманы қолма-қол ақшаға айналдыруына шектеу енгізілген. 

Үшіншіден, "Гарант 24" қаржылық ұйымының алаяқтығына қатысты былтырғы алапат даудан кейін құзырлы органдардың ұқсас компаниялардың ұқсас қызметті жалғастыруына қалай мүмкіндік бергені ақылға сыймайды.

"Біз осы сұрақтарға Үкіметтің жауап бергенін қалаймыз! Бұл алаяқтық үшін кімдер жауапты екенін түсінуіміз үшін қажет. Неге осындай компанияларды жауапты органдар ерте анықтап, алдын орамайды? Неге лицензия беріп, тайраңдатып қояды? Сорақысы сол, мұндай ұйымдар бірінен соң бірі қаптап құрылуда және әбден тұрмысы төмендеген, табыс тауып, тұйықтан шығар жол іздеген бұқараны емін-еркін талауда", – дейді салымшылар.

Оларға Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов ресми блогы арқылы жауап қатты. Оның дерегінше, "QI-Trade Kazakhstan" ЖШС-ға тауарлық биржалар қызметімен айналысуға лицензия 2018 жылы беріліпті. Дегенмен, 2019 жылы Сауда және интеграция министрлігінің құрылуына байланысты бұл сала енді осы ведомство құзырына көшті.

"Ұлттық экономика министрлігінің ішкі және сыртқы сауда, тұтынушылар құқығын қорғау саясатын қалыптастыру және жүзеге асыру функциялары мен өкілеттіктері Сауда және интеграция министрлігіне (СИМ) табысталды. Үкіметтің 2019 жылғы 10 шілдедегі қаулысымен бекітілген ережелре сәйкес, бүгінде тауарлық биржалар қызметін лицензиялауды да СИМ іске асырады. Тиісінше, "QI-Trade Kazakhstan"-ның лицензия алуының заңдылығы мәселесін аталған министрлік қарайды", – деді Р.Дәленов.

Ол салымшыларға "QI-Trade Kazakhstan" ЖШС-ның өз есепшотынан аса ірі соманы алып кетуінің қаншалықты заңды екенін Ұлттық банктен сұрауға кеңес берді. Бұл соның құзырындағы мәселе.

Жалпы, "QI Trade" – халықаралық желі саналады. Оның сайтындай айтылғандай, компания алдымен нарықтар мен бәсекелестерге талдау жүргізіп, барынша перспективті тауарларды анықтайды, содан кейін сұранысқа ие тауарларды тапсырыс беріп өндіртеді, артынша оны Amazon-да сатады. Соңында "саудадан түскен табыс салымшы-клиенттерге төленеді". Компания осы істердің бәріне салымшылардан жиналған қаражатты жұмсайтын көрінеді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу