Рақымшылық туралы заң: Басты сұрақтарға жауап

1808

Мемлекет басшысы қол қойған "Рақымшылық жасау туралы" заң бүгіннен бастап күшіне енді. Іnbusiness.kz тілшісі осы ретте қоғам тарапынан қойылып жатқан бірнеше сұраққа жауап іздеп көруге тырысты.

Рақымшылық туралы заң: Басты сұрақтарға жауап

Рақымшылыққа ілінгендер – "ақталған" санатқа жата ма?

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев рақымшылыққа ілінген азаматтардың анықтамасында "сотталған" емес, "рақымшылыққа ілінген" деп жазылатынын айтады.

Құзырлы шенеуніктің айтуынша, рақымшылыққа ілінгендердің тізімі базада сақталады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметке және құқық қорғау қызметіне ондай адамдар жұмысқа алынбайды.

"Бұған дейін де айттым. Рақымшылыққа ілінген адамдар "ақталған" санатқа жатпайды. Олар шын мәнінде қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылады. Бұл ақтамайтын негіздеме. Сол себепті рақымшылыққа байланысты жазадан құтылған азамат үшін заңнама шеңберінде біршама шектеу бар. Атап айтқанда, рақымшылыққа ілінген азаматтар жоғарыда айтқанымдай, мемлекеттік қызметке де, құқық қорғау органдарына да жұмысқа тұра алмайды. Ал ол адамның туған-туыстарына, бауырларына, қарындастарына бұл шектеулердің ешқандай қатысы жоқ", – деді ол бүгін Сенат кулуарында.

Айыппен келіспегендер – рақымшылыққа іліне ме?

Бұған дейін қоғам тарапынан көп қойылған сұрақтың бірі де осы еді. Бас прокуратура өкілдері бұл сұраққа нақты жауап бермеген. Алайда бүгін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова "сотта өзіне тағылған айыппен келіспегендер де рақымшылыққа ілінетінін" айтты.

"Заң жобасын алдын ала әзірлеген кезде кінәні мойындау рақымшылыққа ілінудің бір амалы ретінде қарастырылатыны жазылған. Алайда жұмыс тобымен талқылау барысында жұмыс тобына мүшелердің көпшілік дауысымен бұл норма толығымен алынып тасталды. Яғни "кінәні мойындау фактісін рақымшылыққа қосарлау – бүгінгі таңда қабылданған заңда қарастырылмаған", – деді Эльвира Әзімова.

Заңгер Абзал Құспанның түсіндіруінше, сот үкімінің бірінші пунктімен кінәліге жаза тағайындалып, екінші пунктімен рақымшылық заңын қолданып қысқартады.

"Егер азамат келіспесе, әрі қарай шағымдана беруіне болады", – дейді ол.

Рақымшылыққа кімдер ілінбейді?

Абзал Құспан заң бойынша, теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандар жазадан толық босатылатынын айтады.

"Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады. Ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімдерін қысқарту көзделген", – дейді заңгер.

Рақымшылық террористер, экстремистер, рецидивистер, азаптау жасағандар, тәртіпсіздік ұйымдастырушылар, мемлекетке опасыздық жасаған адамдарды қамтымайды.

Рақымшылыққа ілінгендер қашан толық босап шығады?

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев әзірге бұл сұраққа нақты жауап бере алмайтынын ашық айтып отыр. Өйткені бірқатар іс әлі де тергеу органының өндірісінде. Ауыр және аса ауыр қылмыс туралы істер бойынша алдын ала тергеу толығымен жүргізіледі. Іс сотқа жіберіледі, сот бұл істі қарайды және тек үкім шығарылған кезде ғана сот рақымшылық актісін қолданады.

"Рақымшылық жасау туралы" заңда уәкілетті органдар рақымшылықты орындау үшін алты ай ішінде барлық ұйымдастырушылық шараларды қабылдауы керек деген норма бар", – деді Әсет Шындалиев.

Оның айтуынша, рақымшылыққа ілінген адамның қылмысы ауыр санатқа жатпаса, сот залынан-ақ бостандыққа жіберілуі мүмкін.

Айта кетсек, 2 қарашада Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Рақымшылық жасау туралы" заңға қол қойған болатын. Ол құжатқа сәйкес, Қаңтар оқиғасы қатысты мың жарым адамға рақымшылық жасалатын болды. Заңның мақсаты – ел аумағында 2022 жылғы 4-7 қаңтар оқиғасына қатысты азаматтарды қылмыстық жауаптылықтан босату не оларға соттар тағайындаған жаза мерзімдерін қысқарту. Сондай-ақ ол заң азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар бойынща кінәлі деп танылған адамдарға "мемлекет пен қоғам тарапынан ізгілік пен мейірімділік актісіне" жатады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу