Рамзан Қадыров "елбасы" атанды

2644

Шешенстанның Ұлт көшбасшысы Конституция бойынша өз елінің территориялық тұтастығын қорғау және басқа салаларда қосымша құзырларға ие болды.

Рамзан Қадыров "елбасы" атанды

Шешен Парламенті республиканың Конституциясына түзетулерді қабылдады. Оған сәйкес, республика басшысы Рамзан Қадыров бұдан былай "Мекх-Да" деп аталады. Мұны қазақшаға ел атасы немесе "елбасы" деп аударуға болады.

РФ Мемдумасы қабылдаған федералдық заң бойынша биылдан бастап, Ресей құрамындағы ұлттық республикалардың басшылары "Президент" атала алмайды: мемлекетте, дұрысы – Мәскеуде жалғыз президент қана болады. Сондықтан татарлар өз көшбасшысы үшін араб тілінде билеуші, басшы деген сөзді білдіретін Раис атауын таңдады. Нәтижесінде, осы аптаның дүйсенбісінде Татарстан Президенті Рустам Миннихановтың ресми сайты rais домендік атауына көшті және бұл республиканың Президентінің интернет ресурсы бүгінде "сайт Раиса РТ" деп қайта аталды.

Айтпақшы, Татарстан президентін де "Елбасы" деп атау ұсынысы қызу талқыланыпты. Бұл туралы Novaya Gazeta Europe басылымына сұхбатында саясаттанушы Руслан Айсин хабарлады.

"Татар парламентінде талқыға салу барысында республикамыздың басшысын жаңаша қалай атауға қатысты бірнеше нұсқа болды. Басым түскені  қазақ тіліндегі "елбасыдан" туындаған "Илбаши" еді. Бірақ депутаттар Мәскеуді кіжіндірмейтін басқа атау керек деген байламға тоқтады. Себебі елбасы сөзі кезінде Назарбаевтың атына бекіді ғой. Ресейде өз елбасының пайда болуына Кремль жол бере қоймас. Әйтпесе, "баш" ұғымы татарлардың рухына жақын. Тіпті біздің ең басты баскиіміміз де "башлық" аталады", – деді Р.Айсин.

Ал Шешенстан лидері Р.Қадыров В.Путинге құрметі, қошеметі ретінде сонау 2011 жылы Президент атағынан өз еркімен бас тартқан. Содан бері жай ғана Шешенстан Республикасының басшысы аталып келді. Геосаясаттың өзгеруіне байланысты бұл өр халық та өз көшбасшысының мәртебесін көтере түсудің қамына кіріссе керек.

Ел Конституциясына "Мекх-Да" (шешенше "Мекхан Да" деп те айтылады) туралы түзету енгізілгенін алғашқы болып, телеграм-арнасы арқылы жергілікті парламенттің төрағасы Магомед Даудов жариялады.

"Бүгін парламенттің 40-шы отырысы барысында біз басымдықты заң жобаларын қарап, бірқатар көкейкесті мәселелер бойынша маңызды шешімдер қабылдадық. Атап айтқанда, "ШР Конституциясына өзгерістер енгізу туралы" Конституциялық заңы бірауыздан қабылданды. Оған сәйкес, ШР көшбасшысы ел Конституциясының, азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының гарантына айналады. Бұған қоса, оған Шешенстанның территориялық тұтастығын, қауіпсіздігін және елдегі заңдылықты қамтамасыз ету, республикадағы бейбітшілік пен келісімді сақтап тұру бағытында шаралар қабылдау өкілеттіктері беріледі. Ең бастысы, заң бойынша ШР басшысының лауазымы енді шешен тіліндегі "Мехк-Да" деп қайта аталады. Бұл өзгерістің мақсаты – өңір басшысының лауазымының аталымын қолдануды бір ізге түсіру. ШР-да мемлекеттік тіл – шешен тілі", – деп нықтады парламент спикері Магомед Даудов.

Сөз соңында ол "биылғы жылы бүкіл депутаттық корпус Шешенстанның көшбасшысы, РФ қаһарманы, қымбатты аға Рамзан Ахматұлы Қадыровтың бастамаларын заңнамалық қамтамасыз ету бағытында жұмысқа" жұмылатынына уәде етті.

"Кавказ.Реалии" порталының түсіндіруінше, шешен тілінде әу бастан "Мекхан Да" "өлкенің атасы" ұғымында қолданылған, бірақ қазіргі кезде ол елбасы ("отец народа") ұғымына ие болды.

Конституцияға түзетулер мейлінше жедел қабылданды: Даудов бастаған 21 депутат конституциялық заң жобасын жергілікті парламентке 2023 жылғы 12 қаңтарда енгізген. РФ субъектісінің Конституциясын өзгертетін түзетулерге Мәскеудің рұқсаты керек. Ол да тез алынса керек. Кремль бұдан былай Шешенстанның және оның тұрғындарының гаранты – РФ президенті емес, Шешенстан лидері болатынына да көндіксе керек.

Парламент төрағасы М.Даудовтың түсіндіруінше, "Мехк-Да" ұғымы шешендердің түп-төркінінен, байырғы тарихынан бастау алады.

"Бұл республиканың ең жоғарғы лауазымды тұлғасын білдіретін болады. Шешен тілінде басшы сөзінің басқа да баламалары бар: паччахь (падишах), куьйгалхо және басқасы (шешен тілінде Шешенстан басшысы "Нохчийн Республикин Куьйгалхо" аталып келген). Дегенмен "мехк-да" термині өз халқы үшін жауапкершілік арқалаған лидер ұғымын бәрінен де жақсы білдіреді", – деді заң шығарушы биліктің басшысы М.Даудов.

Бұл бетбұрыс Мәскеудегі биік лауазымды шешен өкілдерінің арасында да қызу қолдау тапты. Мысалы, Мемдума депутаты Адам Делимханов 2023 жылды Рамзан Қадыров "Шешен тілінің жылы" деп жариялағанын еске салды. Соның аясында осы жауынгер, өр халықтың өз басшысын да өз тілінде атауы заңдылық.

"Осы орайда Шешен Республикасындағы басты лауазымның шешен тілінде "Мехк-Да" аталуын ең дұрыс әрі адал жалғыз шешім деп санаймын! "Мехк-Да" ұғымы дініміздің, халқымыздың, оның мүдделерінің, мәдениетінің, тарихының, дәстүрінің және салт-санасының қорғаны ретіндегі ШР көшбасшысының рөлін толыққанды білдіре алады! Оның үстіне бұл ұғымда біздің көшбасшымыз арқалап келе жатқан жоғарғы жауапкершілік те көрініс тапқан. Біз, РФ Мемлекеттік думасының депутаттары және Шешенстаннан сайланған сенаторлар, бүкіл шешен халқымен бірге ұсынылған заңды қоштаймыз және қуана қарсы аламыз! Аса құрметті Рамзан Ахматұлын – біздің Ұлт көшбасшысын еліміздің сыртында, алыс шетелде де керемет құрметтейді! Біздің МЕХКАН-ДА Рамзан Ахматұлының көшбасшылығымен Шешенстанды бұдан да зор жетістіктер күтіп тұрғанына сенімдімін", – деп түйді Мемдума депутаты А. Делимханов.

Бұл хабарды ресейлік федералдық басылымдар сезікпен қабылдады, "Рамзан Кадыров стал Отцом народа" деген тақырыптармен шықты. Бірақ Р.Қадыровты ашық сынауға орыс журналистерінің ешқайсысы батпады. Біразы тіпті Кремльдің қазіргі пұшайман халін жасырып, жаба тоқу үшін Шешенстанның бұл батыл қадамын ақтауға асықты: Рамзан Ахматұлы қалай аталса да лайық дегенге келтірді.

"Главу республики Рамзана Кадырова в Чечне неофициально именуют Паччахь (буквально — государь, падишах), Куьйгалхо (руководитель), Къонах (рыцарь). Глава Чечни — потомок суфийских шейхов из древнего тариката (ордена) Кадирия. Отец главы республики Ахмат Кадыров был выдающимся мусульманским богословом, муфтием Чечни, из-за чего многие чеченцы называют Рамзана Кадырова Шейх", – деп жазады ресейлік танымал басылымдардың бірі осы тарихи оқиғаға қатысты сараптамасында.

Қалай болғанда, президент атауын тек Путин үшін сақтап қалуға тырысқан Мәскеу сонымен бірге бүгінде ұлттық республикалардың өз бастауларына оралып, рухтану қайнарларын содан іздеуіне серпін беріп алғанға ұқсайды. 

Өз кезегінде америкалық Соғысты зерттеу институты (ISW) РФ басшысы В.Путин бүгінде Шешенстан лидері Р.Қадыровқа қатты тәуелді болып қалғанына назар аудартады. Институт сарапшылары Мәскеудің соғыс салдарынан әлсіреуі аясында Рамзан Ахматұлының "тәуелсіз тұлғаға" (независимая фигура) айналғанын атап өтеді. Тіпті ресейлік саяси блогерлердің өзі Р.Қадыровты болашақта Ресей президенті болуы мүмкін саясаткерлер қатарында қарастыра бастады.

Бірақ замана ағысы ары қарай қалай өзгеретінін уақыт қана көрсетеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу