Reach Energy Berhad Маңғыстау үшін инвестициялық дәнекер болуға дайын

2580

"Малайзия-Қазақстан" бизнес-форумы барысында Маңғыстау облысының әкімдігі мұнай-газ компаниясымен бірқатар инвестициялық бағыт бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Reach Energy Berhad Маңғыстау үшін инвестициялық дәнекер болуға дайын

Мұнай мен газды барлау және өндірумен айналысатын Reach Energy компаниясы қазіргі кезде Маңғыстаудағы 54 мұнай және газ ұңғымасында жұмыс істейді, компанияның жоспары – 2026 жылға қарай Қазақстанның осы өңіріндегі ұңғымаларының санын 88-ге жеткізу. Алайда мұнай мен газды барлау және өндіруді кеңейту сәрсенбі, 12 шілдеде Астанада қол қойылған құжат мақсаттарының бірі ғана: облыс әкімдігімен жасасқан меморандумға сәйкес, Reach Energy өңірдегі басымдық берілген салаларға инвестиция салуға малазиялық компанияларды тартуда көмек көрсететін болады.

Басымдық берілген салалар қатарында мұнай-газ саласынан басқа инфрақұрылымдық және құрылыс жобалары, электр энергетикасы, сумен жабдықтау және туризм де бар. Мойнына келістірушінің рөлін алған малазиялық компания алдағы он жылда аталмыш салаларға 500 млн-нан миллиардқа дейінгі сомада инвестиция тартуға міндеттеніп отыр.  Ал Маңғыстау облысының әкімдігі, өз кезегінде, компанияға меморандумда көрсетілген мақсаттарға жетуде демеу көрсетіп, тартылған инвестицияларды қорғау мәселелерінде жәрдемдеседі.

Меморандумға Reach Energy компаниясының бас директоры Шахул Хамид Мохд пен Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов қол қойды. Облыс әкімі бұл құжат өңірдің мүмкіндіктері туралы ақпарат алмасуды көздейтінін ерекше атап өтті, бұл малазиялық компанияға Маңғыстау облысына инвестиция салуда жаңа мүмкіндік ашады.  Сонымен қоса Маңғыстау облысының әкімдігі Малайзияның жаңа инвесторлары үшін өңірдің инвестициялық әлеуетін ашатын бірыңғай орталықтың рөлін орындайтын болады.

Ал Reach Energy-дің өзі өңірден мұнай өндіруді кеңейтумен қатар Маңғыстау облысына метанол өндіретін зауыт және электр стансасын салуға, табиғи газды сұйылтуға арналған жабдық орнатуға және саланың өзге нысандарына инвестиция салмақ. Сондай-ақ тараптар "жасыл" технологияларды пайдалану жөніндегі Малайзияның тәжірибесі Маңғыстауда да, Қазақстанның өзге өңірлерінде де қолданылуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Малайзияның энергетика, "жасыл" технологиялар және су ресурстары министрінің орынбасары Дато Сенатор С. К. Девамани Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтіп жатқан кезеңде "жасыл" технологияларға маманданған малазиялық компаниялар Қазақстаннан да, өзге мемлекеттерден де болашақ серіктес тауып үлгергенін айтты.

"Жасыл инновация: болашақ күші" бағдарламасы аясында Малайзияның павильонында малайзиялық қалдықты өндейтін биотехнологиялық компаниялары мен Қазақстан, Қытай және Үндістанның әріптестері арасында алты меморандумға қол қойылды", – деп нақтылады вице-министр.

Оның мәліметі бойынша, бұл құжаттар негізінде іске асырылатын жобалардың жалпы құны 111 млн доллардан асып түскен. Дато Сенатор С. К. Девамани  күн фотоэлектрлік энергияны дамытудағы Малайзияның тәжірибесі  Қазақстан үшін де қызықты боларына сенімді, бұл ел аз ғана уақытта ауқымы жағынан күн фотоэлементтерін шығарытын әлемнің үшінші елі атанды, ал 2015 жылы күн фотоэлектрлік модульдер шығаруда әлем бойынша екінші орынға шықты.

"Малайзияда бұл саланың дамуы қосымша 15 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді, оның 65%-ы үшін оқыту арқылы жоғары білікті жаңа мамандарды даярлап шығарылды", – деп баса айтты вице-министр. Сонымен қоса Малайзия электр энергиясын есептеу құралдары, трансформаторлар мен энергия үнемдейтін шамдарын жеткізу есебінен Қазақстанның электрлік жабдықтар нарығындағы алар орнын кеңейтуге ниетті. Бұл Қазақстанның тұрмыстық және өнеркәсіптік секторының энергиялық тиімділігін арттыратынына Малайзияның халықаралық сауда және индустрия министрінің орынбасары Датук Ахмад Хаджи Маслан сенімді.

"Біз Қазақстанға жаңа мүмкіндіктерге толы маңызды ел ретінде қараймыз, – деді Датук Ахмад Хаджи Маслан. – 2016 жылы Малайзия мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 49,22 млн долларды құрады, яғни 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 36%-ға артты". Оның ішінде малазиялықтардың Қазақстаннан импорттағаннан гөрі, экспорттайтыны көп болып шықты – былтыр экспорт көлемі 43,78 млн долларды құрады, бірақ осы елдің халықаралық сауда министрлігінің өкілі жақын болашақта Малайзия "қазақстандық инвесторлар үшін де маңызды бағыт" боларына үміттенетінін білдірді.  Дәлірек айтсақ, "жасыл" технологияларды дамыту саласында, бұл елге кірген кәсіпорын мұндай активтерді сатып алғанда корпоративтік салықтан және одан түскен табысқа салынатын салықтан толығымен не ішінара босатылады.

"Бүгін қол қойылған меморандум ортақ мүдделерімізді ескере отырып біздің елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы тағы бір баспалдақ болып табылады. Малайзия үкіметі мен жекеменшік бизнес өкілдері қатарынан 90-нан астам мүше ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысып жатқанын ескерсек, мұнда Малайзия мен Қазақстанның компаниялары арасында бұдан да көп келісімшарттар мен меморандумдарға қол қойылады деп үміттенеміз", – деп түйіндеді Датук Ахмад Хаджи Маслан.

Әйгерім Сүлейменова, Игорь Воротной

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу