Релокацияланған компаниялар отандық ІТ-мамандар жалақысын 2 млн теңгеге шығындатты

2791

Елімізде бүгінде  ІТ-мамандардың көпшілігі – бұрынғы аспаздар, бала тәрбилеушілер және саланың оқуын бітірмеген өзге кәсіп иелері екені анықталды. Ал сарапшылар РФ релоканттарынан төнген қауіпті атады.

Релокацияланған компаниялар отандық ІТ-мамандар жалақысын 2 млн теңгеге шығындатты Фото: yandex.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандай салалар қазақстандықтарды ең көп жұмыспен қамтып отырғанын атады. 2022 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысында халыққа жұмыс орнын ұсыну жөнінен сауда секторы көш бастады: Қазақстан Ұлы Жібек жолы заманындағыдай саудагерлер елі болып қалды. Одан соң ата кәсібі – ауыл шаруашылығы тұр. Ары қарай – білім беру және өнеркәсіп салалары орналасты. Осы төрт басты базалық салаларда шамамен 4,8 млн адам немесе барлық жұмыскерлердің 55%-ы жұмыс істейді.

Бірақ биыл жаңа жұмыс орындарын құру бойынша лидерлер мүлдем басқа. Жұмыс орындарын ашу көрсеткішінде ең көп өсімді өнер, ойын-сауық және демалыс (+4,8%) секторы паш етті. Министрліктің түсіндіруінше, себебі пандемияның беті қайтып, тойханалар ашылды, халық той-томалаққа ағылды, қатаң карантин кезінде зар жылаған әнші, биші, әртіс, асаба-тамада және басқаларының қайтадан асығы алшысынан түсіп тұр. Екінші тұғырға қонақүйлер мен қоғамдық тамақтану (+4,1% өсім) көтерілді. Тойхана-мейрамханалар мен қонақүйлердегі банкет залдары думаншыл қонақтарға толды. Үштікті көлік саласы (+3,4%) қорытындылады. Бұған Ресейдің оқшаулануы аясында Қазақстан арқылы өтетін баламалы жолдардағы тасымал, транзиттің артуы ықпал етті.

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы бұл рейтингтердің ешқайсысына кірмейді. Бірақ біріншіден, онлайнға ауысып, көп жұмысты бот, робот пен автоматикаға тапсырып жатқан адамзаттың даму үрдісінде дәл осы сектор – ең перспективті саналады. Екіншіден, қазіргі кезде ебі-икемі бар жанға ІТ маманына айналу көп қиындық тудырмайды, курс бітірсе жеткілікті. Үшіншіден, осы сала мамандарының жалақысы аса жоғары.

Салыстырсақ, Еңбекминінің дерегінше, биылғы үшінші тоқсанның қорытындысында қазақстандықтардың орташа айлық атаулы жалақысы 299,8 мың теңгені құрады. Экономикалық қызмет түрлері бойынша ауыл шаруашылығында 21%-ға өсіп, 219,9 мың теңгеге, көлік саласында 9%-ға ұлғайып, 393,9 мың теңгеге, ал өнеркәсіп саласында 7%-ға жоғарылап, 415,5 мың теңгеге жетті. Бұлардың бәрі қыстың суығына тоңып, жаздың ыстығына күюді талап ететін, жұмысы ауыр салалар.

Ал жылы жерде компьютерін "шұқылап", кіріске кенелетін ІТ-мамандардың орташа жалақысы 2022 жылы 516 мың теңгеден асқан. Жоғарғы шегі бұдан бірнеше есе көп. Бұл мамандар өз кабинетінде немесе үйінде отырып-ақ бірден бірнеше жұмыс беруші мен клиентке қызмет ете береді. Яғни, табыс көзі көп.

Еңбекминінің "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" (ЕРДО) АҚ мәліметінше, бүгінде республикада 69,5 мың ІТ-маман қазақстандық кәсіпорындармен арада 84,1 мың электрондық еңбек шартына отырған. Олардың 21%-ы бір мезгілде бірнеше ұйымдарда жұмыс істейді. Бірақ қағаз күйінде келісімшарт бекіткендерінің, сондай-ақ еш келісімге қол қоймай, көлеңкелі жолдармен қызмет көрсетіп, тапсырыс орындап, конвертпен жалақы алатындарының нақты саны беймәлім.

Орталық сарапшылары қызықты бір мәліметті жария етті.

"Біз әдетте әрбір адам тек университетте немесе колледжде ұзақ жыл оқыса, мықты маман болып шығады деп санаймыз. Шынында, қысқа мерзімді оқудан өткеннен кейін де IT маманы бола береді. Талдауымыздың қорытындысында егер адам ІТ саласына шын құштарланса, әрі соған бейімі болса, бұл әбден мүмкін екенін білдік. Бүгінгі таңда Қазақстанда ІТ маманы болып еңбек етіп жүргендердің 56%-ы, яғни басым көпшілігі университеттерде, тіпті колледждерде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша оқымаған. Яғни олар қысқа мерзімді дайындықтан өтіп, мансаптарын сәтті түрде өзгерткен. Осылайша әртүрлі бағыттар мен кәсіптердің өкілдері, тіпті аспаздар немесе балабақша тәрбиешілері де қазіргі кезде IT-мамандарға айналуда", – деді ЕРДО басқарушы директоры Александра Молчановская.

Оның үстіне осы мамандарға сұраныс жоғары. Цифрландыру жағдайында көптеген компанияда білікті IT-мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Хакерлік шабуылдар күшейген, алаяқтар жоғары технологияларды жақсы меңгерген, фишинг бағдарламалар еселеп артқан заманда жақсы IT-кадрларының болуы мемлекеттердің, тұтас салалар мен ірі компаниялар дамуының маңызды шартына айналды.

Алайда озық елдер дәл осы сектордан білікті мамандарымызды тартып алуда. ЕРДО ресми мәлімет бойынша оқу орындарын бітірген IT-мамандарымыздың тек 31% ғана өз кәсібі бойынша Қазақстанда жұмыс істейді. Тағы 10,4% басқа салаларға ауысып кеткен. Бұл жайт та тапшылықты арттыра түседі.

Сонымен бірге республикада осы салада гендерлік кемсітушілік сақталуда: беделді компаниялардың көбі ай-ти маманы ретінде ер-азаматтарды таңдауға бейіл. Салдарынан, елімізде ақпараттық технологиялар мамандарының тек 31% ғана әйелдер.

Әйткенмен, On Point HR консалтингтік компанияның серіктесі Арман Шоқпаровтың түсіндіруінше, саладағы кадрлық тапшылықты ішінара өтеуге ағымдағы геосаяси ахуал оң ықпал етіп отыр: соңғы айларда Ресей, Украина және Беларусь елдерінен санкциялардан, соғыстан қашқан бірқатар ірі халықаралық IT және технологиялық компаниялары мен мамандары қоныс аударды.

Бұл ретте Қазақстанның бәсекелестік артықшылықтары бар. Біріншіден, республикамыз арқылы әлемнің кез келген елімен, компаниясымен істес болуға, есеп айырысуға, ақша аударуға мүмкіндік бар. Visa, MasterCard, басқасы бұғатталмаған. Екіншіден, Қазақстан өңірлік қақтығыстардан ада, бейбіт дамуда. Үшіншіден және ең бастысы, шетелдегі озық технологиялық командаларды көшіріп, орналастыру үшін бірегей жағдайлар жасалған.  Елде инвестициялар мен технологияларды тарту бойынша мемлекеттік және жеке институттар қызмет етеді.

Нәтижесінде, Цифрлық даму министрлігінің дерегінше, капиталының жалпы сомасы 27 миллиард доллардан асатын бірнеше халықаралық технологиялық компания биыл Қазақстанға толығымен не ішінара релокацияланды. Олардың қатарында, Playrix ($17 млрд, компьютерлік ойындарды әзірлеуші), Tinkoff Bank ($6,3 млрд, онлайн-банк), Nexters ($1,9 млрд, ойындар әзірлеуші), InDriver ($1,2 млрд, жолаушылар мен жүк тасымалдау қызметі), СПБ Биржа ($1 млрд, биржа), Mytona ($0,25 млрд, ойындар әзірлеуші), TypeType (қаріп-шрифт студиясы), Level Travel (онлайн турларды брондау), Red Mad Robot (ұялы қосымшаларды әзірлеуші) және басқасы бар. Олар төл ай-ти мамандарын ала келді. Дегенмен, ресейлік, беларустік, украиналық релоканттардың басым бөлігі Қазақстанда тұрақтамай, АҚШ, Түркия, Мексика, Сербия, Тайланд сияқты елдерге кетіп жатыр.

Нәтижесінде, ақпараттық-коммуникациялық технологиямен айналысатын маманынсыз қалған релокант компаниялар өз назарын қазақстандық мамандарға аударды. Осының арқасында отандық ортанқол кадрлардың да жалақысы 2,4 миллион теңгеге дейін шарықтап шыға келген.

"Қазір бізге өте көп шетелдік компаниялар, DataArt және басқалары ауып келді. Олар біздің джундарымызды 2 мың доллардан жалақы төлеп, өздеріне тартып әкете бастады (джун немесе Junior – тәжірибелі маманның жетекшілігімен қарапайым міндеттерді атқаратын, жаңа кіріскен жас маман). Онымен қоймай, бұлар біздің мидлдарымыздың ізіне індете түсіп, 4000–5000 доллардан айлық ұсынып, қызықтыруда (мидл немесе Middle – кәсіби мамандардың бақылауымен кодтар жазу сеніп тапсырылатын ортанқол маман). Біздің жергілікті нарық шағын ғана, ол мұндай орасан тапсырыс пен бәсекелестікті көтере алмайды. Біздің командамыздан оларға көптеген адам кетіп қалды", – дейді Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының (ЦАРКА) негізін қалаушы және басшысы Олжас Сатиев.

Олжас бұрынғы командаластарымен сөйлесіпті: олар релоканттарда қызықты жаңа жобалар жоқтығын, ескі жобаларды сүйемелдеу талап етілетінін, бірақ жайлы жағдайлар жасап, өте жақсы ақшаға қарық қылып тастағанын мойындапты.

Ол ақпараттық технология өнімдерін әзірлеуші ресейлік компаниялардың елімізге келуіне қарсы екенін айтты. Сарапшы көптеген ресейлік әзірлеушілер, фирмалар Қазақстанда тіркеліп алып, жаһандық нарықта бәсекеге шыдамайтын, тек біздің аймаққа жарайтын, құжат айналымына және басқасына қатысты өнімдерін тықпалап, отандық өнімдермен бақталаса бастағанына назар аудартты. Яғни, мемлекет жылдар бойы миллиардтар төгіп, инкубациялап, өсірген отандық ай-ти өнімдерді солар ығыстыруы әбден мүмкін. О.Сатиевтің айтуынша, бүгінде ресейлік және РФ азаматтары иелік ететін көптеген өнімдерге шетелдік нарықтар жабық. Сондықтан бүкіл ресейлік ІТ өнімдер баға демпингін жасап, Қазақстанға лап қойған жайы бар. Релоканттарды көбірек тарту тапсырмасын орындаған шенеуніктер асыра сілтеп, артының не болатынын аңдамай, жақсы жағдай ұсынып, олардың бәрін қабылдауға ынтығуда. Сарапшының байламынша, бұл біздің нарықты құртып тынуы да мүмкін. Ендеше барлық ресейлік маман мен компанияға бас-көз демей, құшақ аша бермеген жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу