Ресей Батыстағы активтерін бұғаттаудан босатып ала бастады

10763

Ресейліктердің шетелдегі мүлкі шетелдіктердің Ресейдегі мүлкіне айырбасталуда.

Ресей Батыстағы активтерін бұғаттаудан босатып ала бастады Фото: canva.com

Таяуда 16 саяси тұтқынды 8 тыңшы-қылмыскерге айырбастаудың табысты жүзеге асырылуы Ресейдің Батыспен арасын сәл де болса жақындатқанға ұқсайды. Енді міне, Ресей өзіне қарсы санкция енгізген елдермен арада бұғатталған активтерді алмасу рәсімін өткізіп отыр. Бұл ретте әрбір инвесторға өте мардымсыз қаржы лимиті беріліпті. Бірақ әңгіме тоңның жіби бастағанында болса керек.

Халықаралық іскерлік басылымдар ресейліктердің бұғатталған шетелдік өз активтерін кері қайтару мүмкіндігіне ие болғанын жазуда. Ресейлік инвесторларға шетелде бұғатталған активтерін сатып жіберуге рұқсат етілді. Бұл тұрғыда әрбір инвесторға 100 мың (миллион емес) рубль ғана лимит берілген. Яғни, кең сарайларды, сән-салтанатты яхталарды сата алмайды. Алайда акция-облигацияларды кері өткізуге бұл жетеді.

Қалай болғанда, ресейлік сауданы ұйымдастырушы жалпы сомасы 8,1 миллиард рубльдің бұғатталған активін сатып, түскен қаржысын Ресей азаматтарының есепшоттарына аударып та қойды. Осынша активтен зардап шеккен украиналықтар дәмелене алмайтын түрі бар.  

Ресейлік, шетелдік ақпарат құралдары қандай инвестор өз активін бұғаттау тұзағынан құтқара алғанын атын атап, түрін түстемеді.

"Ресейліктерге тиесілі, бұғатталған шетелдік құнды қағаздарды "С" типті шоттардағы шетелдік инвесторлардың ақшасына айырбастау операциясы шамамен 9 ай дайындалды. Өткен жылдың қарашасында Владимир Путин №844 нөмірлі жарлыққа қол қойды. Соның негізінде ресейлік инвесторлар бұғатталған төл активтерін шетелдік заңды тұлғаларға сату мүмкіндігіне ие болып отыр", – деп хабарлады  Forbes.

Мұның жай сату емес, айырбас деп аталуының мәні бар: ресейліктердің шетелде тұтқындалған мүлкін шетелдіктер өздерінің Ресейде бұғатталған қаражатына ғана сатып ала алды.

Украинаға басып кіргелі, 2022 жылы Ресей өз аумағында қалған шетелдік компаниялардың шоттарын бұғаттап тастады. Ол қаражаттар РФ-та "С" типті шоттарда сақтаулы жатыр: шетелдік иелері Кремльдің рұқсатынсыз оны шешіп ала алмайды. Енді батыстық компанияларға сол шотындағы қаржымен Батыста бұғатталған ресейлік актив үшін есептесуге рұқсат етілді. Сондықтан бұл рәсім "айырбас" деген атау алды.   

Ресейлік сарапшылардың айтуынша, кейінгі 1,5 жыл бойы ресейлік инвесторлар Украинаны қолдаушы серіктес елдердің аумағында қалған дүние-мүлкі мен капиталын заңды және заңсыз жолдармен қайтарып алудың түрлі тәсілін сынап көрді. Бірақ бірлі-жарым мысалды қоспағанда, одан мәнді ештеңе шыға қоймаған екен.

РФ Орталық банкінің бағалауынша, 2022 жылғы 24 ақпанда басталған кең ауқымды соғыстың (шағындау қарулы қақтығыстар 2014 жылы басталғаны мәлім) алғашқы кезеңінің өзінде шетелде ресейліктердің шамамен 5,7 триллион рубль тұратын мүлкі тұтқындалған (бұл қазіргі бағаммен шамамен 63,3 миллиард долларға тең).

Жаңа форматтағы "сату-айырбастау" бірнеше кезеңмен жүзеге асырылды. Алдымен, ресейлік инвесторлардан соған қатысу туралы өтінімдер жиналды. Олардың шетелде қалған құнды қағаздарының құрылымы талданып, ішінен барынша ұқсас лоттар іріктеліп, тізімі қалыптастырылған. Ақырғы кезеңде лоттар тізімі әлеуетті шетелдік сатып алушыларға ұсынылды.

Әрбір ресейлік инвесторға максимум дегенде 100 000 рубльден аспайтын көлемде акциялар пулын сатуға мүмкіндік берді. РФ Орталық банкінің түсіндіруінше, мұндай аз лимит ұсақ инвесторлардың барынша көп санын қамту үшін бекітіліпті.  

Дәндеген ресейліктер енді мұны азсынуда: лимитті теңіздегі тамшыға балады. Оларға салса, шетелде бұғатталған ондаған миллиард долларлық активін бір күнде шығарып алмақ. Бұл тып-тиыл болған село-қалалары, жермен-жексен етілген жылу-электр орталықтары, әлеуметтік инфрақұрылымы, тұрғын үй қоры және басқасы үшін Ресейден өтемақы-репарация күтіп жүрген Украинаға қиянат болар еді.   

Форбс ақырғы кезеңде кілтипан туындағанына назар аудартады. 2024 жылғы 12 маусымда, күтпеген жерден АҚШ, оның соңынан Ұлыбритания Мәскеу биржасына және НРД-ге (Национальный расчетный депозитарийге) қарсы бұғаттаушы санкция енгізді. Салдарынан шетелдік инвесторларға аталған айырбастау шарасына қатысуға іс жүзінде тыйым салынды. Мұны Euroclear есептесу-клирингтің жүйесі хабарлады.

Содан кейін жоғары жақта жасырын келіссөздер жүрсе керек, ақыр соңында айырбастау бәрібір іске асты.  

"Сату-айырбастау операциясына нақты кімдердің, қандай компаниялардың қатысқаны, сатып алушылар қай елдерден екені, "С" типті есепшоттардағы қаражаттардың қандай үлесі жұмсалып, қаншасы қалғаны – хабарланбайды! Сауданы ұйымдастырушы мәміленің тараптары туралы және келіссөздердің егжей-тегжейі жайында ешқандай да ақпаратты жария ете алмайды", – деп түсіндірді айырбастауды ұйымдастырған "Инвестпалата" компаниясының баспасөз қызметі.

Бір белгілісі, "Инвестпалата" дерегінше, Ресей тарапы айырбастауға 35,3 миллиард рубльдің бұғаттаулы активтерін ұсыныпты. Шетелдіктер болса, соның ішінен 8,1 млрд рубльдің активтерін сатып алды.

Мәселен, 105 брокердің клиенті саналатын, шетелдік компаниялардың акцияларын сатып алған 708 000 ресейлік соны кері сатып, қаражаттарын қайтарып алудан үмітті болған. Олардың бір-біріне барынша ұқсас активтері біріктіріліп, 100 лотқа топтастырылған.  Әрбір лоттың құны 353,1 млн рублді құрады.

Қорытындысында, журналистер анықтағандай, акциялардан құралған жүз лоттың шамамен 23 лотын немесе шамамен 23%-ын өткізе алғанға ұқсайды. Ендеше ресейліктердің санкция астындағы "қаңсығын таңсық көріп" қызыққандар шетелде көп болмағаны байқалады. Ал, өтпеген құнды қағаздар шот-деполарына бұғатталған күйде кері оралды.

"Риком-Траст" инвесткомпаниясының талдау бөлімінің басшысы Олег Абелев ресейлік әрбір инвестордың сатуға берген өтінімдерінің орындалу пайызы, үлесі әртүрлі болып шыққанын айтады. Біреуі көбірек, біреуі азырақ өткізе алды.

Мысалы, Ұсақ инвесторлар қауымдастығының (Ассоциация розничных инвесторов, АРИ) чатында кейбір инвесторлар өздерінің бұғатталған қанша акциясын өткізе алғандарын бөлісті. Мысалы, екі инвестор 100 мың рубль тұратын акциялар портфелін сатуға ұсыныпты. Оның бірінің шотына сауда соңында небары 8 мың, екіншісіне 9 мың рубль түскен екен. Тағы бір қатысушы шетелде бұғатталған акцияларын Ресейде бұғатталған қаржыға айырбастауға 30 мың рубльдің құнды қағаздарын ұсынған көрінеді. Оған 5 мың рубль түсті. Тағы бір инвестор Батыста бұғатталған 100 000 рубль активінен 28 мыңын өндіріп ала алғанымен мақтанды.

АРИ қауымдастығы айырбастың қорытындысын бағалау үшін дауыс беруді іске қосты. Қорытындысы келесідей:

  • Құнды қағаздары шетелде бұғатталған ресейлік инвесторлардың 34%-ы 10 000 рублге дейінгі соманы ғана ала алған,
  • 24%-ы 10 000 рублден 25 000 рублге дейін еншіледі,
  • 32%-ына ештеңе де тимепті.

Ұқсас сауалнаманы Евгений Коганның телеграм-арнасы да ұйымдастырды. Онда инвесторлардың 38%-ы құр қол қайтыпты. Жартысына жуығына 25 000 рублге дейінгі соманы місе тұтуға тура келген.

Актив алмасуға қатысқан инвесторлардың бірі журналистерге үш америкалық компанияның – Uber, American Airlines және Intel-дің бұғатталған құнды қағаздарын өткізуге ниеттенгенін әңгімеледі. Қорытындысында ол American Airlines пен Intel-дің акцияларын айырбаспен сата алған. Бұғатталған Uber акциялары бұғаттаудан шықпай, шот-депоға кері қайтты. Осылайша, ол бірлікпен есептегенде – портфелінің үштен екісін, ақшалай санағанда – 41%-ын оралта алды.

РФ инвесторы American Airlines акцияларын $9,74, Intel-ді – $20,36, Uber-ді – 70,91 долларға сатып алыпты. Айырбас барысында American Airlines-ты – $14,7, Intel Corporation акцияларын $42,2 бағамен сата алған. Сөйтіп, тіпті табыс тапты.

Активтері бұғатталған ресейліктердің одан пайда тауып жатқаны тіксінтеді. Өз кезегінде "Инвестпалата" шетелде бұғатталған ресейлік  активтерді Ресейде тұтқындалған қаражатқа айырбастаудың жаңа  раундын өткізу мүмкіндігін пысықтап жатқандарын хабарлады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу