Ресей экономикасы кері кетудің орнына, дамуын жалғастырып жатыр

6475

Сонша көп санкция.

Ресей экономикасы кері кетудің орнына, дамуын жалғастырып жатыр Фото: politforums.net

Соңғы санкцияларды қоса алғанда, АҚШ 4 мыңнан астам шенеунікті, олигархтарды, фирмаларды, банктерді және т.б. нысанаға алған екен.

Ал Еуропалық Одақ 2 мыңнан астам адам мен ұйымды санкциялық тізімге енгізіпті.

Президент Джо Байденнің сөзінше, бұл санкциялар Мәскеуді қымбатырақ құн төлеттіруге бағытталған. Бірақ Батыстың шектеулері әлі ойсырата соққы бере алмай жатыр.

Жаңа санкциялардың негізгі бағыты неде?

Санкциялар Ресейдің қару-жарақ өндірісімен, қаржы және импорт секторларымен байланысты адамдар мен фирмаларға қарсы бағытталған.

Олар Навальныйдың өліміне қатысы бар үш шенеунік пен украиналық балаларды ұрлап әкетіп, оларды қайта тәрбиелеуге жауапты саналған адамдарды нысанаға алып отыр.

Жаңа санкциялардың көпшілігі Кремльдің соғыс әрекетіне үлес қосып жүрген ресейлік фирмаларды шектеуді көздейді. Солардың қатарында дрондар мен өнеркәсіптік химикат өндірушілерден бастап станок импорттаушыларға дейін бар. Еуропалық Одақ соғыста қолданылуы мүмкін қос мақсаттағы тауарларды Ресейге экспорттаған шетелдік фирмаларды жазалауға кірісіп отыр.

Адамдарға салынған санкциялар  болса, олардың АҚШ пен басқа елдердегі мүліктеріне қол жеткізуіне және Батыста саяхаттап, бизнеспен айналысу мүмкіндіктеріне тыйым салады. Бұл шектеулер санкцияға іліккен адамдармен немесе компаниялармен бизнес жасағандарды да жазалайды.

Навальныйдың өліміне жаңа санкциялардың қандай қатысы бар?

АҚШ Мемлекеттік департаменті Навальныйдың өліміне қатысы бар деген үш ресейлік шенеунікті нысанаға алды. Олардың қатарында Навальный қайтыс болғаннан кейін үш күн өткенде, генерал-полковник шенін алған Ресейдің Федералдық жазаны атқару қызметі директорының орынбасары да бар.

Соңғы санкциялар бойынша, аталған үш адамның АҚШ-қа баруына тыйым салынып, Америкадағы мүліктеріне жол жабылуы керек. Бірақ олардың Батысқа баруы немесе онда активтері мен отбасы мүшелерінің болуы екіталай.

Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік өкілі Джон Кирбидің мәлімдеуінше, Вашингтон Навальныйдың өліміне қатысты тағы да шаралар қарастырып жатыр.

Тағы бір айта кететін жайт, осы аптада Ұлыбритания Навальный қайтыс болған колонияға жауапты алты ресейлік түрме бастығына санкция жариялады.

Ресей мұнайының шекті бағасының әсері қандай?

2022 жылдың желтоқсанында "Жетілік" елдері Ресейдің қазба отындарынан түсетін кірістерін шектеуге үміттеніп, ресейлік мұнай барреліне 60 долларлық шек қойды.

АҚШ Қазынашылық департаментінің мәлімдеуінше, Кремль үшін мұнай салығынан түсетін пайда осы шектеулер нәтижесінде 2023 жылдың алғашқы тоғыз айында 40 пайыздан астам төмендеген. Бірақ Халықаралық валюта қоры Ресей экономикасының әлі де өсетінін және оның жалпы ішкі өнімі 2024 жылы 2,6 пайызға артатынын болжап отыр.

Сарапшылардың осынау баға шегінің тиімділігіне қатысты пікірі әртүрлі. Кейбіреулер қазіргі саяси қысымды одан әрі күшейтуді, баға шегін тіпті  төмендетуді немесе мұнайға толық эмбарго жариялауды талап етіп жатыр.

Массачусетс технологиялық институтының экономистері Саймон Джонсон мен Кэтрин Вольфрам жұма күні Еуропалық экономикалық саясатты зерттеу орталығына хат жазып, Еуропалық Одақ пен АҚШ-ты Ресейге қарсы шектеулерді күшейтуге шақырды.

Бірақ АҚШ Қаржы министрінің орынбасары Уолли Адейемо  Вашингтон мен оның одақтастары "Ресейдің мұнай өндірісінің өзіндік құнын қымбаттатуға әрекет жасайтынын" мәлімдеп отыр.

Жалпы, санкциялар қаншалықты тиімді?

Байден әкімшілігі тек санкциялардың екпінімен Ресейдің басқыншылығын тоқтата алмайтынын мойындайды. Көптеген саяси сарапшылар да бұл санкцияларды жеткілікті күшті емес деп санайды. Оған дәлел – Ресей экономикасының әрі қарай өсуі.

Корнелл университетінің экономисі Эсвар Прасадтың ойынша, соңғы санкциялар "Ресей экономикасына немесе оның соғыс әрекеттерін басуға шектеулі ғана әсер етпек". Сонымен қатар, оның сөзінше, Қытай ұсынған "құтқару клапаны", Ресейдің көптеген санкцияларды айналып өту қабілеті және Конгрессте Украинаға жаңа әскери көмек көрсету мәселесінің тығырыққа тірелуі "мұндай санкциялардың символикалық, мазмұндық күшін айтарлықтай жойды".

Дегенмен, Батыста Ресейді одан әрі жазалаудың басқа да жолдары бар.

АҚШ пен Еуропа Ресей орталық банкінің шетелде бұғатталған 300 миллиард долларлық активтерін Украинаға өтемақы ретінде пайдалануды қарастырып жатыр. Бірақ бұл – құқықтық тұрғыдан күрделі мәселе.

АҚШ Конгрессінен өтпей қалған көмек пакетінің әсері қандай?

Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон Украина мен басқа елдерге көмек беру туралы Сенат мақұлдаған құжатқа дауыс беруге тосқауыл қойды.  Ал оқ-дәрілер мен әскер саны жағынан Ресей басым болып отыр.

Карнеги халықаралық бейбітшілік қорының аға ғылыми қызметкері Дара Массикоттың айтуынша, Ресей адам күші бойынша – 2:1, атыс күші тұрғысынан 5:1 артықшылыққа ие.

Бұл математика Украинаның соғысу мүмкіндігі үшін қиындық туғызады. Ол бүгінде шетелдің үлкен көмегіне мұқтаж. Жаңа санкциялар болса, алдағы уақытта Ресей зауыттарының өндірісін шектегенімен, Украина армиясындағы адам күші мен қару-жарақ тапшылығы проблемасын жоя алмайды.  

Санкциялар ресейліктердің күнделікті өміріне қалай әсер етіп жатыр?

Соғыс басталғалы бері Батыс елдері рейстерді тоқтатып, орыс ақшасын құнсыздандырды. Алғашында қарапайым ресейліктер арасында байбалам болып, халық валютаға қол жеткізу үшін кассалар алдында ұзын-сонар кезекке тұрды. Бұл жағдай Ресей орталық банкін рубльді тұрақтандыру мақсатында негізгі пайыздық мөлшерлемені 20%-ға дейін көтеруге итермелеп, заемдар мен несие құнын қымбаттатып жіберді.

Батыс елдерінің өнімдері нарықтан кетіп, дүкендердегі баға көтеріліп жатқандықтан, ресейліктердің өмір сүру сапасының өзгергені байқалып отыр.

McDonalds сияқты брендтер Ресеймен қош айтысты. Олардың орнына "Дәмді – нүкте" деген атпен орысша нұсқасы пайда болды. Пайыздық мөлшерлеме болса, әлі де жоғар – 16%. Сондықтан, кейбір адамдар несие құнын көтере алмайтындықтан, пәтер сатып алу жоспарларын доғара тұруға мәжбүр.

Дегенмен, iPhone сияқты батыстық тауарларды әлі де алуға болады. Бірақ олар қазір тым қымбат. Еуропа мен АҚШ-ға саяхаттау да қалтаны қағады. Өйткені қазір тікелей рейстер жоқ. Рубль әлі де әлсіз, яғни ресейліктер үшін шетелде қолма-қол ақша жұмсау мейлінше қымбат.

Бірақ Еуропаға бармайтын, Батыс өнімдеріне тәуелді емес және санкцияларды Ресейге өзін-өзі қамтамасыз етуге көмектесетін жақсы дүние деп санайтын ресейліктер аз емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу