Ресей халқы Түркияға үдере көшіп жатыр

3592

Жатжұртқа құшақ жайған түрік бауырлардың мейірімділігі бойына шуақ болып дарымай, басына таяқ болып тиюі мүмкін.

Ресей халқы Түркияға үдере көшіп жатыр

Түрік еліне биыл қыдырып барған қазақстандықтар онда украиндердің және орыстардың күрт көбейгенін байқаған болар. Украина жұртшылығын түсінуге болады: баласың, анасың демей аяусыз қырған, кілең жалдамалылардан тұратын, ақша, сауға дүние үшін соғысқан қатігез дұшпаннан бас сауғалап қашқаны көп. Ал жерінде ешқандай ұрыс қимылдары жүріп жатпаған Ресей халқының ерікті түрде босқынға айналғаны ерсі болса керек.

Салдарынан, босқындардың күрт көбеюіне байланысты биыл Түркия билігі шетелдіктерді, соның ішінде туристерді де тексеруді күшейтті. Әсіресе, курорттық қалаларда, сондай-ақ Ыстамбұлда, Анкарада көшеде келе жатқан жатжұрттықтарды кез келген уақытта полиция тоқтатып, құжат сұрайтынды шығарды. Бұл ретте орысша сөйлесетіндерге көбірек тиісетіндей көрінді.

Сондықтан саяхаттап не көшіп барған қазақстандықтар сыртта мүмкіндігінше даурықпай, әрі орыс тілін қолданбай, өзара қазақша сөйлескені дұрыс.

Жалпы Ресей тұрғындарының жаппай Түркияға көшіп жатқанын РФ ресми органдары да мойындады.

РФ Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) дерегінше, 2022 жылдың басында, яғни қаңтар-сәуір айларында ғана Түркияға 363,8 мың ресейлік қоныстанған.

Салыстыра кетсек, Кеңес одағы ыдырағаннан 2009 жылға дейінгі аралықта жалпы саны 300 мыңдай ғана ресейлік түрік еліне көшіпті.

Демек, биылғы төрт айдағы көрсеткіш 17 жылдың көрсеткішінен асып түсті. Кейбір деректер бойынша бүгінде миллионнан астам ресейлік осы мемлекетке эмиграцияланып үлгерген.  

Ресейлік саясаттанушылардың байламынша, олардың ішінде Мәскеудің саясатына, "арнайы әскери операциясына" ашықтан ашық қарсы шыққаны үшін саяси қуғын-сүргін көргендерінің үлесі шамалы, тым мардымсыз. Басым көпшілігі Түркияға жақсы өмір іздеп кетіп жатыр. Батыстың ауыр санкцияларынан, Мәскеудің солақай саясатынан, жаһандық брендтердің ресейлік нарықты тәрк етуінен Ресейде тауарлар ассортименті күрт азайды, дүкен сөрелері кеңес кезіндегідей босай бастады. Еуропа елдері ресейліктерге Шенген визасын берудан бас тартып жатыр.

Францияның кешкі "Le Monde" газеті де сарапшыларды тарта отырып, осы "феноменді" зерттеп шығыпты. Ол Түркия ресейліктерге санкциялардан құтылуға мүмкіндік беретін құтты мекен рөлін атқарып отыр деген тоқтамға келді.

Бұл ретте ресейліктердің әр санаты үшін игілік бар. Мысалы, кедей орыстар бір жағынан, Түркияның жер жәннатындай көркем әрі тегін жағалауларында демалады, екінші жағынан, сонда жұмыс істеп, бизнесін бастап, табыс таба алады. Сондай-ақ саудагерлер көшеде, не жағалауларды аралап, жүгерінің бір собығын бір еуроға сатады. Маусым ішінде он мыңын өткізе алса, он мың еуро қаржы табады.

Әрине, ең табысты бизнес – жылжымайтын мүлік: жағдайға тез бейімделген пысық ресейліктер төл жылжымайтын мүлік агенттігін құрып, Түркияда пәтер сатып алуды не баспана жалдап тұруды қалаған өз отандастарына, сондай-ақ қазақстандықтарға ақылы қызмет көрсетеді.

Созылмалы сырқаты бар ресейліктер де жағдайы келсе, Түркияға көшудің қамын жасап жатқанға ұқсайды. Өйткені санкциялар салдарынан Ресейде дәрі-дірмек таусыла бастаған.

Мысалы, Мәскеу диабет қауымдастығының (МДА) президенті Эльвира Густованың мәліметінше, РФ дәріханаларында инсулин тапшылығы туындады. Бұл ретте тек шетелдік препараттар ғана емес, олардың жергілікті баламалары да жоғалған. Содан мүмкіндігі барлар инсулинді Қазақстаннан алғызуды. Бірақ бұл мәселені ұзақ мерзімге шешпейтіні анық. Сондықтан жазылмайтын дерттерге шалдыққан ресейліктердің санкциядан ада елдерге қоныс аударуы мәжбүрлі шара болса керек.

Сонымен бірге Түркияны ресейлік олигархтар да таңдауда. Мысалы, миллиардер Роман Абрамовичтің Ыстамбұлда орныққаны анықталды. Өзге де ресейлік олигархтардың сәнді-салтанатты яхталары түрік жағалауларында айлақ тапты.   

"Украинаға ресейлік шапқыншылық басталғалы бері Түркияға ағылған ресейліктер легі еселеп артып барады. Қазіргі кезде ресейліктер Түркиядағы жылжымайтын мүлікті сатып алатын шетелдіктер тізімінде бірінші орынға шықты. Ресми статистика бойынша биылғы ақпан-маусым аралығында 5 мыңдай ресейлік, соның ішінде маусым айында 1275-сі жылжымайтын мүлік сатып алған. Мұнда РФ тұрғындарын баспанамен бірге Түркия азаматтығын алу мүмкіндігі қызықтырады. Түркия заңы (№5901) қос азаматтыққа ие болуға, яғни ресейлік азаматтығын да қоса сақтауға рұқсат етеді. Оның үстіне 400 мыңнан астам доллар инвестиция салған немесе сол сомаға жылжымайтын мүлік сатып алған кез келген шетелдікке түрік азаматтығы қоса беріледі. Бірақ бұл сома дүркін-дүркін қымбаттап тұрады. Ресейліктердің жанталаса асығуының бір себебі де осы болса керек", – деп тұжырымдады француздық шолушы Мари Жего.

Бұған қоса, түрік билігі ресейлік бизнесмендер мен компанияларға қаржылық қызметін қараң қала бастаған РФ-дан жаһандық қаржылық жүйе мен батыстық өндірістік-сауда тізбектеріне үйлесімді кіріккен Түркияға көшіруге қажетті тетіктерді ұсынып отыр.

Сондай-ақ өзге алпауыт державалардан айырмашылығы сол, Анкара Мәскеуге қарсы енгізілген санкцияларды қолдамады. Осының арқасында ресейлік компаниялар Түркияда отырып, Батыспен де, Ресеймен де қарым-қатынасын, іскерлік байланыстарын сақтап, тіпті екі ортада араағайын бола алады.

Мысалы, АҚШ, Канада, ұжымдық Еуропа және олардың серіктестері Ресеймен әуе, құрлық және теңіз қатынастарын үзуде. Әлемдік контейнерлік тасымал алыптары да агрессор елге жеткізілімдерін доғарды. Батыстық ірі порттар қызмет көрсетпейтіндіктен, жанар-жағар май құюдан бас тартқандықтан ресейлік танкерлердің де өрісі тарылды.

Осыны өз орайына пайдаланған түрік компаниялары дәнекер рөлін ойнауға кірісті. Контейнерлер алдымен Азиядан және Еуропадан Ыстамбұл, Мерсин немесе Измирге келеді де, осы жерден Қара теңіздегі ресейлік Новороссийск портына қайта бағытталады. Бұдан түріктің Medkon, Akkon, Fesco сияқты алпауыт компаниялары күреп қаржы табуда.

Олай болса, түрік жұртшылығы орыс тілін және түрін жақтырмағанымен, түрік билігі өмір сүруге қолайлы жағдайлар туғызғандықтан, Ресей тұрғындары бұл елді жерұйық мекен санап, оған ары қарай да ағыла беретінге ұқсайды. Бұл қарқын жалғасса, болашақта орыстар Түркиядағы ірі диаспораға айналып шыға келуі, сөйтіп, сайлау жүйесі, Парламент, митинг, бейбіт жиналыстар, әлеуметтік желілер арқылы Анкараның саясатына ықпал етуі ғажап емес.   

Мысалы, таяуда, шілде айының соңында Ыстамбұлда украиналық Динамо–Киев Чемпиондар лигасының іріктеу сыны аясында жергілікті Фенербахчеге қарсы ойнағанда, арасында ресейлік эмигранттары бар жергілікті жанкүйерлер "Путин" деп азан-қазан ұрандатқан. Жанкүйерлердің осы теріс қылығы үшін түріктің футбол клубы жаза тартты. UEFA Фенербахчеге 50 мың еуро айыппұл салды, сондай-ақ еурокубоктың бір матчында клубтың трибуналарын ішінара жауып тастады.

Түркияда қарасы күрт көбейген жатжұрттықтардан тағы нені күтуге болатыны белгісіз. Анкараның құшақ жайған кеңпейілділігі оған сор болып жабыспаса болғаны.

Жанат Ардақ

Фото: mynamaz.ru

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу