Ресей Иран үшін шпион-жерсерік ұшырады

3057

Бұл спутник тамыздың 9-да Байқоңырдан көкке самғайды. РФ оны ең алдымен Украинадағы ұрыс даласынан мәлімет жинау үшін қолданбақ. Ал Тегеран "Хаям" аппаратының мол мүмкіндіктерін пайдалану үшін біраз уақыт кезекте тұруы керек.

Ресей Иран үшін шпион-жерсерік ұшырады

Ресей келесі аптада Иран атынан спутник ұшыруға дайындалып жатыр. Жаңа жерсерік Тегеранның Таяу Шығыстағы әскери нысандарға тыңшылық жасау мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Бірақ Мәскеу ғарыш аппаратын ең алдымен Украинадағы әскери әрекеттеріне көмектесу үшін пайдаланбақ. Мұны "Вашингтон пост" газеті Батыстағы осы мәселемен етене таныс қауіпсіздік қызметкерлеріне жүгіне отырып бейсенбі күні хабарлады.

Ресейдің "Роскосмос" ғарыш агенттігі Иранмен төрт жылға жуық уақыт бұрын жасалған келісімді орындау үшін 12-ғасырдағы парсы математигі "Хайям" атын иеленген спутникті тамыздың 9-да ұшыратынын жариялады. Сонымен қатар Ресей Тегеранға бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер беретін, соның ішінде Израиль мен Парсы шығанағындағы маңызды нысандарды үздіксіз бақылауға арналған анықтығы жоғары камерасы бар Kanopus-V жүйесін жасауға және іске қосуға келісті.

Иран бұл жерсерікті бірден бақылауға ала алмауы мүмкін. Өйткені Ресей Украинада әскери нысандарды бақылауды күшейту үшін жерсерікті бірнеше ай немесе одан да көп уақыт бойы өзі пайдалануды жоспарлап отыр.

Вашингтондағы Ресей елшілігі түсініктеме беруден бас тартты. Ал Байден әкімшілігі Иранның қуатты зымыран флотын дамытуымен қатар спутник жасау әрекеттерін мұқият қадағалап отыр. Ақ үй де Ресейдің жерсерік ұшыру жоспарына немесе Мәскеудің сол аппаратты Украинадағы ұрыс даласын бақылауға пайдалану ниетіне қатысты әзірге мәлімдеме жасаған жоқ.

Ресейдің ирандық спутникті ғарышқа аттандыру жоспары Австрия астанасында Иранның 2015 жылғы ядролық келісімді сақтап қалуға соңғы әрекет жасалып жатқанда хабарланды. Байден әкімшілігі Ираннан 2018 жылы Трамп біржақты бас тартқан пәтуаның шарттарын орындауға қайта оралуды талап етіп отыр.

Алдағы ұшырылым – Мәскеу мен Тегеран арасындағы әскери және саяси ынтымақтастықтың артқанының соңғы көрсеткіші. Ғарыштық старт туралы мәлімдеме Ресей Президенті Владимир Путин Иранның рухани жетекшісі Аятолла Әли Хаменеймен кездесу үшін Теһранға барғаннан кейін екі аптадан соң жасалды.

Айта кетсек, сол сапарда Хаменей ел үкіметінің Мәскеумен "ұзақ мерзімдік ынтымақтастығын" жоғары бағалаған еді.

Өткен айда АҚШ өкілдері Ресейдің Украинадағы соғысына көмектесу үшін Иранның Мәскеуге бірінші сыныпты барлаушы-дрондар ұсынғанын анықтады. Айта кетсек, бүгінде РФ халықаралық санкциялар мен әскери технологияларға жарияланған бойкот салдарынан экономикалық күйзеліске душар болып отыр.

Ресей "Хайям" спутнигін Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағынан "Союз" зымыран тасығышымен ұшырмақ.

"Роскосмостың" мәлімдемесіне қарағанда, сейсенбі күнгі старт Иран Ислам Республикасының өтініші бойынша жүзеге асырылып, "орбитаға қашықтықтан зондтау (алдын-ала білу, барлау) қондырғысын шығаруды" көздейді.

"Вашингтон пост" өткен жылы хабарлағандай, Иранның Ислам революциясы Сақшылар корпусының өкілдерімен жасырын жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Ресеймен келісім жасалды. Оған сәйкес, Ресей Иран үшін әскери және азаматтық мақсаттарда бақылау жүргізуге арналған қашықтықтан зондтау спутнигін жасап, оны ұшыруы керек.

Батыстың күштік құрылымдарының мәліметінше, бұл ғарыштық құрылғы камерасының ажыратымдылығы – 1,2 метр. Әрине, АҚШ-тың тыңшылық спутниктерінен немесе өзге де жоғары деңгейлі коммерциялық аппараттардан алынған суреттермен салыстырғанда оның фотолары сапасыздау көрінуі мүмкін. Алайда кейбір мамандардың ойынша, осының өзі – Иранның қазіргі мүмкіндіктерінің айтарлықтай жақсарғанына дәлел.

Ирандық өкілдердің сөзінше, жаңа спутникке өзі таңдаған жерлерді, соның ішінде Израильдегі әскери нысандарды және Парсы шығанағы елдеріндегі мұнай өңдеу зауыттары мен басқа да маңызды инфрақұрылымдарды үздіксіз бақылауды "тапсыруға" болады.

Иранның әскери барлау спутнигін орбитаға өз күшімен шығару әрекеті қуанышпен аяқталмады. 2020 жылы Ислам Республикасы "Нур-1" деп аталатын жерсерікті ғарышқа проблемасыз ұшырғанымен, ғарыш кемесінде техникалық ақаулар анықталды және оны Пентагон "құбылмалы веб-камера" деп мазақ етті. Дегенмен маусым айында Иран болашақ спутниктерді орбитаға шығаруға арналған "Зульджана" атты жаңа зымыранның екінші рет сәтті ұшырылғанын хабарлады.

Иранның жетілдірілген жерсерік жасау перспективасы көрші елдерде және қарсылас мемлекеттерде, сондай-ақ АҚШ әскерилері мен барлау қызметкерлері арасында алаңдаушылықты күшейтті.

Сарапшылардың пікірінше, Тегеран әскери бақылауды өз мақсаттары үшін жүргізіп қана қоймай, енді ғарыштан түсірілген суреттерді аймақтағы ираншыл қарулы топтармен бөлісуі мүмкін. Олардың қатарында Йеменде Сауд Арабиясына сүйенген үкімет күштерімен соғысып жатқан хусит көтерілісшілері, Ливанның оңтүстігіндегі "Хезболла" жауынгерлері және Ирак пен Сириядағы шиит жасақтары бар. Ираншыл содырлардың Ирактағы америкалық әскерилер мен әскери жаттықтырушылар орналасқан базаларға жасалған зымырандық және дрондық шабуылдармен де байланысы болуы мүмкін.

Иран ұзақ жылдар бойы АҚШ пен Израильдің анықтығы жоғары спутниктік камераларының үздіксіз бақылауында болды.

"Бұл – АҚШ пен Таяу Шығыстағы және шетелдегі одақтастарымыз үшін нағыз қауіп. Иран өзінің зымырандық арсеналын (қысқа, орташа және алыс қашықтыққа арналған ракеталарын) Таяу Шығыстағы дамып келе жатқан ұшқышсыз аппараттарымен, спутниктік мүмкіндіктерімен және бақылаумен синхрондай білсе, бұның бәрі ирандық қауіп-қатерді арттыра түседі", – дейді Трамп әкімшілігінің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде Иран бойынша жетекші сарапшы болған және АҚШ-тағы Демократияны қорғау қорының аға кеңесшісі Ричард Голдберг "Вашингтон пост" газетіне берген сұқбатында.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу