Өзбекстан мұнайды Қазақстаннан қымбатқа алғанша, Ресейден арзанға алғанды жөн санайды

11462

2024 жылы Ресей Қазақстан арқылы Өзбекстанға жеткізетін мұнайының көлемін 3,2 есеге арттыратын болды.

Өзбекстан мұнайды Қазақстаннан қымбатқа алғанша, Ресейден арзанға алғанды жөн санайды Фото: inbusiness.kz

Бұрын өзбек ағайындар тек іргедегі қазақтың қара алтынын тұтынатын. Тиісінше, Өзбекстанға мұнай жеткізу жөнінен Қазақстан ең мықтысы саналатын.

Ресей алты жыл бұрын өзбек нарығына экспансиясын бастады. 2017 жылы Қазақстан Үкіметі солтүстік көршінің өз мұнайын "ҚазТрансОйлға" қарасты Омбы-Павлодар-Шымкент магистральдық құбыры маршрутымен транзиттік тасымалдауына рұқсат беріп қойды. Шымқалада, Шағыр мұнай құю эстакадасында Ресей қара алтыны теміржол цистерналарына толтырылып, әрі қарай Өзбекстанға теміржолмен әкетілетін.

Нәтижесінде, транзит көлемі 2017 жылы 67,9 мың, ал 2018 жылы – 36 мың тоннаны құрады. Дегенмен, содан соң экономикасы әлсіз Өзбекстанның шағындау әрі арзанқол нарығы Ресейге қызықсыз болып қалды. Сөйтіп, 2019-2022 жылы Ресей Қазақстан арқылы өзбек республикасына мұнай транзитін жүзеге асырмады.

Бірақ Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс бәрін өзгертті. Батыстың санкциясына іліккен Ресей ауқатты Еуропаның "майшелпек" нарығынан айрылды. Салдарынан, мемлекеттік алпауытты айтпағанда, ресейлік біраз жекеменшік мұнай өндіруші компания күйзелуде.

Қытай жалғыз жеткізушіге тәуелді болып қалмау үшін ресейлік мұнайды алуын қысқартуға, жеткізілімдерді өзге елдер есебінен әртараптандыруға кірісті.

Үндістанға бағдарлану өзін ақтамады. Нью-Дели орыс мұнайы үшін шетелдік валютамен емес, рупиймен есептеседі, ал үндінің ұлттық валютасын үлкен көлемде шетелге шығаруға тыйым салынған.  Салдарынан, Ресейдің Үндістанға қара алтын сатудан тапқан табысы сол бойы үнді банктерінде жатыр. Үнді жағы Мәскеуге ол миллиардтарды жергілікті кәсіпорындарға инвестициялауды немесе оған үнді тауарларын сатып алуды ұсынды. Келіссөздер жалғасуда.

Мәскеу осы кезде Өзбекстанды қайта есіне алды. Солтүстік көршінің оңтүстік көршімізге мұнай тасымалы биыл қайта жанданды. Оның үстіне қуатты қарқынмен артуда. Салдарынан, сарапшылар Қазақстанның Өзбекстан нарығын жоғалта бастағанына назар аудартып, дабыл қақты.

Бұл мәселенің саяси астары болғандықтан, Қазақстанның Энергетика министрлігі бұл байламды жоққа шығаруға асықты, қоғамды тыныштандыруға тырысты.

Ведомствоның түсіндіруінше, Қазақстан әлі де болса, Өзбекстанға көбірек мұнай арттыра алады, бірақ ол үшін "бұл республикамен көмірсутек жеткізілімдерінің шарттарын жақсарту туралы келісімге келуіміз керек". Қарапайым сөзбен айтқанда, өзбек ағайындар арзан алғысы келеді, қазақтар қара алтынын қымбатырақ өткізуді қалайды.

Ал Ресей мұнайының құны өзбектерге ұнайды, Өзбекстан ұсынатын баға орыстарды қанағаттандырады. Өйткені Brent эталонды маркасына жататын қазақтың тазалау мұнайы халықаралық нарықта қымбат бағаланады. Бүгінде бір ғана бөшкесі (баррелі) 82 доллардан сатылуда. Негізінен Urals сортына жататын ресейлік мұнайдың әр бөшкесі жаһандық қара базарда 62 доллар және одан арзан тұрады.

"Бірқатар ақпарат құралдары ресейлік мұнай Өзбекстан нарығынан қазақстандық мұнайды ысырып шығаруда деген мәліметті таратты. Мұның шындық емес екенін айтпақпын. Былтыр Қазақстан Өзбекстанға 87 мың тоннадай мұнай жөнелтті. Егер жеткізілім шарттарын жақсарту туралы мәмілеге келе алсақ, жеткізілім көлемі де артады", – деді таяуда Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов.

Оның айтуынша, өзбек көрші жақсы, тиімді, тартымды шарттармен сатып ала бастаса, онда Қазақстан басқа экспорттық бағдарларға тиейтін мұнай көлемін қысқартып, оларды оңтүстік көршіге тез бағыттай қояды.

Себебі, Ресей арқылы өтетін маршруттардың тағдыры "әрлі-берлі" тербеліп тұр. Мәскеудің Киевпен соғысының немен тынары беймәлім, ушығуы мүмкін. Ал Ресейге балама болатын Каспий бағыты теңіздің қатты таяздануы салдарынан өз әлеуетін біршама құлдыратып алды.

Ендеше іргедегі Өзбекстан қазақстандық мұнайды жоғарылау бағаға сатып ала бастаса, оған құрлықпен тасып, қара алтынға қарық қыла алады. Бірақ Үкіметтің бұл арманы сағымдай жоқ болғалы тұр.

Айтпақшы, алаңдаған сарапшылардың тоқтамын жоққа шығарған Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов ведомствосының "мықты" бір дәйектемесін алға тартып еді.

"Мынаны айтқым келеді. Ресейлік мұнай біздің территориямыз арқылы шынында да Өзбекстанға жеткізілуде. Алайда Ресей мұнайының көлемі қазақстандық өндірушілердің Өзбекстанға жөнелткен көлемінен (2022 жылы 87 мың тонна) әлдеқайда кем", – деді Энергетика министрінің орынбасары.

Міне, көп өтпей-ақ бұл дәлелден сау-тамтық қалмады. Өзбекстан Қазақстаннан биылғы жыл басынан бері небәрі 46 мың тонна ғана мұнай сатып алды. Ал 2023 жылғы қаңтар-қазан аралығында Өзбекстан Ресейден 104 мың тонна мұнай алғызды. Бұл өзбек нарығында қазақстандық қара алтынның қалмай бара жатқаны туралы сарапшылардың тезисін растайды.

Бұған қоса, енді "ҚазТрансОйл" "келесі 2024 жылы Ресей мұнайының Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға транзитінің көлемі 500 мың тоннаға дейін ұлғаятынын" мәлімдеп отыр. Бұл туралы "ҚазТрансОйл" АҚ тасымалдау департаментінің директоры Абай Бейсембаев Қазақстан қор биржасы ұйымдастырған "Эмитент күнінде" хабарлады.

"Өзбекстандық Sanoat Energetika guruhi" компаниясы "ҚазТрансОйл" АҚ-ына 500 мың тонна Ресей мұнайын транзитпен өткізуді сұрап, тиісті өтінім берді. Бұл ретте 2024 жылы Өзбекстанға жеткізілетін мұнай көлемі 1 миллион тоннаға дейін ұлғайтылуы мүмкін", – деп жариялады Абай Бейсембаев.

Қазақстанның магистральдық мұнай құбыры ұлттық операторының хабарлауынша, "ҚазТрансОйлдың" магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы Өзбекстанға ресейлік мұнай транзитінің жалпы көлемі 2023 жылдың қорытындысында 154 мың тоннаға жетеді деп күтілуде. Бұл ретте 2023 жылдың қаңтар-қазан айларында "ҚазТрансОйл" Өзбекстанға 104 мың тонна ресейлік мұнайды жеткізіпті.

Экономист Марат Ерғозин мұның бәрі екіжақты ғана емес, көпжақты, әрі жоғары деңгейдегі келіссөздер аясында шешілгеніне сенімді. Бұл бір жағынан, қазақ-өзбек келіссөздерінің жарға жығылғанын, не тұйыққа тірелгенін көрсетсе керек. Ташкент Астанаға қолайлы шарттарды сол бойы ұсынбады.

Екінші жағынан, мұның артында айырбас жатуы мүмкін. Қазақстан Ресейден босаған еуропалық нарықты игереді, оның орнына орталықазиялық нарықта ығысып, Ресейге орын береді. Әрине, Қазақстан орта жолдан ресейлік мұнай транзитін тоқтатып тастай алар еді, бірақ Кремльді кіжіндірмеу үшін оған бармайды.

Әйтсе де, мұның Қазақстанға пайдасы да бар. "ҚазТрансОйл" 2023 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасылатын орыс мұнайына тарифті қымбаттатты. Әрбір тоннасы үшін 25,12 доллардан 27,9 долларға дейін арттырды (қосылған құн салығынсыз). Яғни, алдағы жылы Ресей 500 мың тонна мұнайын Өзбекстанға өткізсе, сол үшін Қазақстанға 14 миллион доллардай транзит ақысын аударуға тиіс.

Сонымен бірге Ресей өз территориясы мен құбырлары арқылы Германияға жеткізілетін қазақ мұнайының көлемін арттыруға келісті.

Абай Бейсембаевтың айтуынша, "ҚазТрансОйл" АҚ қараша айында Германияға қазақстандық мұнайды жеткізуді 54%-ға арттырады.

"Германияға "Адамова застава" мұнай тапсыру пунктінің бағыты бойынша ресейлік "Транснефть" ЖАҚ-ының магистральдық мұнай құбырлары жүйесі бойынша қазақстандық мұнайды тасымалдау көлемі жоспарланған 100 мың тоннадан 154 мың тоннаға дейін ұлғаяды", – деді "ҚазТрансОйл" АҚ тасымалдау департаментінің директоры.

Қазіргі кезде Қара теңізде дауыл өршіп тұр. Тіпті Ресей Қара теңіз флоты тұңғиыққа батып кетпеуі үшін барлық дерлік әскери кемелерін Қырымнан алып кетті. Қырым автономиясының жағалаудағы шаһарларын, Ресейдің қалаларын су басып, адамдар шығын болды. Қаншама аудандар сусыз, жарықсыз қалған.

Қазақстан Үкіметі айдындағы бұл ахуал мұнай тасымалына кері әсер етпейді деп сенеді. Алып құбырлармен жеткен мұнай терминалдардың алып қоймаларына құйылып, сақталады. Содан метеоахуал жақсарғанда, танкерлерге тиеледі.

"Қара теңіздегі күрделі метеорологиялық жағдайларға қарамастан, "ҚазТрансОйл" жүк жөнелтушілер алдындағы өз міндеттемелерін толық орындауда. Ресейлік серіктесіміз "Транснефть" тарапынан бүгінде ешқандай шектеу жоқ. Алайда "Каспий Құбыр Консорциумы" жүйесінде мұнай тасымалдауда шектеулер қойылды. Соған байланысты бірқатар мұнай жөнелтушілер онысын біздің жүйеміз арқылы тасымалдағысы келетінін білдіріп, "ҚазТрансОйлға" жүгінді. Осыған орай Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. мұнайы қосымша тасымалдау үшін "Транснефтьпен" жедел жұмыс жүргіздік. Қараша айында Германияға 100 мың тонна жеткізу жоспарланған еді. Енді "Транснефттің" магистральдық мұнай құбырлары жүйесі бойынша Германияға "Адамова застава" мұнай тапсыру пунктінің бағыты бойынша қазақстандық мұнайды тасымалдау көлемі 154 мың тоннаға жететін болады", – деп түсіндірді А.Бейсембаев.

"ҚазТрансОйл" тасымалдайтын қосымша 55 мың тонна мұнайдың 23 мыңы – Қарашығанақ, ал 32 мың тоннасы Қашаған кен орнында өндірілген мұнай екен. Ол мұнай әзірше қоймаларда сақтаулы тұр. Германияға алдағы айда жолданады.

"Желтоқсан айында Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. мұнайының жоспардан тыс қабылданған көлемі "Адамова застава" мұнай тапсыру пунктінің бағытына, ал Қашаған кен орнының мұнайы – Новороссийскідегі Шешхарис ауыстырып тиеу кешенінің бағытына жөнелтіледі", – деп нақтылады Абай Бейсембаев.

"ҚазТрансОйл" Ресей аумағы арқылы 2023 жылы 1,2 млн тонна қазақстандық мұнайды тасымалдауға ниетті. Бұған техникалық мүмкіндіктері бар. Бірақ мұнайды тасымалдаудың нақты көлемі – не аз, не артығымен болатыны мұнай компанияларының өтінімдеріне байланысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу