Ресей космонавтикасы күйреуге таяды, қазақстандық ше?

4153

Кезінде ғарыштық держава болған көрші енді ғарыш станциясындағы ғарышкерлерін шұғыл эвакуациялауға әзірленуге мәжбүр. 

Ресей космонавтикасы күйреуге таяды, қазақстандық ше? Фото: azattyq-ruhy.kz

Зақымданған ғарыш кемесінің экипажын Жерге қайтару үшін Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) "Союз МС-23" пилотсыз кемесі ұшып барды. Бұл туралы "Роскосмос" жария етті. "Союз МС-23" бұған дейін, 2022 жылғы желтоқсанда метеороид тиіп, тесіліп қалған "Союз МС-22"-ні алмастырды.

"Осы "Союз МС-23" 2023 жылдың қыркүйегінде Роскосмос ғарышкерлері Сергей Прокопьевтен, Дмитрий Петелиннен және NASA астронавты Франциско Рубиодан құралған экипаждың Жерге штаттық оралуын қамтамасыз етуге тиіс. Ал шұғыл жағдай бола қалса, ол экипажды Жерге жедел қайтарады", – деп ашық мәлім етті Роскосмос. Яғни, шұғыл эвакуациялауға да даярлық жұмыстары жүргізіліп жатқаны байқалады.

Аталған пилотсыз ғарыш кемесі ХҒС-қа ресейлік ұзақ мерзімді 68-шы экипаж үшін 429 келі жүк жеткізді. Оның арасында дәретханалық заттар, станцияны тазалауға және атмосфераның тазалығын бақылауға арналған құралдар, медициналық және зерттеу мақсатындағы бұйымдар, газ құрамын қамтамасыз ету, сумен жабдықтау құралдары бар. Бұдан бөлек, "Взаимодействие-2", "Матрешка-Р", "Кардиовектор", "МСК-2", "Каскад", "Фаген", "Пробиовит" деген бүркеншік атаулары бар түрлі ғылыми сынақтар жүргізуге қажетті жабдықтар апарылды.

Ресейлік сарапшылардың бағалауынша, АҚШ, Канада, Жапония, Еуропа, Бразилия, Ұлыбритания сияқты 15 елдің біріккен жобасы саналатын Халықаралық ғарыш станциясының ресейлік сегменті "шұрық тесік астауды" (разбитое корыто) елестетеді.

"Союз МС-23" жүгі арасында тазалау құралдарының көп болуы бекер емес екен. Себебі, ХҒС-ның ресейлік сегментінде дәретхана жиі сынып қала береді. Бұл туралы ресейлік ақпарат құралдары жазды. Interfax.ru мәліметінше, Ұшуды басқару орталығымен (ЦУП) келіссөздер кезінде, РФ ғарышкерлері ассенизациялық-санитарлық құрылғы қайта-қайта істен шыға беретініне шағымданған. Олар жағдайды "өте жаман" (очень плохая ситуация) деп бағалапты. Экипаж өз күшімен ақауды таба алмаған. ХҒС ішінде 2 дәретхана бар, екіншісі америкалық сегментте орналасқан. Жерде жау болғанымен, екі елдің азаматтары ғарышта бір біріне қолғабыс етеді, содан ресейлік ғарышкерлер көршілерінің әжетханасына "жүгіреді".

Оның үстіне дамыған елдер онысын да жаңартып үлгерді: 2020 жылдың қазан айында америкалық Cygnus жүк кемесі 23 млн доллар тұратын модификацияланған дәретхананы жеткізіп, орнатты. АҚШ ол бұйымын сынақтан өткізуде: егер ұзаққа шыдаса, әрі ыңғайлы болса, онда бұл дәретхана моделі Айға және Марсқа ұшатын кемелерге қойылады.

Ал дәл осы кезде, 2020 жылғы 20 тамызда Роскосмос Халықаралық ғарыш станциясының ресейлік сегментінде жырық пайда болып, содан түпсіз ғарышқа ауа ағып кете бастағанын мойындады. Ал 15 қазанда ресейлік ғарышкерлер "оттегіні сыртқа сорған тесікті поролонмен және скотчпен жауып қойғандарын" жарияланды. Мұны сол кезде ХҒС-та болған ресейлік ғарышкер Иван Вагнер растап, суретке түсіріп, Жерге жіберген. Ол ауаның сыртқа қай жерден ағып кетіп жатқанын анықтауға "таза ресейлік ноу-хау" қолданылғанын мақтана жеткізді.

"Қарапайым шай пакетигін жарып тастадық та, сол арқылы ауаның ағып кетіп жатқан жырығын таптық. Фотосуреттен шай түйіршіктері тесікшенің айналасында жинақталып қалғанын көруге болады", – деді Иван Вагнер жоғары технологиялы заманда мұның тіпті ұят екенін сезбей.

Бұған жауап ретінде РФ Ұшуды басқару орталығы мамандары тесікті шамамен 5 миллиметр поролонмен және скотчпен жапсырып, ауаның сыртқа ағуын тоқтатуға кеңес берді.

"Поролонның міндеті көпіршік тудырып, тосқауыл қою болады", – деді трансляция кезінде ЦУП маманы, мұның да масқара екеніне еш қымсынбастан.

Содан кейін де ХҒС-ның РФ сегментінен ауаның шығып кете беруі тіркелген. Салдарынан, Роскосмос баспасөз қызметі хабарлағандай, экипаж "Звезда" модулінде уақытша оқшауланып, қамалуға мәжбүр болған. РФ ғарышкерлері станцияның ресейлік сегментінегі қос модульге және оған тіркелген "Прогресс" жүк кемесіне тексеру жүргізгенімен, бұл жолы ауаның ағып кетіп жатқан жерін таба алмады. Роскосмостың сол кездегі басшысы Дмитрий Рогозин ол тесікті "мардымсыз" (незначительна) деп атап, оған енді мән бермейтіндерін білдірді.

Орбитадағы ресейлік модульдер болса, ары қарай қаусап бара жатқанға ұқсайды. 2022 жылғы 15 желтоқсанда ресейлік сегментке тіркелген "Союз МС-22" кемесінің жылу режимін қамтамасыз ету жүйесі қысымын жоғалта бастады (разгерметизация). Бұған қоса, ғарыш станциясының сыртқы камералары ресейлік кемеден сыртқа салқындатқыш сұйықтықтың тоқтаусыз ағып жатқанын паш еткен. "Союздағы" ауа температурасы рекордтық 30 градусқа дейін қызды. Алайда Роскосмос мұны "экипажға қатер төндірмейді" деп танып, оны эвакуациялаудан бас тартты. Оның ғарышкерлері америкалық сегментті паналауға мәжбүр болған. 18 желтоқсанда РФ мемкорпорациясы бұғаттау арқасында кемедегі температура шекті мөлшерге төмендегенін мәлім етті. Роскосмос байламынша, апатқа ұсақ метеороидтың соқтығысып, орнында 1 миллиметрге жетпейтін тесік қалдыруы себепкер. 

Бұл аз болғандай, артынша 2023 жылғы 11 ақпанда енді станцияға тіркелген "Прогресс МС-21" жүк кемесінде разгерметизация басталған. Роскосмос оған да аспан денелерін "айыптай" салды. Ғарыштық жүк көлігінің термореттеу жүйесінде, радиаторында 12 миллиметрлік жырық пайда болыпты. Дегенмен, мамандар ғарыш тастарының кінәлі екеніне күмәнданған. Содан салаға жауапты "Энергия" компаниясы зауыттық ақау нұсқасын тексеру үшін "соңғы 15 жылдағы термореттеу жүйесіне қатысты сын-ескертпелер тарихын талдап шығып", ақауды растай алмады. Енді ешкім де оны тексере алмауы мүмкін: биылғы 19 ақпанда Мәскеу "Прогресс МС-21" қақыраған кемесін пилотсыз режимде жерге қайтарып, шұғыл түрде мұхитқа батырып жіберді.

РФ космонавтикасының бұдан басқа проблемалары толып жатыр. Былтырғы 25 қарашада ресейлік ғарышкерлердің ашық ғарышқа шығу жұмыстары доғарылды. Ресейлік скафандрда салқындату жүйесінің сорғылары істен шыққан. Араға үзіліс салып, 2022 жылғы желтоқсан айының басында ғарышкерлер Сергей Прокопьев пен Дмитрий Петелин жүктелген тапсырмаларды орындау үшін сыртқа беттейді, кенет "Союз МС-22" кемесінің диагностика жүйесі безілдеп қоя берген. Салдарынан, РФ ғарышкерлері ұзақ уақыттан бері ашық ғарышқа шыға алар емес. Оқиғаның себептерін анықтау үшін құрылған комиссия қорытынды шешімге келе алмапты.

Биылғы жыл басталғалы Ресей "Байқоңыр" ғарыш айлағынан 3 рет зымырантасығыш ұшырды. Атап айтсақ, 2023 жылғы 5 ақпанда "Протон-М/ДМ-03" зымырантасығышын аспанға аттандырды. 9 ақпанда "Союз-2.1а" зымыраны "Прогресс МС-22" кемесін ғарышқа шығарды. Ал 24 ақпанда "Союз-2.1а" зымырантасығышы "Союз МС-23" кемесін ғарыш станциясына жеткізді.

Наурызда 2 рет: "Протон-М" мен "Союз-2.1б" зымырантасығыштарын Байқоңырдан ұшыруды жоспарлап отыр. Ал биылғы жылы РФ қазақстандық ғарыш айлағынан наурыздағысын қоса алғанда, жалпы саны тағы 6 рет зымырантасығыш ұшыруды жоспарлап қойды. Бұл – кезекті тарихи антирекорд саналады. Бірақ іс жүзінде зымырантасығыштардың табысты ұшырылымдарының саны бұдан да аз болуы ғажап емес.

Былтыр Байқоңырда тек жетеу ғана ұшыра алды. Салыстырсақ, РФ 1990 жылы Байқоңырдан бір жылда 79 зымырантасығыш ұшырған. Содан бері тоқтаусыз азайып келеді. Мүлдем доғаруы да ықтимал.

Қазақстан тарапы Ресейдің "Байқоңырдан" кетуіне ақырындап дайындалып жатыр.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі таяуда "Пилотсыз ғарыш аппараттарын ұшыру үшін орта сыныптағы ғарыштық мақсаттағы жаңа буын зымыранының базасында "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешенін құру" бағдарламасына бюджеттен қанша қаржы бағытталатынын жариялады.

Қазақстан көнере бастаған Байқоңыр космодромын ауыстыру үшін оның жанындағы старт алаңдардың бірінде жаңа айлақ жасақтауда. Оған бұрынғы билік "Бәйтерек" деген атау берді. Алайда кейбір деректер бойынша РФ Украинаға кең ауқымды соғыс бастағалы, бұл бірлескен жоба да тоқырапты.

Цифрлық даму министрлігі "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін пилотсыз басқарылатын ғарыш аппараттарын ұшыруға арналған жаңа буындағы орта сыныпты ғарыштық мақсаттағы зымыран негізінде қайта құруды ұсынды.

"Шығындар ұшқышсыз ғарыштық бағдарламаларды орындау мақсатында жаңа буындағы, орта класты ғарыштық зымырандарды ұшыратын қолданыстағы "Зенит–М" ғарыштық зымыран кешенін жаңғыртуға бағытталған. Жобаны іске асыру Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізіне айналады. Бұл "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құруды аяқтауға мүмкіндік береді және аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға және қолдауға ықпал етеді", – деген түсініктеме берді министрлік.

Жалпы, ұзақ жыл сөз болған "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешені 2022 жылы – 28,9% ғана дайын болыпты. 2023 жылы – 100% аяқтау жоспарланған. Бірақ мерзім тағы шегерілуі мүмкін.

Қалай болғанда, жаңа ғарыш айлағын іске қосып, одан ұшқышсыз ұшатын ғарыш кемелерін көк сеңгіріне жолдай бастау үшін былтыр 14 млрд 127,9 млн теңге бөлініпті. Биыл 14 млрд 360 млн, ал келесі 2024 жылы 46 млрд 686 млн теңге бөлу жоспарланған. Демек, басты жұмыстар алдағы жылға сырғитын болса керек. Сол 2024 жылы "Сынықтан өткен "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешені қолданысқа беріледі" деп белгіленді. Одан алғашқы пилотсыз ғарыш кемесін ұшыру  2023-2024 жылдарға жоспарланған.

Мұсылман елдегі Бәйтерек жаңа космодромына бай араб елдері қызығушылық танытып отыр. Біріккен араб әмірліктерімен уағдаластық бар. Бірақ жаңа зымыран-ғарыш кешені жобасын жүзеге асырудың жаңа шарттары пысықталып жатқан көрінеді.

Егер жоспар бұзылмай, "Бәйтерек" кешені салтанатты түрде биыл ашылса, бұл қазақ ғарыш саласының тарихи биік белесі болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу